Ақжар аудандық Мәдениет үйінде сазгер, ұстаз ретінде жақсы танымал Амангелді Тошкеннің шығармашылық кеші өткізілді.
Амангелді Тошкен бүкіл саналы ғұмырын саз өнеріне арнап келеді. Ол Қарағанды педагогикалық институтының музыка бөлімін бітіргеннен бері мектептен, өнерден, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруден қол үзген емес. Өз ісін жақсы білетін маман біраз жыл мектеп директоры қызметін атқарды. Бар күш-жігерін аянбай жұмсап, еңбек ететін ол балаларды музыка әлеміне терең бойлатудан жалықпайды.
Амангелді Хасенұлы жиырмадан астам музыкалық аспаптарды жетік меңгерген. Белгілі қазақ ақындарының сөзіне шығарылған ондаған әндердің авторы. Ол көптеген облыстық, республикалық, кеңес заманында одақтық байқауларға қатысып, өнер сайыстарынан жүлдемен оралған. Өзінің 40 жыл ұстаздық еңбек жолында жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде оқушылары өмірден өз орындарын тауып, ұстаздарының есімін мақтан етеді.
Сазгер ағамыздың құрметіне өткен кеште жүрекжарды лебіздермен қатар, әсем ән мен тәтті күйге орын беріліп, аудандық Мәдениет үйінің шаңырағы шаттыққа толды. Өз өнерін ұстазына тарту еткен шәкірттер сахна төрін әуен мен күйге бөледі. Аудан әкімінің орынбасары Ғалымтай Айтмұхаметов зейнет жасына жетіп отырған той иесіне аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.
Болат ӘМРИН,
журналист.