Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында: “Әлем тұрақсыз бола түсті. Бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр”, – деген болатын.
Десек те, лаңкестерге тойтарыс берер өрендеріміз бар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Солардың бірі – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Бахтияр Қайырбеков. Лаңкестерге тойтарыс беріп, жанкешті ерлік көрсеткен бұл сарбаздың батырлығы мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Елбасы оның өңіріне үшінші дәрежелі “Айбын” орденін тақты. Бүгінде жас батыр мен басқаратын еңселі оқу орнының курсанты. Өз Отанын шын сүйетін Бахтиярдай өрендер ғана мемлекеттілігімізді нығайтып, оны қызғыштай қорғау жолында адал қызмет ете алады.
1997 жылдың наурыз айында Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің жоғары Әскери училищесі құрылды. Қаланың шеткері аймағында әскери қалашықтың тұрғызылуы – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етсем деген қамқорлығы мен құқықтық тәртіп әскерлерінің біліктілігіне ұдайы көңіл бөліп отырғандығының айғағы. Қызылжар өңіріне жасаған жұмыс сапары кезінде Елбасы білім ордасына арнайы келіп, Жауынгерлік Туды салтанатты түрде табыс еткен болатын.
2009 жылдың наурызында оқу орны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің Әскери институты аталса, 2014 жылдан бастап оның атауы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институты болып өзгертілді.
Институт құрылғалы бері 2900 офицер түлеп ұшты. Оның 246-сы үздік атанса, ал 44 түлекке “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісі ұсынылып, есімдері Құрмет тақтасына жазылды. Олардың біразы лейтенанттық погондарын Астанаға барып, Бас Қолбасшының қолынан алды.
2009 жылдан бастап оқу орны әскери кадрларды даярлауда халықаралық деңгейге көтерілді. Үкіметаралық келісімшарттарға сәйкес дәл осы жылы институтқа Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінің жастары оқуға қабылданды. Содан бері Қырғызстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Тәжікстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскеріне 70 офицер даярладық.
Оқу орнының түлектері жоғары лауазымдық қызметтерде жүріп, күш құрылымдарында ең жауапты міндеттерді орындап жүр. Олар бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде, Қорғаныс министрлігінде және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдерінде міндеттерін абыройлы атқаруда. Мәселен, өңіріміздегі №6637 әскери бөлімінің майоры Берік Қожахметов – институтымыздың 2004 жылғы түлегі. Сондай-ақ, біздің түлектердің кейбірі еліміз бен Ресей, Беларусь елдерінің әскери университеттері мен академияларын тамамдап, бүгінде өзіміздің институт пен елордадағы Ұлттық қорғаныс университетінде ұстаздық етуде.
Институтта мамандар мемлекеттік тапсырыс бойынша даярланады. Ақылы түрде білім алып жатқандар жоқ. Бірінші курста әрбір сарбазбен 10 жылдық келісімшартқа екіжақты қол қойылады.
2007 жылдан институтта дәрістер мемлекеттік тілде беріле бастады. Бүгінде еліміз бен көрші елдерден келіп оқитын курсанттар төрт жыл бойы сегіз кафедрада білім алып, жеті мамандық бойынша даярланады. Атап айтқанда, курсанттар командалық-тактикалық тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар, байланыс әскерлері, Ұлттық ұланды автомобильдік, тылдық қамсыздандыру, әскерлерді командалық-тактикалық, ракета-артиллериялық, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша білім алып шығады. Оқыту бағдарламасында “ВС” санатындағы жүргізушілер мен электронды есептеу машиналары операторларын даярлау да қарастырылған. Курсанттардың шәкіртақысы алғашқы екі жылда 6448 теңгені құраса, 3-4-курстарда – 10954 теңге.
Оқу орны бой көтергелі бері үш рет мемлекеттік аттестаттаудан сүрінбей өтті. 2003 жылдан біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істей бастады. Содан бері мұнда еліміздің әр өңірінен 2 жарым мыңға тарта әскери қызметкер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қайта даярлаудан өтті. Бүгінде институттың 20-дан астам оқытушысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталған. Себебі, курсанттарды тәрбиелеп, білім беру ісінде олардың еңбектері өлшеусіз.
Оқу орнында ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде мұнда ғылыми дәрежелері бар 15 ұстаз жұмыс істейді. Олардың екеуі – ғылым докторы, 13-і – ғылым кандидаты. Жыл сайын институт қабырғасында әр алуан өзекті тақырыптарда халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар, еліміздің және Ресейдің жетекші әскери оқу орындарымен, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетімен тығыз қарым-қатынас орнаттық.
Институт қабырғасында курсанттарды оқуға қабылдау, адалдыққа ант беру рәсімдері, түрлі тәрбие сағаттарын өткізу дәстүрге айналған. Олар курсанттарды егемендіктің қадір-қасиетін ұғынуға, елді, жерді қалтқысыз сүюге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелейді. Әскери-тактикалық жаттығулар да курсанттардан төзімділік пен ептілікті талап етіп, сарбаздық рухты қалыптастыруға көмектеседі. Былтыр Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген игі шараларды өткіздік. Олар сарбаздарды тағы бір мәрте патриоттық сезімге бөледі.
Жеке құрам әскери шерулер мен кеңестерге үзбей қатысып, жақсы қырынан танылып жүр. Институтта офицерлер клубы, ардагерлер кеңесі, жастардың бастамашыл орталығы жұмыс істейді. Әскери оркестр мен әншілер – республикалық конкурс-байқаулардың лауреаттары. Спорттық жетістіктері де аз емес. Институттың тапқыр да көңілді сарбаздарынан құралған команда – облыстық және халықаралық КТК ойындарының бірнеше мәрте жүлдегері.
Институттың оқу корпустары оқу-зертханалық құрал-жабдықтармен, тұрмыстық жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілген. Екі оқу корпусында 60 аудитория, оның ішінде 100 орынға шақталған 5 дәріс аудиториясы, 10 арнайы және 4 компьютер сыныбы бар. Кітап қоры 122 мыңнан асатын үлкен кітапхана мен 100 орындық оқу залы жұмыс істейді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, 20 жылда біраз жұмыстың басын қайырдық. Алда алар асуымыз әлі де жетерлік. Бұл міндеттер мен жоспарларды орындауға Әскери институттың оқытушылары мен сардарлары бар күш-жігерлерін салады.
Жұмабек АХМЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының басшысы, полковник.