Жуырда әлеуметтік желілердің бірінен өңіріміздегі жұртшылық жиі бас сұғатын мәдениет ордасы – облыстық филармонияға қазақ ән өнеріне өлмес олжа салған біртуар тұлға, әйгілі әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының есімі берілгендігі туралы ақпаратты көзіміз шалып қалған. Енді, міне, осынау жаңалықтың ақиқат екені белгілі болып, төбеміз көкке жеткендей қуанып отырмыз. Бұдан өзге облыс аумағындағы бірнеше мекемеге өңірімізде дүниеге келіп, қазақ халқының даңқын асыру жолында талмай қызмет еткен айтулы тұлғалардың аттары берілді. Біз де өз кезегімізде бұл хабарды оқырмандарымызға сүйіншілей, сауын айта жеткізуді жөн көріп отырмыз.
Өңіріміздегі өнерсүйер қауымды түрлі мәдени шаралармен сусындатып, сусаған көңілдің шөлін қандырып отырған облыстық филармонияға жаңа атау беру мәселесі осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген. Осы саланың басы-қасында жүрген жандар мәдениет мекемесіне Қызылжар топырағынан түлеп, қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалардың бірінің есімі қосарланса деген тілектерін тиісті ұйымдарға талай мәрте жеткізгенінің куәсі болғанмыз. Осындай мағынадағы мақалалар газетімізде де бірнеше мәрте жарияланған. Руханият жанашырларының еңбектері еш кетпей, үміттері ақталып отыр. “Өзім тізгінін ұстап отырған мекеменің Қызылжар даласын ғана емес күллі қазақ аспанын әнге бөлеп, артына ұшан-теңіз еңбек қалдырған Ақан серінің есімімен аталуы баршамызға үлкен аманат пен жауапкершілік жүктейтіндей. Біздің ұжым алдағы уақытта да ардақты тұлғаның есіміне кір келтірмей, халыққа адал қызмет ететін болады”, – деді облыстық филармонияның директоры Ботагөз Жағыпарова.
Одан өзге “Өнер колледжі – музыкалық эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат” кешені” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Ермек Серкебаевтың есімі берілді, Мағжан Жұмабаев ауданының “№4 Булаево орта мектебі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі “Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп” коммуналдық мемлекеттік мекемесі деген атауға ие болды. Жамбыл ауданының білім бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің “Преснов жалпы орта білім беру мектебі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі “Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының білім бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің “Қожаберген жырау атындағы жалпы білім беретін мектеп” коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды.
Жаңа атаулар “Солтүстік Қазақстан облысының кейбір білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру және оларды қайта атау туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 7 қазандағы №648 Қаулысына сәйкес өзгертілді.
Шыны керек, азаттықтың алтын күрек желінің ескеніне отыз жылға жуықтаса да өңірімізде ономастика мәселесінің әлі де болса күрделі қалыпта қалып отырғанын талай мәрте өткір мақалаларымызға арқау еткенбіз. Осы мәселемен айналысатын мамандардың жұмысына көңіліміз толмай, олардың кейбір тыңғылықсыз әрекеттерін сынға алған сәттеріміз ойлы оқырманның есінде болар. Осынау игі жаңалық біздің көңілімізге шуақ сыйлады. Әйтсе де, кеңес заманынан сыр тартатын, біздің ұлттық мүддемізге үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын атаулардан әлі де толық арылып болғанымыз жоқ. Әрбір мекеменің, елді мекеннің, өзен-көлдің, көше мен даңғылдың атауынан қазақылықтың, ұлттық мүдде мен идеологияның иісі аңқып тұрса дейсің.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.