Қазір аласапыран ақпарат дәуірі. Жаңалықты жедел жеткізетін түрлі ақпарат көздері бар. Бірақ біз үшін газеттің орны қашан да бөлек. Өйткені, дәстүрлі баспасөздің өзіндік артықшылығы көп.
Біз, аға буын өкілдері, өңіріміздегі кез келген саланың тыныс-тіршілігімен газет арқылы танысып отырмыз. Экономика, әлеумет пен мәдениет салаларына қатысты мақалаларды оқып, көкжиегімізді кеңейтіп, жан дүниемізді байытамыз. Мерзімді баспасөз – тарихтың куәсі іспетті.
Мен “Soltústіk Qazaqstan” газетінің байырғы авторларының бірімін. Ұмытпасам, 1949 жылы “Ленин туына” ауылда жұмыс істемей тұрған мәдениет ошағын сынап “Құлыптаулы клуб” деген тақырыпта мақала жаздым. Бұл менің облыстық газетте жарық көрген ең алғашқы сыни мақалам болатын. Ал аталмыш басылымда 1954 жылы “Алтын заң” деген алғашқы өлеңім жарық көрді. Сол жылдары “Ленин туының” бір нөмірінде Әли Мұсаханов, Рахметолла Уәлиев сынды облысқа танымал бір топ ақын-жазушының суреті басылды. Осындай зиялы қауыммен қатар суретке түсу мен сияқты оқушыға үлкен мәртебе болғаны шындық. Сондықтан әдебиетке құштарлығымды оятқан редакциямен шығармашылық байланысымды бүгінгі күнге дейін үзген емеспін. Рухани азығыма айналған газет кейде өз уақытында қолыма тимесе көңілім құлазиды.
Әр жылдары газет бетінде түрлі тақырыптарда мақалаларым мен өлеңдерім жарық көрді. Баспасөзде қалам тербеген аз-кем еңбегім ескеріліп, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталдым. Мен үшін бұл зор құрметтің белгісі.
Қоғамды ұлы істерге ұйыстырып, халықты ізгілікке, жанашырлық пен әділдікке тәрбиелейтін газет ұлттың үні іспетті. Өкінішке қарай, жастар қазір газет-журнал, кітап оқымайды. Өскелең ұрпақтың компьютер, смартфонның жетегінде кетуі аға буынның үрейін туғызып отыр. Қоғамды газет арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Сондықтан баспасөзге жазылу науқанында облыстағы жалғыз қазақ басылымына жанашырлық таныту игі іс. Бұл орайда, газетті тарату, оқырмандардың санын арттыру үшін қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік мекемелермен, оқу орындарымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет деп ойлаймын. Жастармен, оқырмандармен өткен кездесулерде басылымның артықшылығы туралы айтылу қажет. Сонда ғана газеттің жанашырлары артып, оқырмандары көбейе түспек.
Бұқараның жағдайын шынайы жеткізуде әр мақаланы терең зерттеп, саралайтын тілшілер қауымының еңбегі әрқашан елеулі. Бұрнағы кездерде газет бетінде жазылған сын пікірлерге, мәнді ұсыныстарға тиісті көңіл бөлінетін. Шыққан материалдарға орай қандай шешім қабылданғанынан қоғам хабардар болатын. Өлеңдерге талдау жасалып, редакция алқасы тиісті баға беретін еді. Редакция мүшелері осы мәселелерді қайта жаңғыртса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Алаштың ұлттық мінбері болып саналатын бір ғасырлық ғұмыры бар шежірелі “Soltústіk Qazaqstan” газетіне баршамыз қолдау білдірейік! Газеттің жүз жылдығы қарсаңында ана тіліне жанашыр әр адам басылымға жазылса, қазақ баспасөзінің қарашаңырағына көрсетілген құрмет болар еді.
Болат САҒЫНДЫҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.