“Бастау” жобасы соңғы бірнеше жылдан бері өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Бұған жобаның көмегіне жүгініп, кәсібін дөңгелетіп отырған солтүстікқазақтандықтар куә. Ерлі-зайыпты Олег пен Ирина Круш екі жылдан бері мал шаруашылығымен айналысуда. Мамлютка қаласының тұрғындары 2018 жылы “Бастау” жобасына қатысып, онлайн курстан өткен болатын. Комиссия алдында өз жобаларын сәтті қорғаған соң “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалына жүгініп, 4 млн. теңгенің несиесін ресімдейді. Бұл қаражатқа 14 сүтті ақбас сиыр және сүт салқындатқыш танкер, сепаратор және заманауи сауу құрылғысын сатып алады.
– Біз “Бастау” жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқып, мал шараушылығын қолға алғанымызға қуаныштымыз. Өздерінің бар білгенін үйреткен бизнес-жаттықтырушыларға, қаржылай қолдау көрсеткен қордың және аудандық кәсіпкерлер палатасының мамандарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Кәсіби ақыл-кеңестерін берген жергілікті мамандардың көмегі зор болды. Мұндай қолдаусыз бастамамыздың сәтті басталып, табысты болуы екіталай еді, – дейді ағынан жарылған Олег Михайлович.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, мал шаруашылығымен айналысу екініің бірінің қолынан келмейді. Бұл кәсіпке үлкен тәжірибе, қажырлы еңбек, ептілік пен шыдамдылық қажет. Осындай қасиеттерге ие ауыл тұрғыны қорасындағы қара малдың санын 25-ке жеткізді. Ирина күн сайын сауын апаратының көмегімен сауылатын сүттен май айырып, ірімшік пен сыр және тағы басқа тағамдар жасайды. Кейін бұл тауарлар ауыл тұрғындары арасында саудаланады. Бір атап өтерлігі, кәсіпкер бүгіндері ауылдың екі тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сиырларды сауып, күтім жасауға көмектесіп жүрген бақташы мен сауыншының жалақылары уақытында төленіп тұрады.
Қорада негізінен сауын сиырлар болғандықтан, ерлі-зайыптылар жемазық құрамын түрлі концентраттармен байыту арқылы сүт өнімділігін арттыруды көздеуде. Бұл үшін қосымша құрал-жабдықтар мен техника керек. Мамлютка аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нина Василенконың айтуынша, іскер азаматқа бұл жолы да қаржылай көмек көрсетілген.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.