Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін-өзі тарату туралы Үндеуінің мәтінімен танысып, бұл дұрыс шешім деген тұжырымға келдім. Қазақстандықтар мерзімінен бұрын сайлау өткізу тәжірибесін жақсы біледі. Талай күрделі кезеңдерде Парламент Мәжілісін тарату жөніндегі ұсыныстар қабылданып, қиын кезде тығырықтан жол тауып шыға алғанымызды ескеретін болсақ, қазір қалыптасқан жағдайдың аса күрделі екенін ескермеуге әсте болмайды.
Мәжіліс депутаттарының Үндеуінде айтылғандай, әлемнің өзге елдері секілді Қазақстан да күрделі кезеңге тап болып отыр. Дүниенің төрт бұрышын түгел қыспаққа алған дағдарысты еңсеру үшін ел ішіндегі ұлттық бірлік, экономикалық қапысыз тастүйін дайындық ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Қолға алынған реформаларды жүзеге асырудың басым бағыттары елімізде барлық салалар бойынша қамтылған. Бүгінгі күні республика тұрғындары Елбасының Ұлт жоспарын мүлтіксіз орындауға жұмыла кірісті.
Десек те, Президент ұсынған жаңа бағдарлама – Бес институттық реформаны дәйектілікпен орындау үшін тың күштер қажет-ақ. Сондықтан кәсіби біліктілігі жоғары жаңа Парламент қалыптастыру, оның құрамын жастармен, әртүрлі мамандық иелерімен толықтырудың оңтайлы сәтін тиімді пайдалана білсек, ұтарымыз көп болмақ. Осылайша халықтың саяси шешім қабылдауына мүмкіндік берілсе, сын-қатерлердің алдын алудың жаңа жолдары табылары сөзсіз.
“Кеңесіп пішкен тон келте болмас” дегендей, Мәжілістегі үш фракция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттардың уәкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы үндеулері ел қамын ойлаудан туған парасатты шешім екені даусыз.
Бақытжан СӘМИЕВА,
облыстық мәслихат депутаты, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.