Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде самбо бөлімшесі ашылды.
Аталмыш спорт түрі Қызылжар өңірінде 2004 жылға дейін жақсы дамыған. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты бөлімшені жабуға тура келген. Енді, міне, ұзақ үзілістен кейін солтүстікқазақстандықтар қарусыз қорғану тәсілдерін насихаттайтын спорт түрімен қайтадан айналысу мүмкіндігіне ие болуда. Қазіргі уақытта Жастар сарайында 16 өреннен құралған екі топ жаттығу жұмыстарына кірісті. Самбодан жаттығулар жасы тоғыздан асқан балалар үшін аптасына 3 рет ұйымдастырылады. Секция – тегін.
Бөлімшенің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов жас өрендерге сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру, әр облыста және ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін атап айтқан болатын. Осыған орай 16 жылдан соң бұл спорт түрін қайта жандандыруды құп көріп отырмыз. Осында жаттығып жатқан жеткіншектерге зор үміт артамыз, – деді басқарма басшысы.
Жиында сөз алған облыстық күрес федерациясының құрметті президенті Бауыржан Құлжанов пен ардагерлер арасында самбодан әлем чемпионы Мақсат Нүсіпов жеткіншектердің келешегінен зор үміт күтуге болатынын айтты. Сондай-ақ, талапты жастардың облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып, халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғайтындарына сенімді екендерін жеткізді.
Марат ШЫНТЕМІРОВ,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы.