“Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы, атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы, әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз. Бұл демографиялық ахуалға оң әсерін тигізуде”.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде осылай деген болатын. Ғибратқа толы дана сөздерді оқысаң, жаныңа жігер бергендей болады. Қашанда халқының жағдайын ойлаған Елбасымыз отбасының маңыздылығын, ата-ананың қоғамдағы алар орнын ерекше көрсеткен.
Ынтымағы мығым, тату отбасылар үлгісін кеңінен насихаттау үшін “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауын ұйымдастыруды да Елбасы ұсынып, жүйеге енгізді. Осындай игі шаралар отбасы институтын нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін зор үлес қосады. Жарасымды жұптарға қарап, жастарымыз ой да, бой да түзейді. Түсіне білген адам үшін бұл тәрбие құралы екені сөзсіз.
Ұл-қыздарына қазақы тәрбие беріп, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған жандардың бірі – Имантау ауылының тұрғыны Бүркітбай Жүсіпов. Отбасының алтын діңгегіне айналған Бүркітбай ақсақал – дінімізді, ділімізді насихаттап, имандылық жолында жүрген қарт адам. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, айналасына нұр сеуіп, қалың көптің сый-құрметіне бөленіп жүрген ақсақалдың екі рет қажылыққа баруына Имантау ауылының тұрғындары демеуші болған. Идрис Кузахметовке, Руслан Богатырев пен Ермек Әмірхановқа ақсақалдың айтар алғысы шексіз. Жігіттердің көпке үлгі болар осындай игі бастамалары, мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.
Отбасына қамқоршы, балаларына ақылшы бола білген Бүркітбай ата – 55 жыл бойы қолынан келген жұмысты жауапкершілікпен атқарып, туған ауылының көркеюіне өзіндік үлес қосқан абзал азаматтардың бірі. Ордалы отбасының иесі Бүркітбай атаның Закия Қабдоллақызымен шаңырақ көтергеніне – 63 жыл. Отанасы Закия апамыз – 11 балаға өмір сыйлаған алтын құрсақты ана. Бүгінде мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге тартып, жапырақ жайған қос қария ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырған. Ұрпақ жалғасып, балаларынан 42 немере, 31 шөбере көріп отырған ата мен әжені бақытты жан деуге әбден болады.
Сексеннің сеңгіріне шыққан қазыналы қариялар қазақтың салтына сай кенже ұлдары Дәулет пен келіндері Айнагүлмен бір шаңырақ астында тұрады. Әкесінен өнеге алған Дәулет туған ауылында “Бүркіт” шаруа қожалығын басқарады. Зайыбы Айнагүл екеуі Алина, Меруерт, Нұргүл, Хазіретнұр, Нұрасар, Нұрдана есімді ұл-қыздарын жақсы азамат етіп тәрбиелеуді ата-аналық парызы санайды.
Келін-баласының үй ішін сәбилердің күміс күлкісіне бөлеп отырғанын қарт ата-ана бастарына берген бақпен теңейді.
– Балаларымыз өзара тіл табысып, немерелерімізді қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, оқытып жүр. Осының өзі бір мерей емес пе? Бізді сыйлап, құрметтейді. Барлық жағдайымызды жасап, қолдарынан келгенше қамқорлық көрсетеді, – деген кәрілер Тәңірдің берген осындай бақытына шүкіршілік айтады.
Бүркітбай атаның үлкен ұлы Мұхаметқали да Имантау ауылында тұрады. Ол да жеке кәсіпкер. Зайыбымен екеуі – 4 бала тәрбиелеп, қолдарынан келгенше жұмыс істеп, қатарынан қалмауға тырысып, заман талабына сай болуға ұмтылған жарасымды жұптардың бірі. “Абысын тату болса, ас көп” дегендей, бір шаңыраққа келін болып түскен екі Айнагүл де – ата-енесінің алдынан қия баспайтын қарапайым мінезді қазақ келіндері. Күнделікті күйбең өмірде үй шаруасымен қатар, бала тәрбиесін де уыстарынан шығармаған абысындар ұл-қыздарын мейірімге бөлеп, жүректеріне ақылмен жол таба білген енелерінен өнеге алып, жақсылықтың жібін жалғастырушы осындай алтын құрсақ аналардың қатары көбейе түссе, құба-құп.
Бүркітбай ата екі ұлының үйін өз қолымен салған. Бұл – ұлдарын еңбекке баулудың жолы және әкелік міндетті орындауды сөзбен ғана емес, іспен де көрсетудің бір дәлелі. Ата-ананың ақ тілегімен, шынайы ниетімен салынған үйлер бүгінде бала базарына айналған. Саламатты өмір салтын ұстанып, ұрпағының осылайша өсіп-өніп, көз алдында қанат жайып отырғанын көрудің өзі түсіне білген адам үшін бір ғанибет.
Айсұлу НҰРБАХТИНОВА,
Саумалкөл қазақ орта мектебінің кітапхана меңгерушісі.
Айыртау ауданы.