Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында пандемияның екінші толқынына орай дайындық мәселелері пысықталды. Мамандар облыс тұрғындарының ауруды жаппай жұқтыру кезеңі қазан айына сәйкес келеді деген болжам жасап отыр.
Эпидемияға қарсы іс-шаралар біздің өңіріміз бойынша ақпан айының ортасынан бастау алған болатын. Ол кезде індетті ауыздықтаудағы алғашқы қадамдар коронавирус инфекциясының шетелдерден аумағымызға өтпеуіне бағытталды. Бұл мақсатта санитарлық-эпидемиологиялық өткізу пункттері орнатылып, аурумен күреске 47 медицина қызметкері жұмылдырылды. Сонымен қоса облысішілік блок-бекеттерде 200-ден астам маман жағдайды жіті бақылап, шекараны кесіп өтпек болған барлық азаматтарды қатаң тексерді.
Алайда, ауруға дер кезінде төтеп беру оңайға соқпады. Бүгінгі күнге дейін өңір аумағында 4087 адам індет жұқтырған. Оның 3919-ы аурудан құлан таза айығып шықса, 21 азамат бұл өмірмен қош айтысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қабдрахман Сақтағановтың айтуынша, стационар жағдайында 13 мыңнан астам науқас емделіп, мобильді бригада сырқаттар саны ең көп тіркелген маусым-шілде айларында 5 мыңнан астам шақырту қабылдаған. Бүгінгі күні індетке шалдыққандар қатарының азаюына орай ауруханалардағы кереуеттер қоры 500-ге дейін кеміген.
Індеттің екінші толқынында “COVID-19” вирусын 4 мыңнан астам адам жұқтырады деген болжам айтылып отыр. Денсаулық сақтау саласының өкілдері аурумен күресудің жоспарын екі бағыт бойынша әзірлеген.
– Қазір өңірдегі ауруханалар әдеттегі режімде жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда олар тәулік ішінде коронавирусты жұқтырған сырқаттарды емдеуге бейімделеді. Бұдан басқа, төсек қоры 2415-тен 3400-ге дейін ұлғайтылды. Бұл ауру ең көп тіркелген шілде айымен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Құрылысы қарқын алған 5 оттегі стансасы өз жұмысын жуырда бастайды. Облыс орталығында салынып жатқан 200 орындық инфекциялық аурухана да пайдалануға беріледі. Сонымен қатар дәрігерлер қатарын арттыруға көңіл бөлінген. Бүгінде ақ халаттылардың қатары 60 маманмен толықты, қазан айының соңына дейін өңірімізге тағы 40 медицина қызметкері келмек. Облыс бюджеті есебінен резидентурада білім алып жатқан 50-ден астам жас маманды жұмысқа тарту шаралары пысықталуда. Өкпені жасанды желдету аппараты 3 есеге – 81-ден 228-ге дейін, оттегі концентраторы 20 есеге – 18-ден 363-ке дейін жетті. Алдағы уақытта ауруханаларға 11 рентгенодиагностикалық аппарат пен 8 көшпелі медициналық кешен сатып алынады, – деді Қабдрахман Сақтағанов.
Облысымызда “COVID-19” және тұмау мен вирустық инфекцияларға қарсы дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Облыс әкімі бұдан былай медициналық препараттар бағасының тұрақтылығына бақылау қатаң жүргізілетінін ескертті.
– Сұранысқа ие дәрі-дәрмекке бағаны көтеру фактілеріне жол берілмеуі тиіс. Өкінішке қарай, осыған дейін мұндай жағдайлар тіркелді. Дәріханалар ауру ушыққан сәтті пайдаланып, қосымша қаржы табуға талпынды. Сондықтан бұл мәселе бойынша жұмысты ширатуды тапсырамын. Тұрғындар денсаулығының арқасында ақша табуды доғару керек, – деді Құмар Іргебайұлы. Ол, сондай-ақ, тұмауға қарсы вакцинациялау шараларының барысын сұрап білді. Бүгінгі күні медициналық мекемелер 60 мың адамға екпе егуді бастап кетті. Алдағы уақытта қосымша 24 мыңнан астам вакцина сатып алу көзделген.
Індеттің сырттан еніп кетпеуіне шекарадағы санитарлық-эпидмиологиялық бекеттер жауапты. Қыркүйек айының басынан бері ел аумағына кіруге мүдделі азаматтардың барлығы осы жерлерде мұқият тексерілуде. Қазір шеттен келушілер арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың қатары бірте-бірте көбеюде. Өңір басшысының айтуынша, көрші Ресей өңірлерінде эпидемиологиялық ахуал қайта ушықты. Тамыз айында Омбы және Түмен облыстарында тәулігіне 40-50 адам “COVID-19” ауруына шалдықса, қыркүйекте олардың саны 70-тен асып түскен.
– Ел аумағына кіргендердің барлығы ПЦР тестілеуден өтіп жатыр. Өкінішке қарай, Ресей Федерациясынан келгендердің ішінде вирус жұқтырғандар бар. Сондықтан біздегі жағдай да ушығуы мүмкін. Ең алдымен, ауруханалар дайын болуы тиіс. Бірінші толқын кезінде көп нәрсені аяқастынан орындауға мәжбүр болдық. Мұны мойындауымыз керек. Ал осы жолы ауру белең алған жағдайда қалай жұмыс жүргізу керектігін білеміз. Тәжірибе бар. Қондырғы да жеткілікті. Өңір тұрғындары да өз тарапынан жауапкершілік танытады деген үміттеміз. Олар аурудың өлім жағдайына әкелетінін ескере отырып, өзін-өзі оқшаулау, қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын ұстанады деген ойдамыз, – деді облыс әкімі.
Өңіріміздің бас санитар дәрігері Серікбай Қасмақасов коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. Тамыз айының ортасынан бері “COVID-19” бойынша жағдай тұрақталған. Бұл карантин шараларын жұмсартуға мүмкіндік берді. Соңғы күндері ауру өсімі 0,97 пайызды құрап отыр. Эпидемиологиялық көрсеткіш нашарлаған жағдайда өңіріміз қайтадан күшейтілген режімге көшетін болады. Бүгінгі күні бес зертхана жұмыс істеуде. Оларда барлығы 98 мың тест жүргізілген. Жалпы зертхана қуаттылығы тәулігіне 3 мыңға жуық ПЦР-зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.