«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРОТАНДЫҚТАР ЖҰМЫСТАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Отырыстың басында партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтанов бір топ азаматтарды “Белсенді қызметі үшін” төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапаттады.

Осыдан кейін партияның саяси кеңесі бюросының мүшелері сайлауалды тұғырнаманың жүзеге асырылу барысын талқылады.  

“Ұлт саулығы” бағытының өңірлік жетекшісі Анатолий Рафальскийдің айтуынша, үстіміздегі жылы өңірімізде тартылған қаржы есебінен 100-ден астам хоккей корты, 200-ге жуық футбол және шағын футбол алаңдары салынған.

– Барлық ірі елді мекендерде хоккей корттары болуы керек. Футбол алаңдарын да көптеп салу қажет. Онда балалар ойнап, спортпен айналысады. Тіпті, ересек азаматтар да қызығушылық танытуда. Бизнес өкілдерінің бұл іске белсене араласқаны жөн, – деді Ерік Сұлтанов.

Ал “Ауылды дамыту және қолдау” бағытының жетекшісі Еркебұлан Мәмбетов үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 1129 мың теңгені құрағандығын жеткізді. Ауылдық елді мекендердің 55,5 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Тоқсан сайын “Қазақтелеком” акционерлік қоғамымен бірлесе байланыс және ақпараттандыру қызметі көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі екен.

“Әйелдерді қолдау” бағыты бойынша сөз алған Светлана Кашенцева бүгінгі таңда өңірімізде әйелдердің жұмыссыздығы азаймай отырғандығын тілге тиек етті. Қыз-келіншектердің жұмыссыздық деңгейі ауылдарға қарағанда қалалы жерде жоғары екендігін тілге тиек еткен Светлана Тимофеевна аудандарда өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған әйелдерге баса назар аудару керектігін айтты. Әсіресе, оларға кәсіптерін жария еткен кезде ғана мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігін түсіндірген жөн деген пікірін білдірді.

“Мемлекеттік басқару жүйесі” бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды баяндаған Сергей Тимофеевтің айтуынша, құрылысшылардың жұмысына инженерлік желілердің сапасы төмен жобалары кедергі келтіруде. Осы орайда туындаған мәселелерді тез арада шешу үшін жергілікті жобалаушыларға басымдық берілсе деген ой айтылды. Сондай-ақ, барлық инженерлік коммуникация иелері кадастр әзірлеп, оларды бір-біріне қосса деген ұсыныс та жеткізілді. Себебі, құрылысшылар құбырлар мен кабельдердің иелерін іздеумен көп уақыттарын жоғалтады екен. Отырыста құрылыс жүргізу уақытына қатысты да сын айтылды. Елімізде құрылыс жүргізу нормативі болғанымен, онда солтүстік өңірдің ерекшелігі ескерілмеген. Осы орайда тапсырыс беруші мемлекеттік сараптамамен және жобалаушылармен бірлесе отырып, қысқы уақыттағы жұмыстың әдісін ескерсе екен, деді.

Осындай мәселелер айтылған жиынды қорытындылаған “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтанов:

– Қиын кезеңге қарамастан, жүзеге асырылуы тиіс жоспарларымыз бар. Өңіріміз үстіміздегі жылды табысты аяқтап, барлық көрсеткіштер бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Облыс экономикасына тартылған инвестицияның үлесі өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға өсті. Осының арқасында 17 мыңдай жұмыс орнын аштық және сақтадық, – деді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp