«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МӘҢГІЛІКТІҢ” БИШІЛЕРІ халықаралық конкурста топ жарды

Облыстық филармония жанындағы “Мәңгілік” би ансамблі “Жизнь в движении” атты 50-ші халықаралық конкурсында бірінші дәрежелі лауреат атағына ие болды. Онлайн режімде ұйымдастырылған байқауда ансамбль мүшелері “Сибирский сувенир” орыс биін орындап, өзге елдердің 43 ұжымының арасында топ жарды.

Құрылғанына үш жыл ғана болған шығармашылық ұжым осы уақыт ішінде көрермендердің зор ықыласына бөленіп келеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Михаил Лахтиннің айтуынша, би ұжымы байқауға бір ай көлемінде дайындалған. “Орыс билерінің ырғақты, эмоцияға толы болатынын білесіздер. Біз орындаған туынды адамдардың көңіл күйін көтеруге бағытталған. Сондықтан әр қимылымыз дәл, дұрыс орындалуы керек. Ансамбль мүшелері ізденістің арқасында нәтижеге қол жеткізіп отыр”, – дейді ол.
Конкурс кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен бақ сынаған 500-ден астам үміткер хореографияның классикалық, халық, эстрадалық және осызаманғы түрі бойынша өнер көрсетті. Жерлестеріміз ересектер тобында би билеп, желі пайдаланушыларының да оң бағасына ие болды. “Мәңгілік” би ансамблінің мүшесі Кристина Гурьянова сахнада тұрып, би билегеннен гөрі онлайн режімде өнер көрсету әлдеқайда қиын екенін айтады. Жүлдегер конкурстан алған әсерін былайша суреттеді: “Біз биді ұсынғаннан кейін көпшілік пікірлерін жарыса жазды. Олар “Керемет қойылым”, “Тамаша көрініс” деп, оң бағаларын беріп жатты. Мұндай мадақ сөздер бізді де шабыттандырып, еліміздің намысын халықаралық аренада абыроймен қорғауға итермелейді”.
Ансамбль бұған дейін де түрлі фестивальдарда топ жарған. Жас ұжым бұл жолы да кезекті би конкурсына дайындықтарын бастап кетті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp