«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОНЛАЙН ДАУЫС БЕРУШІЛЕР КӨП

Праймериздің ақырғы кезеңі – дауыс беру өтіп жатыр. Үш күн ішінде “Nur Otan” партиясына мүше 28,5 мың солтүстікқазақстандық өз таңдауларын жасайды деп күтілуде.

“Nur Otan” партиясының атынан депутаттыққа үмітті жандарға дауыс беру дәстүрлі түрде және онлайн жүріп жатыр. Онлайн дауыс беру қазанның 1-інен басталып, қазанның 3-і сағат 14.00-де аяқталады. Ол үшін партия мүшелері “primaries.kz” сайтын және “App Store” немесе “Play Market”-тен “Праймериз” мобильді қосымшасын көшіріп алып, соны пайдалана алады. Бұл, әсіресе, уақыты тығыз жандарға ыңғайлы. Ал дәстүрлі түрде бюллетеньмен дауыс бергісі келетіндер өз кандидаттарына қазанның 3-і күні сағат 8.00 мен 14.00 аралығында дауыс бере алады.

Партияның әр мүшесінің бірнеше үміткерге дауыс беру құқығы бар. Саяси шараның әділ және заң талаптарына сай өтуін байқаушылар мен партиялық бақылау комиссияларының өкілдері қадағалауда.

– Петропавл қаласы мен өңір аудандарында мобильді қосымшаның көмегімен онлайн түрде дауыс бере алмағандар үшін арнайы орындар белгіленді. Сондай-ақ, аудандарда дәстүрлі жолмен дауыс беруге арналған учаскелер жұмыс істеп тұр. Оларды пандемияға байланысты санитарлық құрылғылармен қамтамасыз еттік. Облыс бойынша онлайн дауыс берушілер қатары басым, жалпы 7,5 мыңы ғана бюллетень толтырып таңдау жасайды, ал қалғандары жаңа технологияның көмегіне жүгінеді деп болжап отырмыз, – дейді “Nur Otan” партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Айзада Рахметова.

Өңірімізде праймеризге 632 үміткер қатысқан болатын. Бұған дейін сайлаушылар олардың бағдарламаларымен танысып, онда өзекті мәселелер көтеріліп, шешу жолдары ұсынылғанын айтады.

– Барлық үміркерлердің үгіт-насихат жұмыстарын көрдім, әркім бағдарламасын барынша қызықты да тартымды етіп көрсетуге тырысты. Саяси пікір-сайыстарға қатысып, өз ойларын білдірді. Сайлауалды кезеңде партия мүшелерінің арасында белсенді жастардың өте көп екенін байқадым. Олар – болашақ саясаткерлер. Дауыс беру басталысымен өз таңдауымды жасап, бірнеше кандидатты қолдадым, – дейді қоғам белсендісі, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева.

Дауыс беруге М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің өкілдері, әсіресе, студенттер белсене кірісті. Себебі, аталмыш білім ордасынан бәйгеге түскен 12 теріскейліктің 2-еуі студент екен.

– Өз дауысымды өңіріміз үшін пайдалы шаруа тындыра алады деген үміткерлерге бердім. Кандидаттардың саяси шараға тыңғылықты дайындалып, бағдарлама әзірлеуге жауапкершілікпен қарағандары көрініп тұр. Партияластарымды осындай жандарға дауыс беріп, белсенді болуға шақырамын, – дейді университет ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев.

Дауыс беру нәтижесі қазанның 5-інде белгілі болмақ. Барлық ақпарат партия филиалдарының әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp