Болашақ ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелейтін ұстаздың жауапкершілігі мол. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларына сабақ беру зор шыдамдылықты қажет етеді. Қазіргі білім саласындағы оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан-жақты білікті маман болу мүмкін емес. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, ең бастысы, жауапкершілікті талап ететін мамандықты таңдаған Айна Кәкімжанова – 15 жылға жуық Жамбыл ауданындағы Айтуар негізгі мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып, оқушыларды білім нәрімен сусындатып келе жатқан бірінші санатты ұстаз. Таңдап алған мамандығы бойынша тапжылмай еңбек етіп келе жатқан ол ешқашан басқа салаға ауысу туралы ойлаған емес.
Айна Кәрімқызы кіші жастағы оқушылардың білімін арттыру мақсатында балаларды мәнді, мағыналы, сапалы, қызықты сабақтарымен баурап алады. Жаңа талап бойынша сабақ беретін ұстаз оқушылардың психологиясына терең бойлап, дұрыс қарым-қатынас жасауға бағыттайды. Айна Кәрімқызы бұйрық бермеу – басқару, тыйым салмау – бағыттау, бағындырмау – бірігіп орындау, зордың күшімен істетпеу – ұғындыру, шектемеу – таңдауға мүмкіндік беру деген ұстаныммен жұмыс істейді.
Мұғалім осы жылдар ішінде өз білімін үнемі жетілдіруде. Ол сабақ жоспарын өзі үшін емес, әр оқушының қабілетіне лайықтап құрады. Оқушыларын адамның рухани жан дүниесін түсінуге, адамгершілікке, мейірімділікке, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Әр сабақтың соңында оқушыларымен кері байланыс орнатып, олардың пікірімен санасып отырады.
Ұстаз көп еңбектенеді, оның нәтижесін оқушыларынан, ісінен, жауапкершілігінен көреміз. Оқушылары 2013-2014 оқу жылында аудан көлемінде бастауыш сыныптар арасында математика пәні бойынша олимпиададан жүлделі орынға ие болды. Ол білім беріп жүрген 4-сынып оқушылары үстіміздегі оқу жылында қазақ тілі, математика пәндерінен өткен мемлекеттік аттестаттауда 100 пайыз білім деңгейін көрсетті.
Бүгінгі кемел білім – еліміздің көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуына жасалып отырған қадам. Ендеше, шығармашылық қабілеті жоғары оқушыларды тәрбиелеп, сапалы біліммен сусындату – ұстаздардың қолында.
Ақмарал ҚАЛИЕВА,
Айтуар негізгі мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Жамбыл ауданы.