Қазақстан тарихында алғаш рет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен агенттік жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың бастамасымен онлайн режімде айтыс өтеді.
Айрықша іс-шараға республиканың әр өңірінен 16 суырып салма ақын қатысады. Олардың ішінде Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Сырым Әуезхан, Данияр Алдабергенов, Жұлдызай Маратбекова секілді халықаралық және республикалық айтыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар.
Бұл айтыстың бір ерекшелігі – сайыс сыбайлас жемқорлық тақырыбына арналады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, өзекті мәселелерді көпшілікке өлеңмен жеткізу – халқымыздың байырғы дәстүрі. “Біз қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеуді дәріптеу үшін ең тиімді құрал ретінде қазақ айтысын пайдалануға міндеттіміз», – деді агенттік төрағасы.
Жарыс 9 сәуірде басталады. Қатысушылар жеребе тарту арқылы жұптарға бөлінеді. 9 және 19 сәуір аралығында 1/8, 1/4 және 1/2 финалдары өтеді. Онлайн айтыстың ақтық жарысы 2020 жылдың 18 және 19 сәуіріне жоспарланған.
Сайыс штабтың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан көрсетіледі: Facebook-те «Республикалық ақпараттық ағартушылық штаб», Instagram-да және YouTube-те «anticor_shtab_kz» парақшалары.
(https://web.facebook.com/groups/anticorshtab.kz
https://www.instagram.com/anticor_shtab_kz/
https://www.youtube.com/channel/UCCoZy6C6an6C0y-YE6qvOZg?view_as=subscriber
https://t.me/ripsh_antikor)
Жеңімпаздар «Antiсor_shtab_kz» телеграм арнасында онлайн дауыс беру және мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың төрағалық етуімен қазылар алқасының арасында дауысты бөлу арқылы анықталады.
Бас жүлдеге «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің Tengri эксклюзивті этно-инсталляциясы және «Біз біргеміз» логотипімен кәдесый ұсынылмақ.
Сурет http://ekaraganda.kz/ сайтынан алынды.