«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОДАҚТАСТЫҚ – ОРТАҚ ИГІЛІК

“Үй таңдама, көрші таңда” – дейді дана халқымыз. Мағынасы терең сөз бұл. Бірақ, адам үшін үй таңдау мүмкін болғанымен, мемлекет үшін көрші ел таңдау мүмкін емес. Сондықтан көрші елдермен тату-тәтті өмір сүру, алыс-беріс, барыс-келіс түзу болуы қажеттігі ықылым заманнан бері талас тудырмайтын, тарих айғақтаған ақиқат. Қандай көрші елмен жақынырақ болу жайлы да ата-бабаларымыз аталы сөздерді баяғыда айтып кеткен… Соның бәрін ой елегінен өткізгенде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын осыдан жиырма жыл бұрын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде жариялаған кемеңгерлігіне еш күмән келтіре алмайсың.

Қазіргі көптеген елдер дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың зардаптарын әлі де тартып жатқан, кейбір тағдырлас мемлекеттер саясатқа тым көп мән беріп, экономикасын әлсіретіп алып, этносаралық қатынастарды да дұрыс жолға қоя алмай, халқының бірлігін бұзып, қиын жағдайда қалған қилы кезеңде мұндай одақ құрудан қай тұрғыдан алсақ та, ұтылмасымыз анық. Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одақ құрған үш мемлекеттің де тең құқыққа ие болуы, тиісті келісім жобасынан саяси мәселелердің алынып тасталуы жұрт көңіліндегі күдікті сейілтіп, бауырлас елдеріміздің ортақ болашағына сенімді күшейте түскені кәміл. Тағы бір айта кетерлігі, бұл оқиғаның мән-маңызы зор болғанымен, ол әлем тарихы үшін тосырқай қарайтындай тың жаңалық болып табылмайды. Өйткені, кәрі дүние – Еуропа елдері осындай одақ құрып, ынтымақтасудың арқасында қандай жетістіктерге жеткенін бүгінде барша жұрт біледі. Бізге сол Еуропалық Одақтың оң тәжірибесінен үлгі алып, жіберген қателіктерінен сабақ алу керектігі жөнінде Елбасымыз айтқан пікір кімнің болсын көкейіндегі ойды дөп басты деп ойлаймын.  

Еуразияның жүрегіндегі ақыл-парасат ордасына айналған Астанамызда қабылданған осынау тарихи шешім одақтас үш мемлекет халықтарын бұрынғыдан да жақындастырып, өзара сыйластық пен ежелгі достық қарым-қатынастарды одан әрі жақсарта түседі, сөйтіп, өз еліміздегі экономикалық жағдайға қоса, саяси ахуалды да жақсартып, ішкі бірлігімізді нығайтады деп сенемін.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

облыстық мәслихаттың депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp