Жас ұлғайған сайын өткен күндер жиі еске оралады. Әсіресе, отбасыммен өткізген бақытты сәт өмірімнің жарқын көрінісі іспетті. Отбасы – адам баласының алтын ұясы, түп қазығы. Біздің халқымызда “Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар ” деген мақал бар. Төрт көзіміз түгел дастарқан басына жиналып, арқа-жарқа боламыз. Балалардың күлкісін көруден асқан бақыт бар ма?! “Адам ұрпағымен мың жасайды” демекші, бір кездері үйімді қызыққа толтырған балапандарым ержетіп, өз алдына отау құрды.
Ұлдың үлкені Алтай әскери салада еңбек етсе, қызым Райхан – қаржы маманы. Ал Оразтай ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. Құдай қосқан зайыбым Қапура Есдәулетқызымен немере сүйіп, өмірдің сәулелі сәттеріне куә болдық. Алайда, өмір – өзен, дүние дүрмек емес пе? Бұл жалғанда адам мәңгілік өмір сүрмейді. Алдымен, тұңғышым Алтайдан көз жазып қалдым. Бала қайғысын көруден асқан қасірет жоқ екенін сонда түсіндім. Кейін өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көрген қосағымнан айырылып, көңілді мұң басты. Аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже болған Қапураның орны бүгінде ойсырап тұр. Жан жарыммен өткізген әрбір сәтті сағынышпен еске аламын. Тіпті, оның жүріс-тұрысы әлі күнге дейін көз алдымда, ал айтқан сөздері жүрегімде мәңгілік жатталып қалды. “Қазақ отбасында немере ата-әжесінің тәрбиесінде болады. Балаларымыз ержетті. Бұл өмірдің заңдылығы ғой. Алғашқы оқу тоқсаны аяқталып, немерелеріміз демалысқа шыққан соң үйде отырыс жасайық. Мен дәмді тағам әзірлеп, дастарқан жаямын. Балдай тәтті немерелеріміз ата өсиетін ұғынсын”, – деді бірде Қапура. Ол кезде үйде екеуміз ғана тұрамыз. Сөйтіп, жұмыс бабымен жан-жаққа тарап кеткен балалардың басын қосып, көңілді отырыс өткіздік. Қапура дастарқанды жайнатып, балалардың алдына бар дәмдіні тосты. Бұл кездесудің басты мақсаты кішкентай құлыншақтарға өсиет айтып, ақыл-кеңес беру еді. Отырыс барысында немерелердің оқу үлгерімі мен тәртібі сөз болып, жетістіктеріне баға берілді. Отбасы мүшелерімен шүйіркелесіп, көңіл көтергенге не жетсін?! Ұл-қызбен емен-жарқын әңгімелесіп, мауқымызды бастық. Қызықты оқиғалар еске түсіп, әдемі кеш ән-жырмен өрілді.
Біздің отбасымызда қазақы дәстүр бойынша қыз тәрбиесіне айрықша көңіл бөлінеді. “Қыз – қонақ” демекші, Дина, Динара есімді немерелерге төрден орын беріп, ерекше құрмет көрсетілді. Дәстүр сабақтастығы мен сыйластық, татулық, ауызбіршілік, бауырмалдық көрініс тапқан бұл кездесуден ұл-қыз тағылым алды деп ойлаймын. Ата-анаға одан артық не керек? Кейін бұл басқосу дәстүрге айналды. Әр оқу тоқсанын асыға күткен немерелерім ата-әжесінің әңгімесін тыңдауға асығады. Уақыттан озған жүйрік жоқ. Өмірдің гүлі, көңілдің нұры болған сол балапандар бүгінде ержетті.
Немеремнің алды мамандық иеленсе, кейінгілері айтулы жоғары оқу орындарында білім алуда. Мәселен, Әсет облыс орталығында денсаулық сақтау ұйымдарының бірінде бағдарламашы болып жұмыс істесе, Әсия Нұр-Сұлтан қаласында лауазымды қызметте. Динара – Қазақ-Британ техникалық, Дина Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінде оқиды. Ерлан – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3-курс студенті. Ол – болашақ эколог. Ал кенже немерем Таир қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Білімге құштар ұл-қыздарымыз ертеңгі күні тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлестерін қосатынына сенімдімін.
Жалпы, әрбір отбасында ұрпақ сабақтастығы үзілмеуі тиіс. Үлкендердің өнегесін ұғып, тәрбиесін бойына сіңірген ұрпақ ешқашан жаман болмайды. Сондықтан отбасы мүшелері бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек. Бұл орайда, адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек қажет екенін айтқан қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың өсиеті бүгінгі күні өз мәнін жоймағанын аңғарамыз. Өйткені, қазір адамдардың пейілі өзгерді, қоғам қатыгез. Тіпті, айналамыздағы адамдарды айтпағанда, отбасындағы ата-ана мен баланың қарым-қатынасына сызат түскендей. Рухани байланыс жоқ. Дегенмен, бәрі бірдей емес. Әр шаңырақтың өзіне тән ерекшелігі, қалыптасқан дәстүрі бар. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, отбасында әрқашан ынтымақ пен бірлік болуы шарт. Сондықтан отау құрған жастар бала тәрбиесінде алдымен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, салт-дәстүрді сақтап, адамгершілік, әдептілік қағида-ларына ерекше назар аударуы керек. Әр отбасында тәрбиелік маңызы зор игі дәстүр орнаса, қандай ғанибет!
Зайыбым дүние салған соң рухани байланыстың алтын арқауы үзіліп қалады-ау деп іштей уайым кештім. Бірақ ана тәрбиесінен үлгі алған қызым Райхан басқосуларды ұйымдастыруды өз мойнына алды. Сыйластыққа сызат түсірмеген келіндер де игі дәстүрді іліп әкетті.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ, еңбек ардагері.