“Адамзат баласының үрейін туғызған “COVID-19″ індетіне мені де айналып өтпеді. Жөтел қысып, тынысым тарылған сәттерде жанымды қоярға жер таппадым. Өңіріміздегі білікті дәрігерлердің көмегінің арқасында екі аптадан соң жағдайым жақсарып, емді үйде жалғастырдым. Бірақ әлі күнге дейін демікпем кете қойған жоқ. Сырқаттан толығымен айығу мақсатында учаскелік терапевт облыстық көпбейінді аурухана жанындағы физиологиялық терапия бөліміне баруға кеңес берді. Алайда, 11 жыл бұрын онкологиямен науқастануыма байланысты маған қандай да бір физиоемдеу қабылдау өте қауіпті. Жуырда бір танысымнан өкпе ауруына шалдыққандар сауықтыру орындары мен шипажайларға жіберіліп жатқаны жайлы естідім. Осы жөнінде біліп берсеңіздер?” – делінген қала тұрғынының сауалында.
Бұл сұраққа облыстық көпбейінді аурухана жанындағы физиологиялық терапия бөлімінің меңгерушісі Лариса Путятина былай жауап берді:
– Біздің бөлім науқастарға көрсетілетін қызметтер түрін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №98 бұйрығы негізінде белгілейді. Газет редакциясына хабарласқан қала тұрғыны учаскелік терапевтің нұсқауы бойынша қарапайым физиологиялық және уқалау процедураларына жөнелтілген. Бірақ науқас бұл ем-шараларды қабылдай алмайды. Өйткені, кеуде қуысы бойынша медициналық қарсы көрсетімдері бар. Мәселенің анық-қанығына жету үшін Алматыдағы білікті реабилитологтарға хабарласқан едім. Олар да коронавирус инфекциясын жұқтырған, әрі ісік ауруы бойынша есепте тұрғандарға жылу процедураларын мүлде қолдануға болмайтынын айтып отыр. Сондықтан біз Балжан Ғабдуллинаға тек тыныс алу гимнастикасы мен өкпені нығайту шараларын, сонымен қатар оттегі дозаторы мен тұз шахталарындағы емді ғана ұсына аламыз. Ол үшін ең алдымен науқастың денсаулық картасымен танысып, қазіргі жағдайын қарау қажет. Ем белгілеу бағдарламасы әр адамға жеке-дара құрылады. Сол себепті сырқат ең алдымен тұрғылықты мекенжайы бойынша есепте тұрған емханаға келіп, дәрігерге қаралғаны жөн.
Коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханада жатып шыққандарды шипажайға ем қабылдауға жөнелту мәселесі толығымен шешілген жоқ. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша сұрақтар Әділет министрлігінде пысықталуда. Әзірге індеттен толығымен айыққысы келетіндер тек біздің орталыққа ғана келіп, ем қабылдай алады. Бүгінде стационарда 40 шақты науқасқа түрлі оңалту шаралары жүргізілуде. Осыған дейін реабилитологтардың көмегіне ие болған 61 адам аурудан құлан таза айығып шықты.
Дайындаған
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.