
Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен облыстық олимпиаданың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. 15 пән бойынша білім додасына түскен 515 оқушының 202-сі жүлделі орындарға ие болды. Оның 98-і – үшінші, 69-ы – екінші және 35-і бірінші орындарды иеленді.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, ұстаздарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина құттықтады. “Олимпиадаға қатысу арқылы сіздер өздеріңіздің зияткерлік білімдеріңізді дәлелдедіңіздер, облыстың білім сапасының көрсеткішінің артуына үлес қостыңыздар және жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндіктеріңізді еселей түстіңіздер”, – деді ол.
Білім бәйгесінде әдеттегідей дарынды балаларға мамандандырылған мектептер көш бастады. Олар: дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейі, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернат, дарынды балаларға мамандандырылған облыстық “Лорд” лицейі, дарынды балаларға мамандандырылған облыстық “БЭСТ” гимназиясы, тағы басқалар. Жеңімпаз және жүлделі орындар алған оқушылардан басқа 84 қатысушы өз пәндері бойынша облыстық білім басқармасының мақтау қағаздарымен марапатталды.
Ауылдық мектептердің 41 оқушысы түрлі деңгейлердегі дипломдарға ие болды. Солардың ішінде Есіл ауданынан – 8, Қызылжар және Мамлют аудандарының әрқайсысынан 5 оқушыдан жүлдегер атанды. Жүлделі орындарға ие болғандарға I, II, III дәрежелі дипломдар, медальдар және сыйлық сертификаттары табысталды.
Олимпиаданың бұл кезеңінде үздік нәтиже көрсеткен оқушылар облыстың құрама командасына енгізіліп, олар республикалық кезеңде өңіріміздің намысын қорғайтын болады. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы олимпиада наурыздың 13-18-і аралығында – Оралда, гуманитарлық пәндер бойынша білім сайысы наурыздың 24-29-ы аралығында Атырау қаласында өтпек.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.