«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢТАЙЛЫ МҮМКІНДІК

Мәжіліс депутаттарының Парламенттің төменгі палатасының және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі бастамасы түрлі пікірталас алаңдарында қызу талқылануда. Үн қосушылар арасында бұл шешімнің дұрыстығына күмән келтіріп, қарсы пікір айтып жатқандар жоқ десек те болады. Депутаттардың мұндай шешімге келуіне алдымен әлемде қалыптасқан жағдай себеп болып отыр. Бұл қадам халық қалаулыларының жоғары саяси жауапкершілігінің көрінісі, депутаттардың еліміздегі жағдайға, әлемдегі орын алып отырған өзгерістерге жауабы деп бағалаймын.

Қазір дүние дүрлігіп тұр. Қайда болсын дағдарыс күннен-күнге өрши түсуде. Оның салқыны біздің елімізде де сезілуде. Міне, осындай күрделі жағдайда әліптің артын бағып, “көппен көрген ұлы той” деп жайбарақаттыққа салынсақ, оның арты неге әкеліп соқтыратынын болжаудың өзі қиын. Демек, уақытты босқа өткізбей қауіп-қатерлердің алдын алуымыз, Елбасы ұсынған мазмұны бірегей стратегия – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жедел кірісуіміз керек. Оған құқықтық негіз қаланды.  

Сарапшылар жаңа сайлаудың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге жаңаша бір серпін беретінін де атап көрсетуде. Айтса айтқандай, қоғамдық-саяси талқылаулардың барысында жаңа идеялардың, жаңа ойлардың көтерілуіне жол ашылары анық. Біз тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарымызды мақтаныш ете отырып, осал тұстарымызға да назар аударамыз, қоғамдағы қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірлесе қарастырамыз. Сайып келгенде, сайлау науқаны азаматтарымыздың саяси белсенділігін арттырып, қоғам өмірінің барлық салаларында серпіліс туғызады. Мұның барлығы қазіргі дағдарыстың алдын алуға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыруға көмектеседі.

Алда бізді көптеген қиындықтар күтіп тұрғанын Елбасы жасырып отырған жоқ. Демек, біз бүгінгі дүрбелеңге толы дүниедегі қатерлі қайшылықтардың қауіптілігін сезініп, бұрынғыдан да ширай, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті барынша нығайтып, Елбасының төңірегіне топтаса түсуіміз керек. Жұмылған жұдырықтай бір болғанда біздің бағындыратын биігіміз де жоғары болмақ. Менің ойымша, жаңа сайлау осы тұрғыдан алғанда да қажетті қадам болып табылады. Сондай-ақ, алдағы сайлау қазақстандық демократияны, бірлігіміз бен отансүйгіштігімізді тағы бір сын тезінен өткізіп алудың зор мүмкіндігі екенін де естен шығаруға болмайды.

Халық Мәжілістің сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің нәтижесінде оның құрамының айтарлықтай жаңаратынына, депутаттық корпусқа жаңа күш, жаңа ой келетініне сеніп отыр. Ол дұрыс. Өйткені, сайлау өтіп, бұрынғы депутаттардың дені өз мандаттарын сақтап қалса, одан не пайда?! Халық сеніміне ие болғандардың елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңінде Президент алға қойған барлық тапсырмаларды орындауда тың тегеурін танытуын қалаймыз. Мұның өзі сайлау өткізудегі басты мақсаттардың бірі болуға тиіс. Мемлекет басшысы ұсынып отырған стратегиялық міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін Мәжіліске тың күштер, соны ойлы азаматтар келуі керек. Десек те, бұл орайдағы пікірлер сан алуан. Бір топ Мәжіліс депутаттарының сөзімен де, ісімен де барша қазақстандықтарға танымал тұлғалардан жасақталғанын қаласа, бұл іске мықты реформаторларды, әсіресе, жастарды көбірек тарту керек деушілер де жоқ емес. Бұл талаптарды алдымен Мәжіліс мандатынан үміткер партиялардың ескергені жөн. Сөз жоқ, біздің елімізге күрделі экономикалық ахуалды жақсартуға қабілетті, кәсіби біліктілігі жоғары Парламент керек. Осыдан-ақ оның құрамындағы әр депутатқа зор жауапкершілік жүктелетінін аңғаруға болады.

Мәжіліс сайлауының мерзімінен бұрын өтуі – әр сайлаушыға берілген оңтайлы мүмкіндік. Отандастарымыз осыны терең сезініп, өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Мәжіліске енген партиялар өкілдерінің қызметін жан-жақты саралауға, ендігі жерде өз таңдауларын соның нәтижесі бойынша жасауға тиіс. Сенім кімге көрсетілуі керек? Бұл – өте маңызды мәселе. Менің ойымша, бүгінгі таңда “Нұр Отанға” лайықты қарсылас жоқ. Ал “Ақ жол” мен Қазақстанның коммунистік-халық партиясы өз сайлаушыларының үмітін ақтай алды ма? Бұл сауалға жауап алатын күн де алыс емес.

Серік УӘЛИЕВ,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp