«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РОБОТТАРЫМЕН РИЗА ҚЫЛҒАН ұстаздың шәкірттері көбейіп келеді

Осыдан екі жыл бұрын Петропавл қалалық классикалық гимназиясында алты оқушымен бірге “Робот техникасын құрастыру” үйірмесін ашқан Данияр Уәлиевтің бүгінде шәкірттерінің саны отыздан асқан. Қазіргі күні ғылымның заман талабына сай саласына қызығушылық білдірген оқушылары саны жағынан өсіп қана қоймай, сапа жағынан да озаттар қатарынан көрінуде. Олар осы аз уақыттың ішінде республикалық, халықаралық, дүниежүзілік робот техникалары сайыстарына қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанып үлгерді.

“Болар бала бесігінде бұлқынар” дегендей, Данияр Серікұлы бала күнінен күйген, сынған заттарды жинап, оларды бұзып, ішіндегі моторын алып, бірінің сайманын біріне ауыстырып, үзілген жерлерін дәнекерлеп, одан басқа нәрсе шығаруға әуес болды. Мектепке алғаш компьютерлер әкелген кезде жаңа техникаға қатты қызығып, оның жұмыс үдерісімен танысу үшін бос уақытын соған арнаған ол, тіпті, студент кезінде ақша табу үшін компьютер жөндеумен де айналысты.  

Данияр Уәлиевтің “Робот техникасын құрастыру” үйірмесін ашуға байлам жасауына бала күнгі қызығушылығымен қатар, Петропавл қаласына келген роботтар көрмесінің ықпалы болды. “2012 жылы тамыз айында қаламызға роботтардың көрмесі келді. Екі ұлымды алып, соны көруге барып, ақыр-аяғында өзім қызығып, қанаттанып шықтым. Олардың технологиясын көрген соң мектепте робот техникасын құрастыру үйірмесін ашу туралы ой келді”, – дейді. Бұған дейін роботты қалай құрастыратынын білмесе де, ойына алғанын істемей тынбайтын табандылығына салды. Сол күннен бастап тынымсыз еңбектеніп, мектеп оқушылары үшін роботты қалай, қайдан және қандай түрін алуға болатындығы, тағы басқалары жөнінде Интернеттен мәліметтер іздейді. Бұл ретте Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстазының көп көмегі тиеді. Үйірмені бастау үшін робот, оны алу үшін қаражат керек болғандықтан, демеуші іздеп, ашпаған есігі қалмайды. Зор қиындықпен демеуші тауып, сол қайырымды азаматтың берген қаржысына Мәскеуден 2 робот алдырып, сол жылы қыркүйек айында үйірме жұмысын бастайды. “Бүгін сол кездегі қиындықтардың бәрі артта қалды, алдыма қойған мақсатым орындалып, бәрінің орайы келді”, – дейді ол.  

Робот техникасын құрастыру саласы дүниежүзінде жақсы дамыған. Алдыңғы қатарлы елдерде, тіпті, мектепте сабақ ретінде өтеді. Қазақстанда Семей, Орал, Тараз, тағы басқа қалалардағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде ғана енгізіліп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында: “Екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиалық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салған жөн”, – деп атап көрсеткенін ескерсек, Данияр Уәлиевтің бұл бастамасы – 2050 жылға дейін мемлекетіміздің дамыған отыз елдің қатарына кіруге жасалып отырған қадам. Робот техникасын құрастыру үйірмесі арқылы шығармашылық мүмкіндігі бар дарынды балалардың негізгі ғылымдарға деген қызығушылығы дамып, алдағы кәсіби қызметте өз-өзін анықтауына, ізденушілік-зерттеушілік, ғылыми-техникалық қабілеттерін ашуына, мемлекет жетістіктерін өз жетістіктері арқылы арттыруға мүмкіндік туады. Инженер, техник, информатик сияқты заман сұранысына ие мамандықтарға қызығушылықтары оянады. Бүгінгі білім стандарты талап етіп отырғандай, оқушылар проблеманы өзі іздейді, өзі шешеді, жасайды, қолмен ұстап көреді, осылайша функционалдық сауаттылығын дамытады. Робот құрастыру арқылы оқушылардың қиялдары ұшталып, ойларына алғандарын жүзеге асыруға, мақсаткерлікке, табандылыққа, шыдамдылыққа, білімқұмарлыққа тәрбиеленеді. “Қазіргі ойыншық роботтарды жасап жүрген балалар күні ертең шынайы техникаларды шығаруға қабілетті болады. Бала күнінен қызыққан дүниелерін мамандық таңдаған кезде пайдаланады. Жасаған роботының не істей алатынын, яғни функцияларын халықаралық сайыстарда тек ағылшын тілінде қорғайды, демек, олар ғылымның тілін де меңгереді”, – деген Данияр Серікұлы үйірмеге қатысып, халықаралық сайыста бірінші орын алған екі оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылып, қазір техникалық мамандық бойынша грантпен оқып жүргенін айтады.

Робот құрастырушы балалар өткен жылдың ішінде республикалық, халықаралық сайыстарда жеңімпаз атанды. Соның алғашқыларының бірі – Астана қаласында өткен сайыста бес санат бойынша қатысып, соның төртеуі бірінші орын алса, Орал қаласында да үш бірінші, бірнеше екінші орынды иеленді. Америка Құрама Штаттарында қашықтықта өткен халықаралық Интернет конкурста жеңіске жетіп, құны 6 мың доллар тұратын 5 робот ұтып алды. “Қараша айында Сочиде өткен бүкіләлемдік олимпиадаға 47 мемлекеттен 2 мыңға жуық оқушы қатысты. Олардың арасында Америка Құрама Штаттары, Германия, Бразилия, Мексика, Жапония, Корея, Малайзия сияқты робот құрастырудан алдыңғы қатардағы елдер болды. Ағылшын тілінде өткен конкурста он екі жүлделі орын болды. Біздің команда “Ең өзекті жоба” деген аталымды ұтып алды. Бұл – біз сияқты жаңа бастап жатқан команда үшін үлкен жетістік”, – дейді Данияр Серікұлы.

Алғашында екі роботпен қалалық классикалық гимназияда басталған үйірме бүгінде қанатын кеңге жайып келеді, роботтар саны да еселене түскен. Әл-Фараби мектеп-лицейінде, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейден робот техникасына тартқан әріптестері өз білім ошақтарында осы істі жалғастыруда. Бүгінде облыстық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығында да екі робот жиынтығымен үйірме ашылған. Данияр Уәлиев бұл игі бастаманы аудандарда жалғастырып, өңірде робот техникасы үйірмелерін көбейтуді көздеп отыр. “Өйткені, неғұрлым үйірме саны көп болса, олардың арасында жарыстар ұйымдастырып, бәсекелестікке жол ашылады. Балалар бір-бірінен озу үшін жаңа идеялар ойлап табады. Алғашқылардың бірі болып ниет еткен Есіл аудандық білім бөлімі болып отыр. Олар робот жиынтығын алса, біз өзіміз мұғалімдерге тегін түсіндіріп, көрсетіп береміз”, – дейді ол.

Ұстаздар әулетінің жалғастырушысы Данияр Серікұлының мұғалімдік еңбек жолын бастағанына жеті жыл болса, соның екі жылында басшылық қызметте. Алайда, баламен бала тілінде сөйлесетін, жас та болса, бас болып отырған ұстаз ұжым мүшелерімен, ата-аналармен де демократиялық қарым-қатынас орнатқан.

№16 орталау мектебі білім ошақтары арасында өткен рейтинг бойынша он үздік мектеп қатарына енген. Білікті де ізденімпаз басшы басқарып отырған мектеп қалалық білім бөлімінің тапсырмасы бойынша мұғалімдер және оқушылар арасында “Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынын өткізуді де бастап кеткен. Данияр Серікұлы Астанада өнертапқыштықты дамытуға байланысты өткен үшкүндік оқуға барған сапарында Оңтүстік Кореядан келген мамандардың балаларды өнертапқыштыққа қалай үйретуге болатыны туралы дәрісін тыңдап, тағы бір жаңа идея алып қайтыпты. “Енді робот техникасын жасаумен қатар, балаларды өнертапқыштыққа баулысам деген ойым бар”, – дейді ол.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp