«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МӘҢГІЛІК ЕЛ” ПОЙЫЗЫ — АҚҚАЙЫҢ АУДАНЫНДА

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай жолға шыққан “Мәңгілік Ел” пойызы кеше Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылының темір жол вокзалына аялдады. Меймандарды аудан тұрғындары, этномәдени қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қарсы алды. Вокзал басында өткен митингті ашқан аудан әкімі Дәурен Байтөлешов азаттықтың ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында тұрғындарға “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясын насихаттап, медициналық, әлеуметтік, құқықтық, басқа да қызмет түрлерін көрсетіп жүрген акция қатысушыларына жерлестерінің атынан ризашылығын білдірді. Ал штаб басшысы Әміржан Әлпейісов: “Мәңгілік Ел” пойызы Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Аққайың ауданына бекерден-бекер тоқтаған жоқ. Өйткені, бүгінгі күні ауданда 100-ден астам этностың өкілдері тату-тәтті, өзара түсінісіп өмір сүріп жатқаны өзгелерге үлгі бола алады, – деді.

Салтанатты шарадан кейін “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, білім және ғылым, денсаулық сақтау, басқа да министрліктердің, ведомствоаралық мекемелердің қызметкерлері аудандық мәслихаттың, орталық кітапхананың және халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында қоғамдық қабылдау жүргізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Солардың бірі – Аққайың ауданының қарт тұрғыны Ыбырай Құсайынов. Қария ауылдастарының қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүруі, алдымен егемендіктің жемісі екенін тебірене айтты. Ол зейнеткерлерге, жоқ-жітікке қамқорлық жасалып және еңбекқор азаматтарға көмек беріліп жатқаны үшін билік басындағыларға алғыс айтуға келіпті.

Ал Владимир Ковалеров – “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының қатысушысы. Аталмыш бағдарлама тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік беріп отырғанын сөз етті. Бұл күні 40-қа жуық аудан тұрғыны “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысу, қоғамда оралмандарды бейімдеу, зейнетақымен қамтамасыз ету, мүгедектік, асыраушысынан айрылған және жасы бойынша жәрдемақы алу, әлеуметтік төлемдер бойынша сұрақтарына министрлік өкілдерінен жауап алып қайтты.

Сондай-ақ, “ҚазАгроөнім” АҚ-ы аппарат басшысының атқарушы директоры Мұрат Ергешбаев және “Атамекен” ҰК палатасы аймақтық даму департаментінің сарапшысы Арнұр Дәрібаев жергілікті бизнес субъектілерінің өкілдеріне тиісті заңнамаларды түсіндірді.

“Мәңгілік Ел” пойызы” акциясы аясында келген 24 дәрігер аудандық емханада балалар мен ересектерді қабылдап, медициналық көмек көрсеткенін де айтып өткен жөн. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қабылдауға 600-ден астам тұрғын келіпті.

“Невролог, гематолог, ревматолог, онколог сынды медицина мамандары ауылдық жерде жетіспейді. Ұлы мейрам қарсаңында жолға шығып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына осылайша қол ұшын беріп жатқан “Мәңгілік Ел” пойызының мүшелеріне алғысымды білдіргім келеді”, – дейді жергілікті тұрғын Ғалия Сүйіндікова. Ол бірден асқазан және буын ауруларының дәрігерлеріне жазылып, тегін тексерістен өтті.

Ал түстен кейін “Мәңгілік Ел” пойызы” акциясы аясында өңірімізге ат басын тіреген Президент жанындағы “Қоғамдық келісім” республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері және этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен брифинг өтіп, онда Елбасының “Мәңгілік Ел” идеясының құндылығы сөз етілді.

Кейіннен меймандар жастардың ұйымдастыруымен өткен флешмобқа қатысып, “Менің елім – Мәңгілік Ел” кітап көрмесімен танысып, облыс өнерпаздарының дайындаған концертін тамашалады. “Мәңгілік Ел” пойызы бізден кейін Қостанай өңірін бетке алады.

 

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp