«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Бақыт ҚАСЕЙІНОВ: “ТӘРБИЕ ТАЯЗДЫҒЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЙДІ”

Жыл басынан бері кәмелетке толмаған ба­ла­лардың қатысуымен өңірімізде 23 қыл­мыс­тық іс қозғалып, 4 жас­өспірім бас бостандығынан айырылды. Өрімдей жеткіншектердің осындай қадамға баруына не түрткі болды? Ювеналдық әділеттің міндеті қандай? Жасөспірімдерге қатысты басқа да мәселелерді олардың қылмыстарын ой таразысына салып, былайғы тағдырын шешетін сот төрағасының өзінен сұрадық.

– Бақыт Бақымбайұлы, ювеналдық соттың қиындығы мен ерекшелігі неде?

– Мамандандырылған соттың басты ерекшелігі – кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарауында. Ата-аналар арасындағы бала дауын шешу, жасөспірімнің қылмыстық әрекетіне баға беру, қылмыс жасаған баласының болашақ тағдырына алаңдаған ана мен әкенің сот процесіндегі мінез-құлқы немесе бала тәрбиесімен айналыспай, балаларын қаңғыртып жүрген аналардың бейнесі, одан кейінгі баланың тағдыры судьяның күнделікті көз алдынан өтеді. Мұндай істерді қарайтын судьяларға моральдық тұрғыдан, тіпті, ауыр. Бұл ретте баланың одан арғы тағдырын шешу, сот процесінде кәмелетке толмаған жеткіншектен оның психикасын бұзбайтын дұрыс сұрақтар қою талап етіледі. Олардың ой-өрісінің даму деңгейі мен психологиялық бейнесін ашып беретін, тіпті, кәмелетке толмағаннан сот процесінде жауап алуда педагогтер мен психологтардың көрсетер көмегі зор.

– Биылғы жылы кәмелеттік жасқа толмағандар тарапынан орын алған қылмыстардың бүгінгі ахуалы жайында не айтар едіңіз?

– Жыл басынан бері сотқа 17 тұлғаға қатысты 16 қылмыстық іс түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда біршама кем. Жасаған қылмыстарына қарай олардың 12-сінің бас бостандығы шектеліп, ал 4-еуі бас бостандығын айырылды. Өткен жылы да 4 адам темір торға тоғытылған болатын. Жасалатын қылмыстарға келсек, олардың дені – ұрлық, тонау қылмыстары. Өкінішке қарай, адам өлтіру, зорлау, қоқанлоқы көрсетіп, біреудің мүлкін қолды қылу қылмыстары да жеткіншектердің тарапынан жиі орын алуда.

– Бүгінде мектептерде полиция инспекторы және психолог маманы жұмыс істейді. Дегенмен, жеткіншектер арасындағы бұзақылық тиылмай келеді. Себебі неде?

– Себептері жеткілікті. Негізінен әлеуметтік жағынан төмен және толық емес отбасыларда өскен жеткіншектер аяқтарын шалыс басып жатады. Көп жағдайларда толық болғанымен, толассыз ұрыс-керістен көз ашпайтын ата-ана да өз әрекеттерімен балаларын бұзақылыққа итермелейтінін ескере бермейді. Сондай-ақ, статистика мәліметі қылмыстық әрекетке ауыл балалары жиі баратынын көрсетіп отыр. Мұның барлығы да тәрбиенің кенже қалуынан орын алып отырғаны айтпаса да белгілі. Жалпы спорт секцияларын дамыту, балаларды қызықтыратын, тәрбиелейтін, еңбекке баулитын түрлі үйірмелер ашып, оның жұмысын жандандыру бағытында шаралар қабылдау қажет. Үйде ата-ана баланың тәртібін, жүріс-тұрысын қадағалап, жөнге салып отырса, мектепте ұстаздар мен психолог жұмыс жүргізіп, әлеуметтік тұрғыдан баланың бос уақытын қамтитын шаралар өткізілетін болса, бұзақылық, ұрлық мәселелеріне тосқауыл болар еді. Жасөспірімдер тәрбиесі қашан да қоғамның өзекті мәселесі болып қала бермек.

– Жасөспірімдерді нақты түрде бас бостандығынан айыру жазасы сирек қолданылады. Бұл жағдайда жеткіншектер жазадан құтылдым, деп басқа да қылмыс түрлеріне баруы мүмкін бе?

– Әркімнің түсінігі әртүрлі болып келеді. Шығарылған үкім көбіне өмірлік сабақ болып, әрі қарай мұндай жолға түспеуіне ой тастайды. Десек те, сот тәжірибесінде бір адамның бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы да кездесіп жатады. Мәселен, Р. деген азаматқа 2013 жылы қаңтар айында тонау фактілері бойынша 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған болатын. Бірнеше ай өткеннен кейін сол азамат қайтадан тонау, ұрлық, қоқан-лоқы көрсету фактілері бойынша жауапқа тартылды. Екінші рет бұл азаматқа 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

– Азаматтық және әкімшілік істер бойынша қандай жағдайға жиі жолығасыздар?

– Азаматтық істер көбіне ата-ананың құқығынан айыру, бала асырап алу және балаларды арнайы мектеп-интернатқа жіберу бойынша қарастырылады. Ал әкімшілік істердің дені ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдерінің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы, он сегіз жасқа толмағандарға темекі бұйымдарын сату фактілеріне қатысты.

– Бала асырау мәселесіне қатысты істерге тоқтала кетсеңіз.

– Биылғы жылдың 3 айы ішінде бұл мәселеге қатысты сотқа 17 арыз түсіп, оның 13-і қанағаттандырылды. Яғни, сонша адам балалы болу бақытына ие болды.

– Соңғы жылдары қанша бүлдіршін сот шешімімен шетел асты және біздің балаларға қай елдің азаматтары қызығушылық білдіріп отыр?

– 2013 жылы сотқа 6 балаға қатысты 5 арыз түсіп, олар толық қанағаттандырылды. Асырап алынған бүлдіршіндердің алтауы да Италияның азаматы атанды. Ал биыл швециялық отбасыдан түскен 1 арыз қаралу үстінде.

– Биылғы жылдың басында азғындық әрекетке барған екеудің ісі қаралып, олардың қылмыстары дәлелденгенімен, біреуі ғана бас бостандығынан айырылды. Ал екіншісі жазадан құтылып кетті. Бұл қалай болғаны?

– Ювеналдық соттың тарихында алғаш рет биылғы жылдың басында он төрт жасқа толмаған балаларға қатысты күш қолданусыз азғындық іс-әрекеттерді жасау бойынша екі қылмыстық іс қаралған болатын. Айыпталушылардың кінәсі дәлелденіп, олардың бірі 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екіншісі жәбірленуші тараппен татуласқандықтан, жазадан құтылып кетті. Қыз баланың ата-анасы материалдық шығынның өтеуін алған соң, істі тоқтату туралы өтініш бергендіктен, іс тоқтатылды. Өкінішке қарай, жас балалардың табиғи және психикалық дамуына кері әсер тигізген азғындық жасаған әрекеті үшін жазасын алған жоқ. Заң талаптарына сәйкес тараптар татуласқан соң, айыпталушы жауапкершіліктен босатылды.

Сұхбаттасқан

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp