«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПАМЖЗ” АҚ-ның бас директоры Қуаныш БИШІМОВ: “БАЙҚАУ КӘСІПОРЫННЫҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРЕДІ”

Еліміздегі жетекші өнеркәсіп кәсіпорындардың бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ биыл Президенттің “Алтын сапа” байқауында жүлделі орын иеленуге талаптанып отыр. Компания экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін мұнай-газ өндірісіне, мұнай-химия және мұнай өңдеуге, энергетика мен темір жолға арналған жабдықтар шығаруға мамандануда. Өндіріс орнында шығарылатын өнімдердің сапасын арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын білмек болып кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Бишімовті сөзге тартқан едік.

– Қуаныш Ердәулетұлы, республикалық “Алтын сапа” байқауына қатысуға не себептен өтінім білдірдіңіздер? Бұл сыйлық сіздерге не береді?  

– Үнемі өзімізді-өзіміз жетілдіруге ұмтылу, кәсіпорынның беделін көтеруге деген талпыныс пен шығарылатын өнімнің бәсекелестігі, сол сияқты өткізу нарығын кеңейту – осының барлығы байқауға қатысуға мұрындық болды. “Алтын сапа” сыйлығын алу кәсіпорынның жұмысын тану болып табылады.

– Біздің білуімізше, “ПАМЖЗ” республикадағы машина жасау кәсіпорындарының ішінде алғашқылардың бірі болып халықаралық стандарттағы сапа менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификатына қол жеткізді. Шығарылатын өнімнің сапасын арттыру үшін өндіріс орнында тағы қандай шаралар қолдануда?

– Сертификаттау жөніндегі TUV CERT халықаралық органының бұл сертификатын 2003 жылы алғанмыз. 2012 жылы Алматы қаласындағы “Қазақстандық сапа орталығы” ЖШС-нің СТ ИСО 9001-2009 халықаралық стандарттағы сапа менеджменті жүйесінің сәйкестік сертификатына ие болдық. 2015 жылы ресертификациялық аудит өтіп, кәсіпорындағы сапа менеджменті жүйесі жарамды, сәйкес, нәтижелі екендігін және құрылымдық бөлімшелер алға қойылған мақсатқа қол жеткізгенін, сол сияқты өнімдерге қойылатын талапты орындауды қамтамасыз еткендігін дәлелдеді. Сапа бөлімінің жетекші мамандары тоқсан сайын бөлімшелердің қызметіне сараптама жүргізеді және соған орай сапа менеджменті жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныс қалыптасады. Жыл сайын сапа менеджменті жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және “ПАМЖЗ” АҚ-ның өзекті көрсеткіштерін орындау жөнінде шаралар, сол сияқты қызметкерлердің біліктілігін арттыру жоспары әзірленеді. Қызметкерлердің еңбегін уәждеу жүйесі енгізілген.

– Зауыт шығаратын жабдықтар әлі де арнайы сынақтан өткізіле ме?

– Иә, “ПАМЖЗ” АҚ-ның зертханасы бұрғылау, мұнай кәсібі, темір жол, жылу алмасу және энергетика жабдықтарын сынақтан өткізетін Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз зертхана болып табылады. Ол техникалық регламент, Кеден одағы, ұлттық және халықаралық стандарттар талабына сәйкес өнімдерді сынау үшін жеткілікті дәрежеде жарақтанған. “ПАМЖЗ” АҚ-ның зертханасы сертификаттау органдарының және Кеден одағының сынақ зертханаларының бірыңғай тізіліміне енгізілген.

Сол сияқты біздің кәсіпорынның метрологиялық қызметі ILAC-MRA белгісін қолдану құқығымен СТ РК ИСО/МЭК 17025-2007 талаптарына сәйкес калибрлеу зертханасы ретінде Қазақстан Республикасының аккредиттеу жүйесіне аккредиттелген. Аккредиттеу саласына сәйкес өлшеу құралдарының 7 түріне, 55 тобына калибрлеу жүргізіледі.

– Сіздер өз кәсіпорындарыңыздың беделін көтеру және танылуы үшін үнемі жұмыс істейсіздер. Бұл жағдайда қандай тетіктерді қолданасыздар?

– Кәсіпорынның беделін көтеру үшін заманауи техника шығаруға арналған қазақстандық және шетелдік компаниялармен ұзақмерзім негізінде ынтымақтастықты өзара дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Процестерді тиімді жүзеге асыру, кәсіпорынның стратегиясы мен саясатын өмірге енгізу мақсатында ішкі ресурстарды жоспарлау және басқару, нарық мониторингі, үдемелі технологияларды іздеу, сыртқы әріптестермен ынтымақтастық, жетістіктерді сараптау және оларды кәсіпорындарда пайдалану мүмкіндігі іске асырылады. Мүдделі тараптардың және өнімді ықтимал тұтынушылардың қатысуымен әртүрлі кеңестер өткіземіз. Өзіміздің кәсіпорынның қызметі және болашағы жайында республикалық, өңірлік деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарына, сол сияқты, “Экспозиция нефть и газ”, “Ресурс KZ” арнайы салалық журналдарға материалдар жариялаймыз. Әртүрлі өңіраралық ынтымақтастық форумдарына, оның ішінде инвестициялық, сол сияқты, халықаралық көрмелерге белсенді түрде қатысамыз. Енді, міне, Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығын алуға арналған беделді республикалық байқауға қатысу арқылы біздің кәсіпорынның бәсекелестігін көтеруді, жаңа әріптестер тартуды, әрине, үнемі жетілдіріп отыру мақсатында өзіміздің күшті және әлсіз тұстарымызға баға берілуін күтудеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp