“Өмірдің бір белесі – отбасын құру. Егер алғаның, сүйгенің, жарың, жаның айтқандай болмаса, сенің адам болуың да неғайбыл”. Манаш Қабашұлы “Жұлдызым менің” атты кітабында осы сөздерді айтады. Сонда қазақ тарихының атасы, академиктің жары қандай адам болғаны? Алыптың әйелі де осал болмас. Сара Пішенбайқызы бүгінде Алматыда тұрады екен. Телефон арқылы хабарласып, білгім келген бірнеше сауалдарымды хатпен жолдап, көп кешікпей жауабын алдым. Қысқа қайырыпты. Өз сөзінен гөрі өмірлік жарының жазғандарымен көбірек жауап берген екен.
– Манаш Қабашұлын көпшілік ғалым ретінде жақсы таниды. Сіз оның жалындаған жастық шағы туралы айтып беріңізші. Қандай жағдайда танысып, қалай отбасын құрғандарыңыз туралы оқырман білгісі келеді.
– Сіздің жіберген сауалдарыңызға жауап жазбас бұрын көп ойландым. Ғалымның жары болғандықтан, одан асырып сөз айта алмасым белгілі. Сондықтан Мәкеңнің жазғандарына көп жүгініп, сілтеме жасаймын. Екеуіміздің қалай танысқандығымыз туралы ол былай деп жазған еді. “Қостанайдан Алматыға бір вагонға мініп, білім іздеген жастар жыл сайын аттанатын едік. Соның бірі маған сәтті болды. 1950 жылдың жазында мен бір жеті Сара Пішенбайқызымен сапарлас болдым. Ол болса вагонның оң жақ қапталында екінші қатарда орналасты. Мен вагонның осы бір тұсына жиі келіп, сағаттап ертегі айтамын. Мәнерлеп, барынша жан дүниесін тебіренте айтамын. Арасында “шіркін, дүние-ай” деп қоятыным бар. Не керек, оқуға келе жатқан сол қыздар тобына барып, көңіл-күйін төккен жалғыз мен болармын. Кейін сол қыздар бір-бірімен кездесе қалса: “Дүние, шіркінді көрдім”, – дейді екен. Осылай мен бір ақкөңіл дарқан жан есебінде Сараның жадында қалдым”, деп жазады. 1956 жылдың қарашасында екеуіміз қол ұстасып, үлкен өмірге қадам жасадық.
– Ол отбасында қандай адам еді? Балаларымен, сізбен қалай қарым-қатынас жасаушы еді?
– Манаш Қабашұлы екеуіміз бір-бірімізге тіреу болып, тату-тәтті 45 жылдан арттық өмір сүрдік. Ол аузын ашса жүрегі көрінетін өте ақкөңіл, мінезі жайдары, үлкенге де, кішіге де өте кішіпейіл, туыстарына, жолдастарына қамқор жан болды. Студенттік шақтағы, кейін комсомол кезіндегі достарымен қарым-қатынасын ешқашан үзген жоқ. Кейін сан түрлі жоғары қызметтер атқарса да аға-іні, әріптестерімен жақсы араласып тұрды.
Мәкең өте балажан адам еді. Немерелерін еркелетіп, әртүрлі ертегілер айтып, оларға арнап көптеген өлеңдер де шығарды. Және тағы бір айта кететін жайт, барлық немерелерінің аттарын өзі қойды. Қиын сәттерде бір-бірімізге демеу бола білдік. Бұл туралы ол: “Егер Сара ғылым жолына түссе бір ғалымдай жарқ етер еді. Бірақ біз ауыр кезеңде өмір сүрдік. Бізді жетелеген ешкім болған емес, бәрі еңбек арқылы келді. Сараш, кезекті, мүмкіндікті маған берді, қолынан келгенін жасады. Балалардың тәрбиесін, негізінен, өз мойнына алды. Мұндай, орысша айтқанда, “самопожертвование” – өз тағдырын байлап, жар тағдырына қосу – үлкен ерлік”, деп разылығын білдірген еді.
– Сара Пішенбайқызы, “әке көрген оқ жонар” демекші, балаларыңыз туралы айтсаңыз. Әке жолын қуғандары бар ма?
– Құдайға шүкір, тәңір бізге бала берді, жай бала емес дана берді. Ілиясымыз әкесі салған сара жолға түсті. Танымал тарихшы, доктор, профессор. Ұлыммен мақтанамын әрі мақтан тұтамын. Бүгінде ол ел жүрегі – Астана қаласында тұрып жатыр. Гүлшатымыз да қолына қалам ұстады. Журналистиканы жанына қалап алған екен. Баспасөз тарихынан кандидаттық диссертация қорғағаны оның да әке жолын қуғанын аңғартпай ма?! Ілиястың үлкен қызы Ақбота – қытай тілінің маманы, ал Ақерке Қазақ-герман университетін бітіріп, экономист атанды. Алмасымыз – Халықаралық бизнес университетінің студенті, ал Әмір әзірге жетінші сыныпта оқып жүр.
Жиендердің екеуі де Еуропада білім алып, сол жақта еңбек етеді. Ардақ та, Айдан да – өздері таңдап алған мамандықтың білгірлері. Манаш атасы көре алмай кеткен қызықты Жаратушы Ием маған көрсетуде. Бүгінде үш бірдей шөберенің күлкісіне қарық болып отырған жайым бар.
– Өзіңіз қай салада еңбек еттіңіз?
– Менің таңдағаным – қиын да қызықты ұстаздық. 1955 жылы еліміздегі басты оқу орны – Қазақ мемлекеттік университетін бітіргенмін. Содан кейінгі 35 жыл жоғары оқу орындарында аға оқытушы болып жемісті қызмет атқардым. Жоғары математикадан дәріс оқыдым.
– Өміріңізде есте қалған ерекше ұмытылмас сәттер де болған шығар?
– Бұл өмірде естен кетпес оқиғалар өте көп қой. Әр адамның өмірінде тағдырға байланысты қуаныш та, реніш те, қайғы да болады. Біздің де басымыздан осылардың бәрі өтті. Жастық шақтан жарқ етіп есіме түскені, ерекше жадымда қалған сәт – Мәкеңнің докторлық диссертация қорғаған кезі. 1964 жылы бірінші монографиясы баспадан шықты. Бірақ осыдан кейін дайын ғылыми жұмысын қорғау ұзаққа созылды. 1969 жылы ғана Мәскеуде жоғары ғылыми кеңестің алдында диссертациясын қорғады. Біз сол кезде залда отырып, қатты алаңдадық. Себебі, ол бұл жұмысына бар жан-тәнімен кірісіп, жазып шыққанды. Яғни, кез келген жаман жағдай жүрегіне ауыр тиер еді. Сондықтан ол ауырып қала ма деп алаңдап, дәрі-дәрмекті дайындап отырдық. Қуанышымызға орай, бәрі сәтті аяқталып еді. Осы кезең біз үшін әрі жауапты, әрі қымбат еді. Себебі, Манаш Қабашұлының үлкен ғылымға нық басқан алғашқы қадамы ғой.
– Жас буынға айтар аналық ақ тілегіңізді білсек.
– Манаш Қабашұлы – қазақтың жоғын жоқтап, барын түгендеп беріп кеткен жан. Оны кең-байтақ қазақ жерінің қай қаласына барса да құрметпен қарсы алатын. Десек те, 2000 жылы Қызылжарда Бұқар жырау бабамызға арналған конференция өтіп, сонда негізгі баяндамашы болғандағы алған әсері ерекше. Сол кездесуде елдің ықыласына, жергілікті қауымның жылы қарсы алғанына разы болып келген еді. Көпке дейін айтып жүрді. Сондықтан жас буынға, академиктің есімі берілген университетте оқитын студенттерге ғылым жолын қууға кеңес берер едім. Тарихты сүю керек. Оның анық үлгісін Манаш Қабашұлы көрсетіп кетті.
– Сара Пішенбайқызы, сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.