Агроөнеркәсіп кешені – ел экономикасының негізгі тірегі. Аграрлық бағытқа басымдық беретін өңіріміз ауыл шаруашылығы өнімдерімен республикада ғана емес, шетелдерде де белгілі. Бұл ретте диқандардың, малшылардың, механизаторлардың, басқа да ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Сондықтан жылда қол жеткізген жетістіктерді баяндап, әріптестерге алғыс айтып, оларды төл мерекемен құттықтау сәтін асыға күтеміз.
Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің астықты өңірі. Өткен он айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3 пайызға артып, 700,8 млрд. теңгені құрады. Оның 544 млрд. теңгесі – өсімдік, 153,9 млрд. теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Ал ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция 93,4 млрд. теңгеге жетті. Өңірдің түгел егіс алқабының ауданы 4,3 млн. гектарды құраса, бұл өткен жылға қарағанда 58,2 мың гектарға көп. Бүгінгі таңда жиын-терін жұмыстары толық аяқталды.
Маңдай терімен өсірген ырзығын шашпай-төкпей жинап алуға мүдделі диқандар үшін ауа райының жылы болғаны маңызды. Биылғы жыл әртүрлі метеорологиялық жағдайлармен ерекшеленді. Жазғы үш айда түскен жауын-шашын мөлшері 103 милиметрді құрады, бұл нормадан 32 пайызға кем. Алайда, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, біздің еңбекқор диқандар мол өнім жинай алды.
Несібесін жерден терген облыс диқандары қамбаға 4,5 млн. тонна бидай құйды. Әр гектардан орташа есеппен 15,1 центнерден өнім алды. Нәтижесінде биылғы орақтан астық қабылдау кәсіпорындары 1,2 млн. тонна ырыс дәнін қабылдады. Оның 908 мың тоннасы бидай, 176 мың тоннасы арпа, 111 мың тоннасы майлы дақылдар және 24 мың тоннасы басқа да дақылдар. Бұған мемлекеттік қолдаудың және агротехникалық шаралар кешенін уақытында жүргізудің арқасында қол жеткізілді.
Үстіміздегі жылы 4,3 млн. гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарының 494 мың тонна дәні себілді. Оның ішінде элиталық тұқым – 44 мың тоннаны, ал ерекше және суперэлиталық тұқым 4 мың тоннаны құрады. Өңірімізде минералды тыңайтқыштарды себу жұмысы да белсенді атқарылады. Бұл ретте облысымыз республикада көшбасшы болып табылады. Бүгінгі таңда егін берекелігін арттыру және топырақ құнарлылығын сақтау мақсатында өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 2,1 млн. гектар алқапқа 130 мың тонна тыңайтқыш сіңірді.
Жиын-теріннің уақытында аяқталуы үшін диқандардың қажетті техникалармен жабдықталуы ерекше рөл атқарады. Соңғы үш жылда ғана 89 млрд. теңгеге 4,7 мыңнан астам заманауи техника сатып алынды. Ал үстіміздегі жылдың басынан бері 1835 бірлік техника сатып алуға 47 млрд. теңге жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сан бойынша – 7 пайызға, қаражат жағынан 1,3 есе көп.
Малдың алдағы қыстан аман шығуы үшін 751,8 мың тонна шөп, 207,7 мың тонна пішендеме, 195,6 мың тонна сүрлем және 1,3 млн. тонна сабан дайындалды. Жыл басынан бері мал басының 3,5 пайыздан 5 пайызға өсуі байқалады. 84,6 мың тонна ет, 539,4 мың тонна сүт, 524,3 млн. жұмыртқа өндірілді.
Сүтті мал шаруашылығын ары қарай дамыту мақсатында жалпы 6 мың басқа арналған 10 заманауи тауарлы-сүт кешенін тұрғызу жұмысы жүргізілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 14 млрд. теңгеден астам инвестиция бағытталады. Нысандар толық қуатында жұмыс істесе, қосымша 30 мың тонна сүт өндірілетін болады.
Етті мал шаруашылығын дамыту үшін Қызылжар ауданында 1000 басқа арналған ет фермасының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 2 ірі мал бордақылау алаңы дайындалуда. Атап айтқанда, Ақжар ауданында “Береке-Ақжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 3 мың орындық, ал Уәлиханов ауданында “Жаке” шаруа қожалығы 10 мың орындық алаң дайындауда.
Кешендерде мал басын көбейту үшін биыл Ресей мен Еуропа елдерінен 1900-ден астам асылтұқымды жас түлік әкелінді. Тайынша ауданындағы “EMC-Агро” ЖШС-і кешендегі шошқа санын 100 мыңға дейін жеткізу үшін қосымша қоралар салынуда. Нәтижесінде аталмыш кешен жылына 10 мың тонна шошқа етін шығара алады. Сонымен қатар кемінде 250 жаңа жұмыс орны құрылады.
Облыста 80 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Өткен 10 айда олар 102,6 млрд. теңгенің өнімін өңдеді. Қазіргі таңда өңірдегі екі ірі сүт өңдеу кәсіпорнында қайта қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. “Масло-Дел” ЖШС-і кәсіпорынды сүт және қаймақ өндірісінің екі желісін іске қосу арқылы жаңғыртып жатыр. Жуырда тәулігіне 250 тонна ультрапастерленген сүт өндіретін желі іске қосылды. Жаңғырту жұмысының нәтижесінде бұл кәсіпорында жылына 119 мың тонна сүт өндірілетін болады. Жоба құны 4,8 млрд. теңгені құрады. Кәсіпорын қызметкерлері Швецияда жасалған “Tetra Pak” жабдығын пайдаланады. Ол ел түгіл шетелде сұранысқа ие жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Бұдан бөлек, Петропавлдағы “Евразия милк” ЖШС-інде инженерлік желілер мен өндірістік және қосалқы жабдықтар ауыстырылуда. Кәсіпорын қуаты бірінші кезеңде тәулігіне 70 тоннаға дейін сүт өңдеуге мүмкіндік береді. Жобаны толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған, инвестиция көлемі 9 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың мамыр айынан бері “ЕМС Аgро” ЖШС-нің ет өңдеу цехы жұмыс істеуде. Мұнда жылына 5 мың тонна ет өңделмек.
Кез келген саланың дамып-өркендеуі сол бағытта жұмыс істейтін адамдарға тікелей байланысты екені анық. Ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізген жетістіктеріміздің бәрі де – диқандар мен шаруалардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Сол себепті, қыр еңбеккерлері қандай құрметке де лайық.
Ерболат БЕКШЕНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы.