«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ, ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ

Бүгінде әйелдер қауымы ерлермен иық тіресіп, түрлі салаларда биік асуларды бағындырып жүр. Орта және шағын кәсіпкерлікте табысқа жеткендердің 75 пайыздан астамы нәзік жандар екені осының дәлелі емес пе?! Үйде де, түзде де жаңашылдығымен, іскерлігімен көзге түскен белсенді қыз-келіншектер “Eńbegі janǵan arýlar” атты облыстық әйелдер фору­мында бас қосты.

– Гендерлік теңдік – мемлекетіміздің ішкі саясат саласындағы басты бағыттардың бірі. Бүгінде ұсынылған түрлі мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана білген әйелдер ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ана мен бала мәселесіне ерекше тоқталды. Үкіметке “Аңсаған сәби” бағдарламасын қабылдап, жасанды жолмен ұрықтандыру квотасын 7 есеге арттыру жөнінде тапсырма берді. Осы және өзге де мүмкіндіктер бесік тербеткен асыл жандардың сүйікті ісімен айналысуына жол ашпақ, – деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

Өңірімізде әйелдердің мәртебесін арттырып, оң имиджін қалыптастыруда, қоғамдық жұмыстарды атқарушы келіншектерді жан-жақты қолдауда маңызды қадамдар жасап келе жатқан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының рөлі зор. Форум барысында ұйымның осы күнге дейінгі жүзеге асырылған жұмыстары жайлы шағын бейнефильм көрсетілді. Оны тамашалау барысында нәзік жандардың көптеген игі істерге мұрындық болып отырғандығына көз жеткіздік. “Солтүстік Қазақстан облысының әйелдер күштері альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Бақытжан Сәмиеваның айтуынша, әйелдер көшбасшылығын қалыптастыру және саяси, әлеуметтік, экономикалық салаларда белсенді қыз-келіншектер қатарын көбейту жалпы қоғам үшін маңызды. Ол соңғы жылдары облысымызда белсенді қыз-келіншектердің қатары көбейгенін мақтанышпен жеткізді. Әсіресе, бұрымдылар пандемия кезінде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, еріктілердің жұмысын жандандырды.

Шара барысында түрлі салада жетістікке жеткен белсенді қыз-келіншектер марапатталды. Олардың қатарында Уәлиханов ауданының тұрғыны Роза Құсбекова да бар. Зейнеткер 40 жыл бойы “Қызылту су арнасы” ЖШС-інде технолог болып еңбек еткен. Бүгінде ұлттық тағам түрлерін әзірлеумен айналысады. Мысалы, оның үлпершек, өрме төстік, қаңсоқта, әсіп және көмеш сынды тағамдары аудан тұрғындары арасында сұранысқа ие. Тәжірибелі аспаз ретінде бірнеше конкурсқа қатысып, жүлде алған жерлесіміздің есімі “Өз ісінің шебері” жинағына енген. “Өз өңірімде алғысқа бөлену – мен үшін үлкен мәртебе. Республика көлеміндегі байқаулардың жеңімпазы атансам да, жерлестерімнің берген бағасынан артық марапат жоқ”, – деген Роза Садыққызы шара ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp