«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАЗАРДА — ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ

Солтүстік өңірде соңғы уақытта құрылыс қарқын алды. Көптеген тың жобалар жүзеге асырылуда. Атқарылып жатқан игі істермен жақынырақ танысу мақсатында жергілікті блогерлердің қатысуымен пресс-тур ұйымдастырылды.

Пресс-тур қатысушылары алдымен алып құрылыс алаңына айналған “Жас өркен” шағынауданында болды. Қазіргі уақытта мұнда екі 18 қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Қала әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, бұған дейін бұл жерде прокуратура ғимараты тұрғызылуы тиіс болған. Алайда, жоспарға өзгеріс енгізілген. Құрылыс алаңы дайын, қажетті коммуникациялық желілер тартылатын болады. Мердігер компания жаңа жыл бастала жұмысқа кірісуді жоспарлауда. Бүгіндері “Жас өркен” шағынауданында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты салынып жатыр. Қала тұрғындары 500 орындық театрдың ашылуын асыға күтуде. Үшқабатты театр құрылысының аяқталуы үстіміздегі жылдың қазан айына жоспарланған болатын. Алайда, құрылыс жұмыстары ортасына жетпей тоқтап қалған.
Блогерлер ойқала көшелерін қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, Қызылжар ауданы Петерфельд ауылында сенімгерлік басқаруға берілген Қызылжар Абай мектебінде болды. Пресс-тур Грин-парк демалыс орнында аяқталды. Блогерлермен кездескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, сұрақтарына жауап берді.
– Театр құрылысы мердігердің кінәсынан кешігуде. Тендерге қатысушылар төмен баға көрсетеді. Кейін өз міндеттерін уақытында атқара алмай жатады. Бүгіндері бюджет қаражатын игере алмай отырған бірнеше серіктестік бар. Не мамандары, не арнайы техникалары жоқ. Алдағы уақытта тендерге қатысты жауапкершілікті күшейту керек деп санаймын. Міндеттемелерді орындамаған компанияның басшылығы жауапкершілікке тартылуы тиіс. Тек сонда ғана тендерге қатысушылар өз мүмкіндіктерін саралайтын болады, – деген Құмар Іргебайұлы театр құрылысы келер жылы аяқталатынын атап айтты.
Өңірде коммерциялық тұрғын үйлер салу да қарқынды жүргізілуде. 2018 жылы екі мыңға жуық пәтер салынса, былтыр 2,2 мың баспана пайдалануға берілген. Ал биыл оның саны үш мыңға жеткізілетін болады. Биыл 457 ескі үй сүрілген. Ал келесі жылдан бастап бұл жұмыстар ренновация бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Аулаларды абаттандыру шаралары да ойдағыдай атқарылуда. Үстіміздегі жылдың соңына дейін облыс орталығында 58 балалар ойын алаңын және 15 көше тренажерын орнату жоспарланған. Облыс әкімінің айтуынша, шаһардың орталығымен қатар шет аумақтарына да ерекше көңіл бөлінуде.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp