
– Тәуелсіз еліміздің ең басты жетістігі – тұрақтылық, бірлік және жасампаздық. Бүгінгі Қазақстан саяси және экономикалық-әлеуметтік жүйесі қуатты мемлекетке айналған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында” да ерекше айтылған. Тарихи құжатта еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен өткен жолдары көрініс тапқан. Осы ретте тәуелсіздіктің тұғырлы, татулығымыздың тұрақты болуы, ең алдымен, Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі екенін баса айтамыз, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов өткен ширек ғасырдағы өңіріміздің дамуы жайлы баяндады.
Өңiрде экономикалық, әлеуметтiк салалар бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Үстiмiздегi жылдың соңына дейін 170 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыру жоспарланған. Облыс аудандарында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жастарға арналған алты жатақхана мен бес жеке тұрғын үйдiң құрылысы жүргiзiлуде. Петропавл қаласында инфрақұрылым желілері салынып жатқан “Солнечный” шағынауданында биыл және келесi жылы 500-ден астам жер телiмi бөлiнбек. Халықты жұмыспен қамту саласында 15 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тапқан. 3 пен 6 жасқа дейiнгi балалардың 97 пайызы мектепке дейінгі білім берумен қамтылған.
Осындай оң нәтижелерді тілге тиек еткен “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Ерік Сұлтанов қатарластарына азаматтардың арыз-тілектеріне бейжай қарамауды тапсырды.
Жыл басынан бері азаматтардан 1989 өтініш келіп түссе, соның 39 пайызы оң шешімін тапқан. “Партиялық жобаларды жүзеге асыруда соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, жалғызбасты қарттардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың, көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың мәселелерін басты назарда ұстау керек”, – деді өңір басшысы.
Конференция барысында облыстық мәслихаттың депутаты, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов тәуелсіздік жылдары еліміз экономикалық қиындықтың қыспағында қалса да аграрлық секторға 45 млрд. теңге қаржы бағытталғанын атап өтті. “Осы орайда біз өндірісті әртараптандыруға баса назар аударуымыз қажет”, – деді Еркебұлан Мәмбетов.
Ал облыстық мәслихаттың депутаты, №4 орта мектептің директоры Ғафура Бөстекова үстіміздегі жылы “Нұр Отан” партиясы қабылдаған маңызды шешім – Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмаған және қажетті балды жинай алмаған жастардың әрі қарай білім алуына және жұмысқа орналасуына қолдау таныту шарасының қаншалықты жүзеге асып жатқандығына тоқталды. Біздің өңірімізде мұндай 1828 жас бар екен. Бүгінде олардың 89 пайызы жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жүрсе, 103 өрен жұмысқа орналастырылған.
Конференцияға қатысқан “Нұр Отан” партиясының саяси кеңесі бюросының мүшесi Анатолий Башмаков жерлестерін Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, декларация жайында пікірін білдірді.
– Тәуелсiздiк туралы қабылданған декларация – аса маңызды тарихи құжат. Бұл құжаттың алғашқы қадамы 1991 жылы 29 тамызда Президент Семей ядролық полигонын жабу туралы шешiмiн қабылдаған кезде жасалған еді. Себебі, бұл тәуелсiз ел екендігімізді айғақтаған шешім болды. Бүгін біз Қазақстан халқының тағдырына жауапкершілікпен қараған Елбасының тағдыршешті шешімінің нәтижесімен мақтана аламыз. Себебі, Қазақ елінің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады, – деді Анатолий Башмаков.
Конференция барысында партия филиалының ішкі жұмыстары бойынша бірқатар шешімдер қабылданғаннан кейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан азаматтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыс етілді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.