Облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы кірпіші 2011 жылдың қарашасында қаланған болатын. Аталмыш білім ошағы биылғы тамыз айында пайдалануға берілуге тиіс. Жұмыс қарқынын арттыру мақсатында оған “Қызылжар шебері” студенттік құрылыс отряды тартылды. Аталмыш нысанды белгіленген мерзімде іске қосу үшін, бұл жерде енді кәсіби құрылысшылардан бөлек жүзден астам студент тартылмақ.
Аталмыш нысанға ел қазынасынан бөлінген қаржы 3,5 миллиард теңге. Бас жоспар бойынша 720 орынға шақталған білім ошағында 68 оқу кабинеті мен 120 оқушыға арналған жатақхана, спорт залы, жазғы спорт алаңы болады.
– Бұл – Сіздер үшін маңызды сәт. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан мектептің құрылысының аяқталуына атсалысқалы тұрсыздар. Ертеңгі күні әрқайсыларыңыз білім ошағының пайдалануға берілуіне қосқан тамшыдай болсын үлестеріңіздің бар екендіктерін мақтанышпен еске алатындарыңызға сенім мол. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді жас құрылысшыларға сөз арнаған облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко.
Ардагер құрылысшылар студенттердің жұмыстарына сәттілік тілеп, заманауи білім ошағының өскелең ұрпақ үшін қаншалықты қажет екендіктерін атап көрсетті.
– Бұл – жақсы бастама. Құрылыстың қыр-сырын осы жерде жүріп, білікті мамандардан үйренетін болдық. Елбасы мектебінің құрылысына атсалысу – біз үшін үлкен мәртебе, – деді өз сөзінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Екатерина Шайхутдинова.
Бүгінгі күні құрылыс алаңында 250-ге жуық адам еңбек етуде. Қазіргі шақта негізгі жұмыстардың 70 пайызға жуығы еңсерілген.
Самат ЕСМАҒИ,
журналист.