Ел Тәуелсіздігі жылдарында қазағынан өзге этнос өкілдері басым Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл шаһарының қақ ортасынан ойып орын теуіп, еңсесін көтерген, қазақ балаларының ана тілінде білім алуына жол ашқан қалалық классикалық гимназияның жерлес жазушы Сафуан Шаймерденовтің атымен аталуы кездейсоқтық емес. Өйткені, сол кезде Қызылжар өңірінде ұлттық идеясы бар бір мектептің қажеттілігі және 70 жыл бойы осыны армандап келе жатқанымызды Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР-і Министрлер кеңесіне қаламыздағы зиялы қауым өкілдері атынан хат жазып жеткізген Сафуан Шаймерденов болатын.
Қызылжар қаласында облыстық мектеп-интернаттан басқа бірде-бір қазақ мектебі жоқ екендігіне, облыстың рухани дамуына алаңдаушылық білдірген жазушы туған жердің болашағын жасайтын жас өркендердің өз ана тілінде білім алып, елінің дамуына үлес қосатындай тұлға болып тәрбиеленуін қалады. Сөйтіп, ол Қызылжар қаласында қазақ мектебі үшін жер телімін бөлу және мектеп құрылысына арнайы қаржы қарастыру мәселесін шешуді сұраған.
Осылайша Сафуан Шаймерденовтің тікелей араласуымен осыдан тура жиырма жыл бұрын Тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығаштарының біріндей қазақ тілінде оқытатын білімнің еңселі ордасы – қалалық классикалық гимназия жас өрендер үшін есігін айқара ашқан болатын. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңдегі бұл оқиға қызылжарлықтарды ерекше қуантқанымен, бірқатар қиындықтар да орын алған еді. Жаңа ашылған мектептің ұстаздар құрамының әлеуетіне күдікпен қараған жұртшылық балаларын жаңа білім ошағына беруге асыққан жоқ. Алайда, осы кезде де зиялы қауым өкілдері өз балаларын ұлттық мектепке беріп, үлгі көрсетті. Сонымен қатар, қазақ отбасыларының үйлерін аралап жүріп, үгіт насихат жүргізді.
Алғашында 266 баламен ашылған мектепте бүгінде 438 оқушы білім нәрімен сусындауда. Құрылғаннан бергі 20 жылда мектепті бітірген талай түлек еліміздің түкпір-түкпірінде, әр салада еңбек етіп жүр. Гимназиядан қанат қаққан түлектер арасында өзге этнос өкілдері де бар. Бір-бірімен достық қарым-қатынаста болған түлектеріміздің арасындағы ынтымақтастық әлі де жалғасуда.
Гимназияның бірінші директоры Жангелді Тәжиннің ұйымдастырушылық қабілетінің және білікті басшылығының арқасында ұжым бірден өз-өзін көрсете білді. “СОРОС-Қазақстан” қорының “Пікірсайыс” бағдарламасы бойынша құрылған “Дебат” қозғалысы оқушы бойындағы дарындылықты дамытуға айтарлықтай үлес қосты. 1999 жылы “Дебат” бағдарламасы бойынша облыстық үйлестіруші болған гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сабыр Әбілкәрімов көп еңбек етті. Нәтижесінде оқу орны облыста “Дебат қозғалысын дамыту” грантының иегері атанды. Содан бері бірнеше басшы ауысқанымен, гимназия бүгінгі күнге дейін сол жетістіктерін жалғастырып келеді.
Осы жылдар аралығында жас ұжымның педагогикалық белсенділігі, шығармашылық қабілеттері өсті. “Еңбегіне қарай – өнбегі” дегендей, мектебіміздің мұғалімдері Сәулет Мұқанова “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі” төсбелгісімен, білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін – Сәлима Мақышева, Гүлбаршын Есмұқанова, Гүлжан Қасымова, Қанипа Елеусізова және Ерік Нұрпейісов “Даңқ” медалімен марапатталды.
Әйгерім Жантаева республикалық “Дарынды балаға – талантты ұстаз” педагогикалық олимпиадасының, Альбина Нікібаева “Үздік педагог – 2016” байқауының жеңімпаздары атанып, мерейімізді асқақтатты. Ұжымның шығармашылық еңбекте табысқа жетуіне мектеп басшысы өз ісімен әрдайым үлгі көрсетіп келеді. Гимназияның бүгінгі басшысы Күлтай Мұқанова “Үздік директор” байқауының жүлдегері атанып, білім ордасына компьютерлік сынып сыйлыққа тартылды.
Қалалық білім бөлімінің қорытындысы бойынша мекемеміз үш жыл бойы ең үздік мектептер қатарынан көрінуде. Педагогикалық ұжымымызда мұғалімдердің белсенділігі, білім технологияларын игеруге талпыныстары жоғары. Ел Тәуелсіздігін алған жылы еңбек жолын бастап, бүгінде ширек ғасырлық мол тәжірибе жинақтаған Ботагөз Мұхамеджанова, Бағдат Жақыпов сынды ұстаздарымыз жоғары шығармашылық қабілеттерімен ерекшеленуде.
Классикалық гимназия өзінің оқу-тәрбие үдерісіндегі жетістіктері үшін 2010 жылы “Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы” энциклопедиясы редакциясының дипломымен марапатталды. Гимназия жиырмажылдық тарихында 21 “Алтын белгі”, 31 ерекше үлгідегі аттестат иегерлерін тәрбиелеп шығарды. Мектебіміздің 12 түлегі мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасы аясында шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алып, бүгінгі күні алған біліктерін ел игілігіне жұмылдыруда. Түлектер арасында А.Әлжанов, А.Қайырлы, А.Рустем, А.Ысмаилова, А.Жамалиева, А.Бекқожинов, Ә.Есқожа (Мұхтанова), тағы басқалары жоғары лауазымды қызметтерде жүр.
“Шәкіртсіз – ұстаз тұл” дегендей, ұжымдағы мұғалімдер сапалы білім, салиқалы тәрбие беру арқасында оқушыларын әр жылдары түрлі байқау, жарыстарға қатыстырып, бақтарын сынауда. Оқушыларымыз “Ғылым әлемін ашамыз” ғылыми жобалар байқауында, механика және математикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық сайысында, республикалық “Астрономиялық турнирде” жеңімпаз атанды. Республикалық “Интернет форумның” бас жүлдесін 6 оқушы иеленді. Тағы бірі “Математика және жобалау” байқауында жүлдегер болса, биыл компьютерлік “Infomatrix” жобалар жарысында екі оқушымыз қола медальға қол жеткізді. Мәскеуде өткен “Адам – Жер – Ғарыш” ғылыми-зерттеу жобалар олимпиадасында бір оқушы жеңімпаз болды. Жыл сайын дәстүрге айналған “Зерде“ байқауының республикалық және пән олимпиадасының ақтық кезеңінде де оқушыларымыз жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Қазіргідей жаһандану дәуірінде дербес мемлекет болып өмір сүріп жатқан кез келген ел әлемдік аренадағы өз орнын білімі мен ғылымына сүйеніп қана сақтап қалатыны ақиқат. Еліміз Тәуелсіздік алған шақта жерлесіміз Сафуан Шаймерденовтің белсене араласуымен ашылған классикалық-гимназия педагогтері ұлттық, отансүйгіштік рухы биік тұлғалар тәрбиелеуге өз үлестерін қосуда.
Махаббат ҚҰРМАНОВА,
Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия директорының бейіндік оқу ісі жөніндегі орынбасары.