Өңір басшысы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов партия ішіндегі іріктеуге қатысушылармен кездесіп, алғыс хаттар табыс етті.
Жиынды модератор, филиал төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде “Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде алғаш рет ұйымдастырылған жаңа форматтағы қайта жаңғырту бағдарламасы ішкі саяси демократия мен «әлеуметтік лифт» механизмін қалыптастыруға бағытталып, ел өміріндегі маңызды шараға айналғанын жеткізді. Партия ішіндегі ішкі сайлау қорытындысы бойынша 25989 солтүстікқазақстандық нұротандық өз таңдауын жасады. 18 мыңнан астам адам онлайн, 7,5 мыңнан астамы қағаз бюллетеньдер бойынша дауыс берді. Праймеризде 632 үміткер бағын сынаса, 40 пайызы – әйелдер, 26 пайызы – 35 жасқа дейінгілер, сонымен қатар 11 көп балалы ана, 5 мүмкіндігі шектеулі жан болды. Үгіт-насихат жұмыстары үшін тең мүмкіндіктер ұсынылған кандидаттар іс-шаралар барысында 6500-дей кездесулер мен пікірсайыстар өткізді. Іс-шара барысында 123500 адам қамтылды. 1200-ден астам ұсыныс-пікірлер жинақталды. Қоғамдық пікірталас ерекше қызығушылық тудырды. Тікелей эфирлер арқылы оларды он мыңнан астам адам тамашалады. Тұрғындарды жол, сапалы ауыз су, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру секілді әлеуметтік мәселелер көбірек толғандыратын болып шшықты. Дебаттан бас тартқан 9 үміткер жарыстан шығарылды.
«Барлығымыз бірлесе отырып, Елбасы бастамасымен қолға алынған партияішілік іріктеу – праймериздің алғашқы кезеңін ойдағыдай аяқтадық, деді жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Құмар Іргебайұлы. – Праймериз партия тәжірибесінде тұңғыш рет жүргізіліп отырған үлкен саяси науқан ретінде есте қалады. Іріктеудің сәтті өтуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Әрқайсыңызға алғысымды білдермін, табыс, сәттілік тілеймін. Елбасы «қуатты партия дегеніміз – мықты лидерлер» деген болатын. Саяси шара кезінде халыққа айтатын ойы бар, елдің алдына шығып, іс-қимыл бағдарламаларын жеткізе алумен қатар сенімді түрде қорғай алатын, шешім жолдары ойластырған, мемлекетіміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етуге даяр жаңа тұлғалардың саяси күш шоғыры қалыптасты деп нық айта аламыз. Осы күндері әрбір нұротандық өзінің саяси ұйымның бір бөлігі ретінде электронды түрде дауыс беріп, өзінің дұрыс саяси таңдауын жасады. Саяси бәсекедегі тәжірибе мен сабақ алдағы уақытта да өз көмегін тигізеді».
Филиал төрағасы атап өткендей, сайлауалды бағдарламаларда қамтылған өзекті мәселелер, тұрғындар тарапынан айтылған өтініш-тілектер мен ұсыныстар тұрақты бақылауға алынады.
Алқалы басқосуда Қазақстанда жалпыұлттық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған партияішілік сайлауалды іріктеуге белсене атсалысқан бір топ қатысушыға облыс әкімінің алғыс хаты салтанатты түрде табысталды. Жеті аталым бойынша үздік деп танылғандар арасында Дмитрий Колода, Бақытжан Тұрсынов, Төлеген Иманов, Владимир Витченко, Зәкіржан Мавлютов, Алла Писаренко, Зәмзәгүл Жұматова бар.
Облыстық филиалдың баспасөз хатшысы Ілияс Сәбденовтан білгеніміздей, бұдан кейін партиялық тізімдерді қалыптастыру үрдісі басталады. Қалалық және облыстық филиалдардың конференцияларында аудандық және облыстық мәслихаттардың сайлауына ұсынылатын партиялық тізімдер бекітіледі. Ал облыстық мәслихат пен Парламент Мәжілісіне кандидаттар арасында жеке-дара пікірсайыс өткен соң оның қорытындылары бойынша жасырын рейтингтік дауыс беру арқылы делегаттар облыстық мәсихат пен Парламент Мәжілісінің сайлауына ұсыну үшін үміткерлерді таңдайды.