«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ ТЕҢДЕССІЗ ОРТАЛЫҚ

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың өміріміздің айнымас бөлігіне айналғаны сөзсіз. Интернетсіз және ұялы телефонсыз өмірді елестету, тіпті, мүмкін емес. Қазіргі заманда компьютерді меңгермеу сауатсыздықпен тең. Сондықтан елімізде тұрғындарды ақпараттық технологиялардың үздік үлгілерімен қамту мәселесіне басымдық берілуде.

ХV ғасырда − кітапқа, ХVІ ғасырда газетке деген сұраныс артты. ХVІІ ғасырда журнал өз оқырманын тапса, ХХ ғасырда радио мен телевизия ақпарат саласына серпін берді. Ал ХХІ ғасырда аталмыш коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстырған интернет пайда болды. Нәтижесінде бесіктен белі шықпай жатып компьютердің құлағында ойнаған балалар, қолынан смартфоны түспейтін жастар қатары қалыңдады. Бүгінде телекоммуникация, ұялы байланыс, сандық теледидар, кең жолақты интернет, электронды үкімет, интерактивті жарнама мен әлеуметтік медиа деген терминдерге құлағымыз үйренді. Соңғы жылдары сандық технологиялардың тетіктері барлық салаларға дендеп ене бастады. Мамандардың пікіріне жүгінсек, экономиканың негізгі салаларына жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану заман талабынан туындап отыр.

Ашық қоғам құруды алдына мақсат етіп қойған елімізде онлайн қызметтерді, электронды оқулықтар мен интерактивті құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларын және ақылды технологияларды пайдалануға ерекше назар аударылып отыр. Өйткені, ХХІ ғасыр – ақпараттың дәуірі, технологиялық мәдениет заманы.

ХХІ ғасыр — ақпараттың заманы

Интернеттiң мүмкiндiгi шексiз. Талғам мен көңiл күйге қарай одан қызықтының барлығын табуға болады. Ол АҚШ-та ойлап шығарылғанымен, ғаламторға ешкім де жеке-дара иелік ете алмайды. Сондықтан ол, шын мәнінде, адамзаттың ортақ қазынасы болып табылады. Қазақстанда ақпараттандыру процесі өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан басталған. Алғашында компьютерлік техниканың саны артып, біршама мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, кәсіпорындар мен ғылым, білім беру мекемелерінде жұмыс барысы автоматтандырыла бастады. 1996 жылдан бастап елімізде интeрнет жүйесі қосылып, оны тұтынушылар саны төрт жылдың ішінде 360 мыңға жеткен. Бүгінгі таңда ел бойынша “Қазақтелеком”, “Nursat”, “ASTEL”, “Kcell”, “Ducat”, “DataNet.kz”, “Transtelecom”, “Beeline”, “ICON”, “Alma-TV”, “AOL”, “DigitalTV” сияқты 30-дан астам интернет провайдер, 150 мың домен және 50 мыңнан астам сайт бар.

“Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында”, деп бекер айтылмаса керек. Бұған дейін ақпаратты сақтау және оны тасымалдау тәсілдері тым қарапайым болды. Осыдан 10 жыл бұрын компьютерге арналған дискілердің көлемі әрі кеткенде 4,7 гигабайтты құрағаны әлі есімізде. Ал қазіргі таңда күнделікті қолданатын смартфонның сыйымдылығының өзі 258 гигабайтқа дейін жетеді. Қазақстан жастары жиі қолданатын “Facebook” әлеуметтік желісінің бір өзі 0,5 миллиард терабайт ақпаратты өңдейді екен. Сарапшылардың айтуынша, дүниежүзінде ақпараттық деректердің саны жыл сайын 20 пайызға көбейіп отырады. Бүгінде сол ақпараттардың мөлшері бір жарым зеттабайтқа тең. Яғни, бәрін қағазға түсіріп, бірінің үстіне бірін қойсақ, жер көлемі ең үлкен мемлекет – Ресейдің аумағын бес рет айналып шығуға болады екен.

Осынау орасан зор ақпаратты сақтау және сұрыптау үшін шетелдік ғалымдар мен инженерлер тың технологияларды ойлап табуда. Көпшілігімізге жақсы таныс “Үлкен деректер” (ағылш. “Big Data”) деген термин қолданысқа енгізілді. Ол – ақпараттарды өңдей алатын, сақтайтын бағдарламалық құралдар жиынтығы. Оған ұялы байланыс абоненттерінің мәліметтері, іздеу жүйелеріндегі деректер, әлеуметтік желілердегі жеке мәліметтер, тіпті, қоғамдық орындардағы бейнебақылау камераларында жазылған материалдар және тағы басқа ақпараттар кіреді. Бүгіндері бұл технология денсаулық сақтау, телекоммуникация, сауда, логистика салаларында, қаржы компанияларында кеңінен пайдаланылады. Мәселен, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйесінде 2005 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 14 терабайт мәлімет жинақталған. Бұл 5,8 млрд. беттік мәтінмен пара-пар.

Бар мәлімет  бір серверде

Елімізде аталмыш технология “Ақпараттық Қазақстан – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ондағы мақсат – мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық орта құру және отандық ақпараттық кеңістікті дамыту. Аталмыш бағдарлама аясында 2015 жылы Петропавл қаласында ақпараттарды сақтау және өңдеу орталығы іске қосылған болатын. Сөйтіп, жергілікті мемлекеттік органдар еуропалық талаптарға жауап беретін мекемеде серверлік құрылғыларын орналастыру мүмкіндігіне ие болды. Өңірлік деңгейдегі инфрақұрылымдық алаң болып табылатын бұл орталық мемлекеттік органдарда хостинг, жабдықтарды орналастыру, инфрақұрылымды жалға беру, бағдарламалық қамтамасыз ету мен аппараттық-бағдарламалық кешендерге жүйелі-техникалық қызмет көрсетуде. Бір атап өтерлігі, нысанның серверлері тәулігіне – 24 сағат, жылына 365 күн жұмыс істейді. Бағдарламалық-аппараттық кешендердің 95 пайызы істен шықса да, жұмысын жалғастыра береді.

Бұл тың технология Петропавл қаласында салынып жатқан Дата-орталықта да пайдаланылмақ. Осыдан екі жыл бұрын “PP Solution” компаниясы бұрынғы Калинин атындағы зауыттың ескі ғимаратын сатып алған болатын. Отандық инвестордың мақсаты – облыс орталығында заманауи Дата-орталық салу. Компанияның облысымыздағы филиалының директоры Болатбек Юсуповтың айтуынша, орталықта виртуалдық хостинг, рендеринг, клиенттердің веб-сайттары орталық серверлеріне орналастырылып, ақпарат қорғау, виртуалдық офис, серверлерді жалға беру және тағы басқа қызмет түрлері көрсетілетін болады.

– “PP Solution” компаниясы – “Қазақстан блокчейн және криптовалюта қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің мүшесі. Әлемдік талаптарға жауап беретін Дата-орталық құрылысын қолға алған компания басшылығы цифрлық ақпаратты сақтайтын және өңдейтін бірегей орталық құруды көздеп отыр. Мұнда көптеген заманауи серверлер орнатылатын болады. Заңды тұлғалар ғана емес, кез келген адамға серверлерімізде электронды мұрағат қорын сақтауға мүмкіндік беріледі. Инфокоммуникациялық қызметтерге арналған орталығымыз шағын компаниялармен қатар ірі бизнес, мемлекеттік басқару, банк құрылымдары үшін де кез келген күрделі жобаны өз аумағында жүзеге асыруға жағдай жасайтын болады, – дейді Болатбек Юсупов.

Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік мекеме кеңселеріндегі сан мың ақпарат пен құжаттар сақталатын серверлер, жұмыс кабинеттеріндегі жүйелік блоктар біртіндеп қолданыстан шығарылады. Жұмыс үстелінде монитор мен деректерді өңдеу орталығының желісіне қосылған шағын блок қана орналасады. Өңдеу орталығындағы ортақ серверден кез келген мемлекеттік мекеме қызметкеріне виртуалды жұмыс орны ашылады. Монитор, пернетақта және тінтуірдің көмегімен жасалған жұмыстар, өзге де электронды ақпараттар сол ортақ серверде сақталады. Қажет ақпаратты серверден электронды тасымалдағышқа жүктеуге болады.

Болатбек Юсуповтың айтуынша, ақпараттық технологиялар дамыған уақытта әлеуметтік желілердегі аккаунттар арқылы түрлі деректерді ұрлау қаупі зор. Өйткені, әлеуметтік желі қызметтерінің барлығы бөгде мемлекеттердің ресурстық орталықтарында тіркелген. Сондықтан мемлекеттік деректердің қауіпсіз жерде сақталғаны жөн. Аталмыш орталық осы тұрғыда үлкен рөл атқармақ. Мәселен, бір компанияда бес жүз компьютер болса, оның әрқайсысы бір-бір жүйелік блокқа қосылған. Ал деректерді өңдеу орталығы сол құрылғыларды бір өзі алмастыра алады. Сондай-ақ, көп жағдайда қызметкер жұмыстан кетерде қажетті ақпараттарды өзімен бірге ала кетеді немесе өшіріп тастауы мүмкін. Ал Дата-орталықта сақталған ақпараттар жойылмайды. Осылайша, жаңадан келген қызметкер жұмысты үзілген жерден оп-оңай жалғастыратын болады.

Қираған зауытқа қайта жан бітті

Орталықтың Петропавл қаласында орналасуының өзіндік себебі бар. Күні-түні бір сөнбей, жыл он екі ай жұмыс істейтін серверлер орналасатын бөлмелерде бір қалыпты салқын температураның сақталғаны жөн. Оларды суытып отыратын қымбат қондырғылар қажет. Ал Солтүстік Қазақстан облысы алты айға созылатын суық ауа райымен ерекшеленеді. Сондықтан Қызылжар өңірінің таңдалуы тегін емес. Жобаға 18 млрд. теңгенің инвестициясын құйып отырған компания бүгіндері “Beeline”, “Kcell” және “Қазақтелеком” АҚ-ның серверлерін орталықта орналастыру бойынша келісімшарт жасау мақсатында келіссөздер жүргізуде.

Бұл – алдағы екі жылда атқарылатын жұмыс. Әзірге, мұнда иесіз жатқан өндірістік ғимараттарды қайта қалпына келтіру қолға алынған. Учаске басшысы Сергей Казаченконың айтуынша, жоба төрт кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Алғашқы екі кезеңде нысандарға электр қуаты тартылып, қосалқы электр стансасы тұрғызылады. Кейін ескі ғимараттар бұзылып, қалғандары жөнге келтірілмек. Кәсіпорын аумағының 10 жылдай бос жатуы жұмысшыларға біраз қиындық туғызуда. Себебі, зауыттағы ғимараттардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Жүргізілген техникалық және сараптамалық тексерістерге сәйкес 26 ғимараттың 17-сі апаттық деп танылыпты. Қазіргі уақытта отызға жуық жұмысшы жөндеуге келмейтін ескі нысандарды бұзуда.

– Алғашқы қыстың өзінде 800 жүк көлігінің көмегімен 24 гектар аумақтан 300 текше метр қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, тозығы жеткен коммуникациялық желілерді жаңарту барысында да бірқатар қиындықтар орын алды. Бұл жұмысқа тартылған “ҚазИнженерСтрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары тозығы жеткен 6 нысанға қайта құру жұмыстарын жүргізді. Ал “НПФ СевҚазЭнергоПром” ЖШС-і Дата-орталықты қуат көзімен қамтамасыз ететін 300 МВт-тық станцияның жобасын жасады. Оның қуаттылығы Петропавлдай үш қаланы жарықтандыруға жетеді, – дейді учаске басшысы.

Дата-орталық 2023 жылы пайдалануға беріліп, толық қуатында жұмыс істемек. Жалпы қуаты 5 петабайтты құрайтын орталық алдағы уақытта ақпараттық салада әлем алыптары саналатын “Google”, “Amazon” және “Facebook” компанияларымен әріптестік қарым-қатынас орнатуды көздеп отыр.

Бәсекелестік артып келеді

Қазіргі таңда елімізде деректерді сақтау және өңдеу орталықтарын тұрғызу мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын жоғарыда айтып өттік. Атап айтқанда, әр облыс орталығында ірілі-ұсақты деректерді өңдеу орталықтары бар. Ал еліміздегі ең үлкен Дата-орталық бүгінде Павлодар қаласында орналасқан. 2014 жылы пайдалануға берілген коммерциялық орталықтың электронды ақпаратты өңдеп сақтайтын 11 мыңнан астам құрылғыны қабылдауға қуаты жетеді. Бұл – “Қазақтелеком” АҚ-ы мен “Hewlett-Packard” компаниясының бірлескен жобасы. Бүгінгі таңда 100-ге жуық отандық және шетелдік компания бұл орталықтың қызметін пайдаланады. Ал 2021 жылы “Қазцинк” ЖШС-і “Үлкен деректер” жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл көптеген операцияларды оңтайландырып, түрлі қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни, компанияларға “Big Data” технологиясын пайдалану маңызды ақпаратты бірнеше секундта алуға жағдай жасайды. Нәтижесінде экономикалық шешімдердің тиімділігін арттыруға, клиенттердің сұранымдарына жылдамырақ жауап қайтаруға ықпал етеді.

Петропавлдағы Дата-орталық бәсекелестерімен салыстырғанда теңдессіз жоба болмақ. Ол еліміздің тұтынушыларын сапалы ақпарат көзімен қамтамасыз етіп қана қоймай, деректердің дұрыстығын және жинақталған ақпараттардың құндылығын сараптауға көмектеседі. Ақпаратты көшіру, қалпына келтіру және деректерді мұрағаттау нарығы болашақта үлкен сұранысқа ие болады деп күтілуде. Сондықтан заманауи технологиялардың негізі болып табылатын “Big Data”-ның алдағы уақытта маңызы артып, оған деген сұраныс жоғарылай берері анық.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp