«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒЫРТТЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік таныта алмай отыр. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдуланың айтуынша, еліміздің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы негізінде жасалған 2015-2017 жылдарға арналған өңірлік жоспардың бірқатар пункттерін орындауда кейбір мемлекеттік органдар салғырттық танытуда. Барлық мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті болса, іс жүзінде бұл жұмыс қолға алынбай, уәкілетті органдардың мойнына артылған. Мәселен, денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттарында тегін медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектердің атаулары көрсетілмеген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы алқабына мониторинг жүргізілген кезде жер қатынастары басқармасына аудан әкімдіктерінен статистикалық мәліметтер ғана берілетіндігі анықталған. Жалға алу мерзімі өтіп кеткен жер телімдері бойынша жұмыс жүргізілмеген.

– Мемлекеттік органдар тарапынан аталмыш жұмысты атқаруда немқұрайдылық бар екеніне көз жеткіздік.  

Стратегияны орындауда бақылау, ұйымдастыру жұмыстары нашар жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімі аппаратының жетекшісіне екі аптаның ішінде аталмыш мәселені шешуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Берілген тапсырма бойынша 23 желтоқсан күні аппарат жетекшісі, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары өңір басшысының алдында есеп беретін болады.

Ал азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастырумен айналысатын азаматтық қоғам субъектілерін қолдау мен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталған ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жангүл Жолмұқанованың сөзіне сенсек, бұл бағыттағы жұмыс кең көлемде жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов ішкі саясат басқармасының сайты 2012 жылдан бері жаңартылмағанын еске салды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp