“Nur Otan” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл еліміздің тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау өткізілуде. Ондағы мақсат – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді көшбасшыларды анықтау. Петропавлдағы Оқушылар сарайында праймеризге қатысушылар арасында өткен пікірсайысты партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов тамашалады.
Еліміз бойынша партияішілік сайлауға 11 мыңнан астам үміткер қатысуда. 800 мың адамды қамтыған 32 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шаралары өткізілді. Онлайн-форматта ұсынылған сайлауалды бағдарламалар мен жария пікірталастар да жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудыруда.
Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев республика тұрғындарын толғандыратын мәселелерді бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсеткен болатын. Осыған орай толғақты проблемаларды жұртшылықпен кеңесіп талқылау мақсатымен саяси ұйымның әр өңір, аудан, қала бойынша 216 сайлауалды бағдарламасының жобалары жасалды.
Біздің өңірімізде “Nur Otan” партиясының праймеризіне қатысуға 653 адам өтініш берсе, тіркелгені – 645. Олардың 12,7 пайызы – Мәжіліске, 20,5 пайызы – облыстық мәслихатқа, қалғандары – қалалық және аудандық мәслихаттарға кандидаттар.
Өзін-өзі ұсынғандар үлесі – 67 пайыз. Үміткерлердің 40 пайызы – қыз-келіншектер, 27 пайызы – 35 жасқа дейінгі буын. Ең жас үміткер – 19-да. Ең үлкені – 72 жаста.
Қазіргі уақытта өңір бойынша праймериздің маңызды кезеңі – ашық алаңдарда пікірсайыстар өткізу, сайлауалды бағдарламаларымен таныстыру бел ортадан ауып, саяси доданың нағыз қызған шағы. Пікірсайыстың бірі облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен Оқушылар сарайында өтті. Бұл жолғы бәсеке “Qyzyljar” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының міндетін атқарушы Данияр Уәлиев, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің проректоры Жанар Таласпаева, Оқушылар сарайының директоры Дина Әбілмәжінова, жастар бастамалары орталығының кеңесшісі Әл-Фараби Мыңбай және Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Бақытжан Тұрсыновтың арасында өтіп, қатысушылар алдымен өз бағдарламаларымен таныстырды. Одан кейін бір-бірлеріне сұрақ қойып, жауап алу түрінде өрбіді. Қай-қайсысы болмасын әбден әзірленіп келгендерін көрсетті. Ел, облыс ауқымында кездесетін түрлі экономикалық, әлеуметтік проблемаларды, қиындық-кедергілерді қозғаумен қатар шешілу жолдарын да ортаға салды. Әлеуметтік желіден түскен сауалдарға жауап қайтарылды.
Пікірсайыс аяқталған соң Құмар Ақсақалов ашық алаңда жұртшылыққа өз тұжырымдама-ларын ұсынған қатысушылармен кездесіп, істеріне сәттілік, табыс тіледі. “Праймериз өркениетті елдерде демократиялық үрдісті жаңғыртудың құнды құралы ретінде бағаланады. Бұл әдісті тиімді пайдалану партияның жұмысын жаңаша құруға, жаңғыртуға мүмкіндіктер береді. Ішкі партиялық бәсекелестікті, жастардың азаматтық, қоғамдық белсенділігін арттырады. Жұртшылық сенімінен шығу үшін, бірінші кезекте, терең білім мен алға қойған мақсатқа жеткізер ынта-жігер керек. Қатысушылардың көпшілігі проблемаларды, ауыл жағдайын жақсы білетіндерін аңғартты. Мәселелерді шешудің жолдарын да ұсына алды”, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұл механизм партияға мүшелікке кірмеген адамдардың да қызығушылығын тудырып отыр. “Қатысушылар арасында тәжірибелі партия мүшелері, үкіметтік емес ұйым, мәдениет, БАҚ, бюджет саласының өкілдері, кәсіпорын, бизнес жетекшілері, блогерлер де аз емес. Бұған дейін мен пікірсайысты онлайн-режімде бақылаған болатынмын. Бүгін де байқадым, көптеген қызықты идеялар мен құлақ асарлық құнды ұсыныстар айтылды. Оның бәрі алдағы уақытта ескерілетін болады. “Nur Otan” партиясының қатарына жақтастарды көптеп жұмылдырып, проблемаларды шешуге тарту – басты шарт. Осыны ескеруіміз керек”, – деді саяси ұйымның жергілікті филиалының төрағасы.
Еске сала кетейік, үгіт-насихат жұмыстары аяқталғаннан кейін кандидаттарға дауыс беру электронды форматта жүргізіледі. Сайлау 3 қазанда өтеді, ал партия мүшелері таңдаған үміткерлердің тізімі 5 қазанда жарияланады деп күтілуде.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.