Балалар үйінің қасынан өткен сайын жүрегім ауырады. Терезе жаққа қарауға қорқып, аяғымды тезірек басып, ауланың қасынан өте шыққым келеді. Басымды көтере қалсам болғаны – әйнектің ту сыртынан екі көзі мөлдіреген кіп-кішкентай бала маған қарап тұрған сияқты болады. Осы бір сезім мені соңғы 10 жыл бойы мазалап келеді. Түнде ұйқымды, күндіз күлкімді ұрлап, жапырақтай жүрегім іштен жеген құртқа жем болып жатқандай.
Бәріне өзім кінәлімін. Жастық шақтың албырт сезіміне алданып, 19 жасымда екіқабат болып қалдым. Оқыған оқуым жоқ, жұмысым да тұрақсыз. Содан босанар күнім жақындағанда барар жерім, басар тауым қалмай, айналып әке-шешемнің үйіне келдім. У-шу, ұрыс-керіс, жанжал болатын шығар деп, бәріне іштей дайындалып бардым. Бірақ әкем жұмған аузын ашпады. Анам болса ағыл-тегіл жылап: “Енді не істейміз, жұрттың бетіне қалай қараймыз?” – деп күбірлеп сөйлеумен ғана шектелді. Арада бірер күн өткен соң үйдегі “қара толқын” бәсеңдеп, күндегі өмір өз ретімен жүріп жатты. Бірақ әкем отырғанда өз бөлмемнен аттап шығуға дәтім бармады. Тіпті, тамақты да жалғыз өзім отырып ішетін болдым. Бір күні кешқұрым ас бөлмесінде ата-анамның өзара сөйлесіп отырғанын естідім. Анам шырпыр болып, менің жағдайымды ойлап: “Бағамыз, өсіреміз өзіміз, енді сәбиді қалай балалар үйіне береміз. Қасқыр да баласын далаға тастамайды ғой…” – деп бастап еді, әкем: “Болды, осымен айтқаным айтқан, қартайғанда елге масқара болмай тұрғанда енді жұмған аузыңды ашушы болма”, – деп зілденді. Екеуінің қатты шыққан дауыстарынан қорқып кеттім. Не де болса осы сәтте таразы басында менің болашағым, әлі тумаған сәбиімнің өмірі тұрғанын түсіндім. Және енді бірер күнде не боларын іштей сездім. Құрсақта жатқан баламды қолыммен айқара құшақтап: “Ешкімге де бермеймін”, – деп күбірлеп жатып, ұйқы құшағына еніп кетіппін.
Көзімді ашсам, денем ауырып жатыр екен. Ақырын орнымнан тұрып, анамды шақырдым.
Перзентханада менің қажетті құжатымның баржоғын елеген ешкім жоқ. Барлығы аман-есен босануыма жәрдем жасады. Кешке жақын ұлды болдым. Екі күннен кейін дәрігерлер бізді үйге шығаратындарын айтты. Сол күні кешке әкем келіп, тілімдей қағазға “Үйге ораласың, бірақ жалғыз, осы менің соңғы сөзім, жолыңа төлейтін ақшаң осының ішінде”, – деп жазып, кезекші мейірбикенің қолына ұстатып жіберіпті. Оқыған соң қағазды да, ақшаны да жыртып-жыртып лақтырып тастадым. Ішім алай-дүлей болып, аналық сезімім мен әке сөзі өзара айқасып жатқандай болды. Барар жерім болмаған соң, амал жоқ, әке сөзі таразы басында басым болды. Сөйтіп, ертесіне өз еркіммен баламнан бас тартып, үйге оралуыма тура келді. Екі күн тамақ ішпей, ұйықтамай жүдеп кеттім. Үшінші күні әкем күні бойы үйде болған жоқ. Сөйтсем, мен босанған перзентханаға барып, сәбиімді қайтарып алудың жолдарын қарастырыпты. Бірақ тым кеш болған. Баладан бас тарту туралы қағазға қол қойған күні баламды басқа отбасы алып кетіпті. Осындай жаңалықты естігенде есім ауып кете жаздады. Сол сәтте оны мәңгіге жоғалтып алғанымды түсіндім. Жүрегім, жаным, бар болмысым ауырып кетті.
Содан бері арада зымырап 10 жыл өтіпті. Қар жауды, із басылды. Мен сырттай оқуға түстім, диплом алдым. Тұрмысқа шығып, бала сүйдім. Бірақ жас кезімде жүрекке түскен сол бір қара құрт жанымды жегідей жеп, бір кездері көктем болған көңіліме толассыз жауын жауғызып, сары күздің бұлтын басыма үйіріп қойды. Енді не істесем де, қандай биікті бағындырып, асуларды алсам да, тастап кеткен сәбиімнің кіршіксіз бейнесі көз алдымда тұрады. Сол кезде өмірдің сынағына шыдай алмай, уақытша қиындықтың ырқына жығыла кеткенім үшін өзімді еш уақытта кешпеймін. Өйткені, мен ең құнды, ең бағалы байлыққа теңейтін баламнан айрылып қалдым. Көзімнен кетсе де, көңілімнен кетпейтін сәбиімнің обалына қалдым. Осы ой, осы сезім бар тұла бойыма құдды бір жыланның уындай тарап, санамды жайлап алды. Енді, амал жоқ, осындай ауыр жүкпен өмір сүремін. Қыздар, жас кездеріңде ойнап жүріп, от баспаңдар дегім келеді. Оның жалыны кейін өздеріңді, барлық өмірлеріңді күйдіріп-жандырып жіберуі мүмкін. Бұл – менің өз өмірімнен алған сабағым.
Қаракөз.