Еліміз Ұлттық валюта күнін атап өтіп жатқан кезде мен алғаш рет өзіміздің банкнотымыз – теңгені көрген және қолымда ұстаған сәтімді еріксіз еске түсіремін. Шынымды айтсам, ол кезде теңге біз үшін тек сатып алушы мен сатушы арасындағы айырбас құралы ғана емес, сонымен бірге Тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің өте маңызды элементі, тіпті, мүлде жаңа қазақстандық дүниетанымды қалыптастыру құралы болады деп ойлаған емеспін. Алғашқы банкноттардың түп-төркіні Англиядан болатын, бірақ бүгінде өзіміз қолданып жүргендер – толықтай өзіміздікі, қазақстандық.
Қазақстанның тарихында көптеген даңқты беттер бар, қазір мен солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жапқан 1990 жылдың 29 тамызын еске түсіргім келеді. Ол кезде әлі де Қазақ КСР-і болатын, бірақ мен қазір біздің Президентіміздің сол кезде қабылдаған шешімі Тәуелсіздігіміздің хабаршысы болғанын, оның біздің Көшбасшымыздың және еліміздің қандай болуы мүмкін екенін көрсеткенін түсініп отырмын.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған банкнотта Тұңғыш Президент портретінің бейнеленуі – бүкіл Қазақстан халқының Нұрсұлтан Әбішұлының өз елі үшін және отандастары үшін жасаған барлық жақсылықтарын жақсы түсінетіндігінің және өте жоғары бағалайтындығының белгісі. Мен жаңа банкнотты қанағаттанушылық сезіммен қарап шықтым. Дизайны өте тамаша, бірнеше еселенген қорғаныш жүйесі бар. Ол Қазақстан қоғамының бұрынғыдан бетер топтасуына және бірігуіне жағдай жасайтын болады деп ойлаймын.
Тәуелсіздіктің төл теңгесінде Тұңғыш Президентіміздің тұлғасы бедерленуі – тарихи оқиға. Отандастарымыздың ортақ қуанышы. Ел мерейі еселеп өскен 25 жыл ішінде қол жеткен табыстар осының айғағы.
Әлем мемлекеттерінің тарихында көшбасшыларды ұлттық валютада бейнелеу дәстүрі бар. Нельсон Мандела, Мұстафа Кемал Ата-түрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчиль сияқты таңдаулы тұлғалар тобынан біздің Елбасымызды көру зор қуаныш.
Анатолий БАШМАКОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі.