Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын ойлап, кемел келешекке бағыт-бағдар жасап беретін Елбасымыздың биылғы Жолдауын отбасымызбен ұйып тыңдадық. Жыл құсындай асыға тосатын құнды құжаттың біз үшін орны бөлек. Өйткені, Жолдауда әрбір сала жан-жақты толық қамтылып, ұзақ мерзімге жоспар жасалған.
Мән-мағынасы, мазмұны жағынан терең Жолдауда еңбектеген баладан еңкейген қарттарымызға дейін халықтың жағдайы ойластырылған. Білім алып, кәсіп көзін тауып, ерінбей еңбек етіп, ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосамын деп ұмтылған әрбір азамат үшін Жолдау елімізде орнаған уақытша қиындықтан шығатын шамшырақпен тең.
Мақсат-міндет айқындалған құжатта басқалармен қатар, әлеуметтік салаға да көп мән берілгені жүрекке жылылық ұялатып, келер күнге деген сенімді нығайта түсті.
2016 жылдан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен алғанда – 28 пайызға, білім саласы мамандарына – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы мамандарына 40 пайызға дейін өсетіндігі жақсы жаңалықтардың бір парасы. Зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен асыраушысы жоқ адамдарға төленетін әлеуметтік төлем мөлшерінің көтерілетіні де көңілден шығып отыр.
Қашанда мемлекетіміз ана мен баланың барлық жағдайын жасап, оларды назардан тыс қалдырмаудың арқасында бүгінде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жасалып жатқан игі шаралардың нәтижесін көзбен көріп, қуанышқа бөленіп отырмыз. Демографиямыздың дамуына сүбелі үлес қосып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген қаншама жарасымды жұптар баспанамен қамтамасыз етілуде. Кішкентай бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашқан балабақшалар саны да жыл сайын көбейіп келеді. Бала туғанда төленетін жәрдемақы, әлеуметтік көмектің барлығы – алтын құрсақ аналарға жасалып отырған қамқорлық. Биылғы басты құжатта осының бәрі қамтылған.
Дағдарыс кезеңінде қиындыққа мойымай, сын сағаттан жеңіспен шығудың жолдарын қарастыруды қадап айтқан Елбасының “Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін” деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз – Қазақстанды Мәңгілік Ел ету”, – деген мағыналы сөздері әр азаматқа жігер беріп, қайраттандыра түсетініне кәміл сенемін.
Шолпан НӘБИЕВА,
көпбалалы ана.
Петропавл қаласы.