«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛ ОСЫНДАЙ ЖАН ЕДІ…

Уақыт деген – ұлы өлшем. Бүгінгі күнің түгіл, ертеңіңің өзі қас пен көздің арасындай-ақ мезетте оның еншісіне бұйырып кете береді. Сондықтан кейінгі ұрпақ өзіне дейін ғұмыр кешкен адамдардың есімін, атқарған ісін біле бермеуі мүмкін. Ал тұғыры биік тұлғаларды танып-білу – ізбасарлардың парызы. Осындай тұлғалардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері» Тауфық Ғалиұлы Мұхаммед-Рақымовтың есімі де аталуы заңды. Оның облыс орталығында басшы қызметтер атқарғаны жұртшылықтың жадында. Сол себепті Петропавлдағы Рига көшесінің Ярослав Гашек көшесіне дейінгі бір бөлігі оның атымен аталады. Мен осы мақаламды Тауфық Ғалиұлының өмір жолын, атқарған ісін оқырмандардың жаңа буынының зердесіне құю мақсатында жазып отырмын.

1927 жылдың 5 қаңтарында Петропавлда дүние есігін ашқан Т. Мұхаммед-Рақымов соғыс жүріп жатқан 1944 жылы Ленинградтың электрмеханика институтына түсіп, бес жылдан соң Омбы темір жолы бөлімшесінің екінші тармағына механик болып орналасады.  

Ол жылдары соғыс зардабын тартқан шаруашылық салаларын қайта жандандыру мақсаты қойылды. Омбы-Қорған бағытындағы темір жолды электрлендірудің мемлекеттік бағдарламасы осылайша қолға алынғанды. Сол арқылы бұл күретамырдың бойындағы ұжымшарлар, кеңшарлар электр қуатына қол жеткізетін еді. Сол себеппен мұнда ірі электр станциясының іргесі қаланды.

Соған қоса Қазақстанның теріскей өңірінде тың және тыңайған жерлерді игеру жүзеге асырыла бастады. Міне, жас та жігерлі маман Тауфық Ғалиұлының іскерлігі осындайда кәдеге асты. Ол Солтүстік Қазақстан облысының республикада алғашқы болып толық электрлендірілуіне өзінің үлесін қосты.

Күш-қуаты қайнаған, жігерлі де іскер жас көп ұзамай осы қабілеттерін танытып, оны бастауыш партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Ол бұл істе де қажыр-қайратын және, ең бастысы, кәсіби біліктілігін таныта білді. Сондықтан 1958 жылы қалалық партия комитетінің өнеркәсіп-көлік бөлімінің нұсқаушысы болып тағайындалады.

Тауфық Ғалиұлының қызмет биіктеріне өрлеуі таңғалдырады: аз уақыттың ішінде қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, халық депутаттары қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Петропавл коммунистерінің басшысы…

Оның осылайша биіктерге көтерілуінің ешқандай құпия сыры жоқ. Сол кездері Петропавл қаласында құрылыс айрықша қарқын алған еді. Бұл жұмысты басқаруға алғыр, қажырлы, кәсіби шеберлігі жоғары адам қажет болды. Т. Мұхаммед-Рақымов сияқты басшы осы талапқа сай екенін дәлелдеп үлгерген. Атап айтқанда, Петропавлда аса қуатты екінші жылу-электр орталығы іске қосылғаннан кейін қорғаныс мақсатындағы ауыр машина жасау зауытының құрылысы тамамдалды. Сондай-ақ, әуежай, көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, мәдени-әлеуметтік мақсаттағы нысандар бой көтерді. Осы қатарда «Қазақстан» кинотеатрын, үшінші қалалық аурухананы, телестудия ғимаратын атап айтуға болады.

Тауфық Ғалиұлының ойлау ауқымы кең, батыл шешімдер қабылдауға қабілетті, өзгелердің тасасында отырмай, тура іс-қимыл жасайтын басшы екенін онымен қызметтес болған әріптестері жиі айтады. Оның басқаруымен қалалық партия комитетінің, атқару комитетінің ғимараттарының, облыстық кітапхананың құрылысы тамамдалды. Ол атқару комитетінің ғимаратын облыстық мұражайдың иелігіне бергізді.

Ал темір жол станциясына асфальт жол тартқызу үшін сол маңайдағы жай үйлерді бұздырып, олардың иелеріне көпқабатты үйлерден пәтерлер бергізді.

Т. Мұхаммед-Рақымовтың іскерлігінің игілігін көргендердің қатарында Ойқала тұрғындары да қуанышқа бөленді. Өйткені, оның басшылығымен бұл қонысты су тасқынынан қорғау мәселесі шешімін тапты. Мұнда тасқынға қарсы бөгет салынды. Ол бүгін де сол қалпында өзіне жүктелген міндетті атқарып келеді.

Қалаға жақсы, көрермендер талғамынан шығатын, гастрольмен келген өзге өңірлер әртістеріне ұялмай ұсынатын жаңа театр ғимараты қажет екенін жақсы түсінген Тауфық Ғалиұлы оның құрылысын бастауды ұйғарады. Ол өзге де осындай театрдың құрылысын өзінің көзімен көріп қайту үшін Солтүстік Кавказдағы Нальчик қаласына барып қайтады. Бұл мақсатты Т. Мұхаммед-Рақымов өзінің кезекті еңбек демалысы кезінде жүзеге асырады. Біздегі Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрын соған ұқсас етіп, оған қажетті жоғары сапалы құрылыс материалдарын алдыруға қол жеткізді.

Қалалық саябақтағы Даңқ мемориалы, Октябрь алаңындағы Мәңгілік алау құрылысы оның басшылығымен тұрғызылды. Бұл үшін Тауфық Ғалиұлы Омбыға және Кеңес Одағының басқа қалаларына арнайы барып, солардың құрылыстарына қолданылған материалдарды алдырды.

1971 жылы Т. Мұхаммед-Рақымов облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Оның бұл қызметке келуінің мынадай мәнісі бар: 1970 жылы Преснов ауданы екі бөлініп, жаңадан Жамбыл ауданы құрылды. Аудан орталығы – Благовещенка ауылын Петропавл – Қостанай тасжолына дейін қосатын 35 шақырым асфальт жол тарту оңай шаруа емес. Соған қоса, тораптық су құбыры салынуы керек. Аудан орталығына талапқа сай тұрғын үйлер, мектеп, аурухана, дүкендер, асханалар, басқа да нысандар қажет болды. Осы құрылыстардың бәрі қатаң бақылаудың, мықты басқарудың арқасында бар болғаны тоғыз айдың ішінде қолға тигізілді. Әрине, қатаң бақылау мен мықты басқаруды жүзеге асырған адам – Т. Мұхаммед-Рақымов.

Осындай басшылық қабілетінің арқасында ол 1973 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірісті. Осы орайда Тауфық Ғалиұлы Маңғыстаудың қазыналы табиғи байлықтарын игеру, Екібастұздағы аса ірі «Богатырь» көмір кенішін ашу, Қарағанды металлургия комбинатының өндірістік корпустарын салу мәселелерін оңтайлы шешті. Сондай-ақ, оның басшылығымен Қазақстанның оңтүстігінде фосфор зауыттары, Жезқазғанда жаңа кеніштер, республиканың өзге де өңірлерінде өнеркәсіп нысандары бой көтерді.

1977-1979 жылдары Т. Мұхаммед-Рақымов Қазақ КСР жергілікті өнеркәсіп министрінің қызметін атқарды. Ал 1979-1980 жылдары Алматы қалалық партия комитетін басқарды.

1981 жылы ол Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары – Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Осы қызметті 1986 жылға дейін атқарғанда Тауфық Ғалиұлы республикамыздың экономикалық-әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарын құру жұмысына басшылық жасады. Ол осы ретте өндірістің техникалық деңгейін жоғарылатуға, еңбектің сапасын жақсартуға қол жеткізді.

Мемлекеттік жоспарлау комитеті облыстарды дамытудың аумақтық жоспарларын жасап, министрліктердің жұмысының тиімділігіне жетісудің жолдарын көрсетті, экономикалық ынталандырудың жаңа әдістерін енгізді.

Тауфық Ғалиұлы 1986 жылы зейнетке шықса да, қол қусырып отырмай, Бүкілодақтық радиотехника, электроника және байланыс ғылыми-техникалық қоғамы республикалық басқармасы төрағасының орынбасары болып еңбек етті.

Т. Мұхаммед-Рақымов атқарған осындай қызметтері үшін үш Еңбек Қызыл Ту және екі «Құрмет Белгісі» орденімен, төрт медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Оған «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері» атағы берілді.

1992 жылдың 15 наурызында қайтыс болған қайсар жанның, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерінің биік тұлғасы жадымызда жүреді.

Анатолий СЕРЕДА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp