«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“РАДУГА” КЕЗЕКТІ ЖОБАНЫ ІСКЕ ҚОСТЫ

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында іске қосылатын жаңа жобалар бойынша жалпыұлттық телекөпір өткізді. Мемлекет басшысы ел аумағында жұмыс істеп тұрған инновациялық нысандардың жұмысымен танысып, екінші бесжылдықтың бірінші жылында жүзеге асырылатын өндіріс орындарының іске қосылуына рұқсатын берді.

Солтүстік Қазақстан облысы бұл күнгі шараға “Радуга” ЖШС-нің “Тез әзірлейтін азық-түліктер өндіру жөніндегі зауыт” жобасымен қатысты.  

Серіктестікті “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған Дмитрий Шарапаев басқарады. Кәсіпорын ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымында “Парыз – 2014” бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының қола жүлдесіне ие болған. Дмитрий Анатольевич басқаратын серіктестік 1400 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Фирманың, Алматы мен Астананы қоса есептегенде, Қазақстанның 12 қаласында филиалы бар. Оның өнімдері республикамыздың барлық өңірлеріне танымал, бірегей тауарлар Ресей Федерациясына да экспортталады.

Компанияның жаңа зауыты облыс орталығындағы Я.Гашек,1 мекенжайында орналасқан. Еңселі ғимараттың бесінші қабатындағы өндіріс алаңы – 1200 шаршы метр. Оған жүгері таяқшалары мен құрғақ таңғы ас шығаратын Қытайдың заманауи қондырғысы орнатылыпты. Онда 32 адам еңбек етеді. Зауыттың қазақстандық үлесі 90 пайызды құрайды.

Телекөпірде өз кезегімен сөз алған зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Ботагөз Құлданова:

– Біз жаңа өндірісте құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығаруды игердік. Зауыт Қазақстан үшін жаңа өнімнің 25 атауын өндіретін болады. Ол ішкі нарықты қамтамасыз етуге және өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Жобаға “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау жасалды. Аса құрметті Елбасы! Жеке кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс білдіруге және екі жаңа өндірісті іске қосуға рұқсат етуіңізді сұраймыз, – деді.

Президент:

– Өте үлкен қуанышпен іске қосамыз. Елімізде теңдесі жоқ жаңа өнім құтты болсын! – деді.

Дмитрий Анатольевичтің айтуына қарағанда, зауыттың бұл цехында жүгері таяқшаларының – 7, құрғақ таңғы астың 3 түрі шығарылатын болады. Ғимараттың төртінші қабаты іске қосылғанда өнім тағы кемінде 10-15 атауға көбеймек. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 430 тонна.

Телекөпірден кейін ЕАЭО-ға мүше елдердің рейтингі бойынша үздік маман деп танылған зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Ботагөз Құлдановаға облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Қажырлы еңбегі үшін” медалін табыс етті.

Ерік Хамзаұлы өңірдің Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 27 млрд. теңгенің 39 жобасы енгізілгенін, оны 100-ге жеткізу жоспарланып отырғанын атап айтты. Қазіргі уақытта Қытайдың көмегімен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда бидайды тереңдетіп өңдейтін ірі кәсіпорын салу мәселесі үкіметтік деңгейде шешіліп жатыр. Өңірімізде рапс өсіріп, оны өңдеуге италиялықтар да мүдделілік танытып отыр.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp