«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС ӘКІМІ ТӨРТ АУДАНДА БОЛЫП, дала жұмыстарының барысымен танысты

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірдегі көктемгі-дала жұмыстарының барысымен танысуды 30 мамыр күні Қызылжар және Есіл аудандарынан бастады. 

 

Қызылжар ауданы агроқұрылымдарының егістікке арнаған жер көлемі 195 мың гектарды құрайды. Оның 150 мыңына – дәнді дақылдар, 120 мыңына – бидай, 36 мыңына – майлы дақылдар, 11600 гектарына мал азығы себілуде. Бүгінде майлы дақылдар сіңіру жұмыстары – 100, қалғаны 90 пайызға орындалыпты. Көктемгі себу жұмыстарын аяқтауға жақындағандардың бірі – “Митронин В.А.” ЖШС-і.

– Егістіктің жалпы алқабы – 2100 гектар. Себу жұмыстарын бірер күнде аяқтаймыз, – деді облыс әкімін егістік басында қарсы алған серіктестік директоры Владимир Митронин.

“Әлти Гарант” пен “Жанбай” серіктестіктері бүгінде егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қазір олар төрт түліктің жемазығына қажетті бір жылдық судан шөбін егуде. Серіктестік басшыларымен әңгіме барысында Ерік Хамзаұлы мал өсірудің тиімділігіне тоқталып, өнімдерді тек елімізде ғана емес, сонымен қатар Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына шығарып, сатуға мол мүмкіндік пайда болғанын атап көрсетті.

Ауданға жасаған жұмыс сапарының соңында өңір жетекшісі “Зенченко және К” КС-нің танап басына аялдады. Олар осы жылы егіс алқаптарын құрамында 12 түрлі элементі бар фосфорит қосындысымен тыңайтып жатыр екен. Арал теңізінің түбінен алынған тыңайтқышпен бір рет өңделген жер 5 жылдық өнімнің кепілі болады, дейді мамандар.

Облыс әкімі осы күні Есіл ауданындағы “Заречный” ЖШС-нің, “Агрохимснаб” ЖШС-нің егіс танаптарында болды. Василий Шкодин басқаратын агро-құрылым көктемгі-дала жұмыстарын алдағы аптаның ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Оған мүмкіндік бар. Бұл күндері шаруашылықтың 2 “Хорш” себу кешені мен 3 сеялка агрегаты ырыс дәнін сіңіруге жұмылдырылған. Серіктестік жетекшісі облыс әкімімен әңгіме барысында шаруашылықтың осыдан екі жыл бұрын 350 бас қазақтың ақбас сиырының құна-жындарын сатып алғанын, күзде солардың төлін сатылымға шығаруды жоспарлап отырғандарын айтты.

Өңір басшысы іссапар кезінде жол жөндеу жұмыстарымен де танысты.

Покровка-Корнеевка бағытындағы тас жолдың жөндеу көрмегеніне біршама уақыт болған. Биыл 94 млн. теңге бөлініп, соның арқасында шұңқырларды қалпына келтіру және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

* * *

Сенбі күні облыс әкімі жұмыс сапарымен Айыртау және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда болды. Ерік Хамзаұлы мұнда мал шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударып, ауыл еңбеккерлерінің еңбекақысын кем дегенде 10-15 пайызға көбейтуге қатысты міндет жүктеді.

Айыртау ауданында 54 ЖШС мен 190 шаруа қожалығы бар. Аудан бойынша егіс науқаны 69 пайызға орындалған. Ал Антоновское ауылдық округіндегі “Көмек” ЖШС-і көктемгі-дала жұмыстарын бірер күнде аяқтағалы отыр. Серіктестіктің жұмысымен танысқан өңір басшысы мал басын көбейтіп, жұмысшылардың еңбекақысын көтеруді тапсырды.

Сапар барысында Ерік Хамзаұлы Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөлде Мемлекеттік рәміздер бейнеленген композициялық стеланың ашылу салтанатына қатысып, жергілікті тұрғындарды атаулы мерекемен құттықтады.

Облыс әкімі назар аударған келесі нысаны Саумалкөлдегі модульдік қазандық болды. Тұрғын үй шаруашылығын қайта жаңғырту бағдарламасы арқылы бұл нысанды салуға республикалық бюджеттен 287 миллион теңге трансферт бөлінген. Қысқы жылыту маусымында ол бірқатар әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етті. Алдағы уақытта олардың қатарына 10 тұрғын үйді қосу жоспарланып отыр.

Ерік Сұлтановтың іссапары Ғ Мүсірепов атындағы ауданда жалғасты. Новосельский ауылдық округіндегі “Агро-Жазық” серіктестігі 8827 гектарға бидай еккен. Танап басында 37 трактор мен себу агрегаттары қызу жұмыс істеуде. Дала жұмыстарына 114 адам тартылыпты.

Өңір басшысының іссапары Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді. Новоишимка ауылында бүлдіршіндер үшін нағыз мереке ұйымдастырылыпты.

Мерекені тамашалаған Ерік Сұлтанов аудан орталығындағы Астана саябағында болды. Облыс әкімі елордасы – Астанадағы әсем ғимараттардың көшірмелерімен танысып, юра дәуіріндегі саябаққа барды.

Облыс әкімі ат басын тіреген Новоишимка ауылындағы астық сақтау қоймасының сыйымдылығы 20 мың тонна. Барлық құрал-жабдықтар Польшадан алынған. 2013 жылы 18 мың тонна бидай мен 1136 тонна майлы дақылдарды қабылдап алған. Қазір мұнда 18 адам еңбек етеді. Өңір басшысы мұнда да жалақыны өсіру мәселесіне тоқталды.

Сапар соңында Ерік Сұлтанов Червонное ауылдық округінде “Азко” ЖШС жүргізіп жатқан көктемгі егіс науқаны барысымен, Петропавл-Жезқазған бағытындағы республикалық жолдарды жөндеу жұмысымен танысты.

Самат ЕСМАҒИ,

Назерке ТҰРСЫНОВА.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp