«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі ЕАЭО-ны құрудың өзіндік ерекшеліктері жайында бірнеше бейнебрифинг ұйымдастырды. Оған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, “Қазақстанның азаматтық альянсы” ЗТҰ басшылары, Еуразиялық интеграция институтының директоры, Израиль, Австрия, Нидерланды, Египет мемлекеттерінің саясаткерлері қатысып, ЕАЭО-ның басымдықтары жайында әңгіме өрбітті, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) басқармасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасын әзірлеуге ҰКП-ның қатысуы жөнінде айтып берді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында қазір қолданылып жүрген құқықтық-нормативтік база біршама жақсарды.

Мысалы, ЕАЭО туралы шарт жобасында әрбір мемлекет үшін жеке-дара ұлттық өнеркәсіп саясатын жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Қысқаша айтқанда, енді Қазақстан арнайы субсидия беру саясатын ұлттық деңгейде жеке-дара анықтай алады. Сол сияқты, жобадан темір жол көлігі қызметіне айрықша тарифтерді және темір жол тасымалына бірегейленген транзиттік тарифтерді қолдануға қатысты нормалар алынып тасталды. Ондай тарифтерді қолдану ұлттық тасымалдаушыларға шығын әкелер еді.  

Одақта тараптардың тепетеңдігі қамтамасыз етілетін екі тұрақты жұмыс істейтін органы – Еуразиялық экономикалық комиссия мен Сот болады. Комиссия екі деңгейлі Кеңес пен Алқадан тұрады. Кеңесте премьер-министрдің үш орынбасары болады. Алқаға мемлекеттің әрқайсысынан үш-үштен өкіл енеді. Одақтың Сотында да сондай, мемлекеттің әрқайсысынан екі судьядан тағайындалады.

Қазақстан жағы өз ұстанымын қалыптастыру кезінде тек қана экономикалық мүддені басшылыққа алды. Шарттың мәні экономикалық ынтымақтастық мәселесі болып табылады. Экономикадан тысқары салалардағы ынтымақтастық туралы нормалар шарт мәтінінен алынып тасталды.

“Қазақстанның Азаматтық альянсы” ЗТҰ президенті Нұрлан Ерімбетов ЕАЭО туралы шарттың тиімді жақтарына мысал келтіре отырып, өз ойын ортаға салды.

Еуразиялық интеграция институтының директоры Жанаргүл Құсманғалиеваның айтуына қарағанда, әлемде екі жүздей өңірлік интеграциялық бірлестік жұмыс істеуде. Бұл сән қуу емес, экономикалық қажеттілік, ,үлкен нарық барынша жоғары қарқынмен өсіп отырғанын көрсетуде және әлемдік экономика жағдаяттарының ауытқуларына неғұрлым тұрақты.

Осыған байланысты Кеден одағымен Еркін сауда аймағына қосылуға қазірдің өзінде 40-тай мемлекеттің ниет білдіріп отырғандығы аса маңызды оқиға саналады. Олардың ішінде Түркия, Индия, Жаңа Зеландия, Вьетнам сияқты елдер бар. ЕАЭО-мен кедергісіз сауда жасауға Оңтүстік Американың ірі Меркосур экономикалық бірлестігі қызығушылық танытуда.

ЕАЭО, Нұрсұлтан Назарбаевтың түпкі ойы бойынша, басқа да өңірлік интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтасуды және оған жаңа қатысушы-мемлекеттердің кіруін қарастыратын ашық жоба. Оған қосыла алатын мемлекеттердің алғашқысы Армения болмақ. Содан кейін ЕАЭО-ға қосылу арқылы Кеден одағына кіруге Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттері де әзір екенін танытуда.

Еуразиялық интеграция институтының директоры брифинг барысында өз ұжымы жүргізген социологиялық зерттеулердің және сараптамалық сауалнамалардың нәтижелерінен де нақты мысалдар келтірді. Атап айтқанда, сауалнамаға жауап берген азаматтар интеграцияның артықшылығы ретінде әріптес мемлекеттердің нарығына қазақстандық бизнестің қолжетімді болатындығын, Ресей және Беларусьпен серіктесу технологиялық алға шығуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндігін және елде экономикалық өсімді қамтамасыз ететіндігін, түптеп келгенде Қазақстанның дүниежүзілік экономикалық жүйеге кіруі үшін жағдай жасайтындығын бөле-жара атаған.

Брифингтің келесі бөлімдерінде Израиль Инфрақұрылымдар министрлігінің аға үйлестірушісі Юрий Бочаров, Израиль абсорбация министрлігінің бас ғалымы Зеэв Ханин, Қазақстан-Австрия қауымдастығының мүшесі Анна Цайтлингер, Нидерланды Парламентінің төменгі палатасының эксдепутаты Коскун Чоруз, Египеттегі “Лос Амигос” компаниясының басқарушы директоры Галяль Махер Галяль Эльгор ЕАЭО туралы өз ойларымен бөлісті, өз елдеріндегі интеграциялық жағдайдан мысалдар келтірді, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Нұрсайын ШӘРІП,

  “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp