Есіл ауданының Бірлік ауылы – аталарымыздың жарық дүние есігін ашып, еңбек етіп, өсіп-өніп, ұрпақ тәрбиелеп, мәңгілік сапарға аттанған қасиетті мекені. Ардақты атамыз Қабдірашит пен аяулы әжеміз Қайнижамалдың ыстық құшағында ерекше мейірім мен сүйіспеншілікке бөленіп, алақандарының жылуы арқылы алған тәлім-тәрбиені бойымызға молынан дарытып өскен біз – бақытты ұрпақпыз.
Алғашқы немерелері болғандықтан шығар, біз ата-әжеміздің көзқуанышы едік, мойындарына асылып, арқаларына мініп, бауырларында жетілдік. Шексіз қамқорлықтары мен махаббаттарын «Көзіңнен айналайын, жарығым, құлыным, ботам» деп еміреніп- елжіреп отыратын ықыластарымен білдіріп, жылы-жұмсағын, тәтті-дәмдісін алдымызға тосып, асты-үстімізге түсіп бәйек болатын.
«Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен жауға аттанған боздақтардың қатарында атамыз Қабдірашит Құлыбеков пен Есіл ауданындағы Қарабұлақ ауылының тумасы, нағашы атамыз Бәшім Рамазанов та болған.
Атамыз Қабдірашит 1939 жылы әскер қатарына алынып, ел басына қауіп төнген 1941 жылы артиллерия полкінде байланысшы болып қызмет атқарады. Сол кезде жауынгерлердің майданнан жазған сағынышқа толы өлең-хаттары ел аузында жатқа айтылатын. Біздің атамыз да алғашқы хатын өлеңмен былайша өріпті:
Сағынып сәлем жаздым конверттеп-ақ,
Хатыма сағынышты салсаң құлақ.
Елімнен ұзап шығып келгенімде,
«Свободный» бізге болды аз күн тұрақ.
Июннің 24-і үйден шықтым,
Сөзім жастықпенен айтқан сөз ғой,
Қалды деп жетімдерді зарлап шықтым.
Ленинград қаласын жау құрсауынан босату кезіндегі сұрапыл шайқаста Қабдірашит атамыз ауыр жараланып, таң атқанша ұрыс даласында қалады. Кейін елге госпитальдан мынадай хат келеді:
Әкеліп госпитальға мені салды,
Осколканың жағымнан оғын алды.
Білмеймін не болғанын екі жақтың,
Сөйлеуге қызыл тілім солғын қалды.
Қарасам көзімді ашып әне-міне,
Жандар жатыр жаралы өңкей, міне.
Соғыс кезінде ауылда кәрі-құртаң, бала-шаға, әйелдер ғана қалды. Елдегі тіршіліктің бар ауыртпалығын солар көтерді. Әжеміз Қайнижамал Сұрағанқызы мен нағашы әжеміз Шарипа Нарғожақызы да жастайынан жұртпен бірге еңбекке ерте араласып, қиын кезде алыстағы тылда Ұлы Жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты.
…Басыма істік төбе бөрік кидім,
Жолына үкіметтің жанды қидым.
Егер де қарсы келген фашист болса,
Атуға мылтығымды құрып қойдым, – деген атамыз майдан даласында жүріп 48 өлең-хат жазған екен, өкінішке қарай, олардың көбі сақталмаған. Қабдірашит атамыз Беларусь және Балтық бойы майдандарына, Сталинград, Ленинград қорғаныстарына қатысып, Берлинге дейін жүріп өтті. «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Туған жерге 1946 жылдың шілде айында ғана оралған ол біраз жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Екі ұл, бір қызынан тоғыз немере-жиен, 19 шөбере, 3 шөпшек тараған.
Атамыз қолы қалт еткенде кітап, газет-журнал оқығанды ұнататын, бізді де оқуға баулыды. Ол кісі соғыс туралы көп айта бермейтін. «Сендер соғысты білмей-ақ қойыңдар, бақытты болыңдар, алтындарым» дейтін. Соғыс туралы түсірілген киноны көруге шақырсақ: «Ее, жай кино ғой» деп бөлмесіне қарай бұрылып кететін. Қазақтың әндерін шырқағанды жақсы көрді, әсіресе Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», орыс тіліндегі соғыс туралы «Прощай, любимый город!» әндерін жиі орындайтын.
Біздің тірегімізге айналған атамыз 1996 жылы өмірден озды. Майдангердің өлеңдерін жерлестері күні бүгінге дейін жатқа айтып жүр.
Жанар, Бикеш, Эльвира ҚҰЛЫБЕКОВАЛАР,
немерелері.