Бүгіндері сот жүйесіне жұмыстың заманауи форматын және озық электронды қызметті енгізу, біліктілігі жоғары заңгерлерді судья қызметіне тарту, соттарға заңсыз ықпал етудің алдын алу, түсінікті және болжамды сот тәжірибесін қалыптастыру міндеттері қойылған. Осы бағытта облыс соттарында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Соңғы уақытта “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасының мүмкіндіктері мол екеніне көпшіліктің көзі жетті. Өйткені, кез келген адам үйінде отырып немесе, тіпті, шетелде жүріп те сот отырысына қатыса алады. ІТ-технологияның бұл жаңашылдығы өткен жылдың маусым айынан жүзеге асырылып келеді. “Виртуалды сот” жобасының тиімділігі сол – іс бейнеконференция арқылы қашықтықтан қаралады. Нәтижесінде судьялардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар азайып, сот қорғауына қолжетімділік жеңілдегенін де айта кеткен жөн.
Республикамыздың барлық соттары бейнекамера құрылғыларымен жабдықталғаны белгілі. Яғни, іске қатысты тараптар мен олардың өкілдері қай өңірде тұрса да, келмей-ақ, сот отырысына қатыса алады. Бұл үшін алдын ала тиісті өтініш білдіруі қажет.
Өткен жылдың шілде айында өңіріміздегі алты түзету мекемесіне бейнебайланыс құрылғысы орнатылды. Аққайың ауданындағы шалғай орналасқан Тоқшын, Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылдық округтерінің әкімдіктерінде “Виртуалды сот” кабинеттері ашылып, олар ақпарат алмасу және оны нақты уақыт режімінде өңдеу үшін екі немесе одан да көп абонентті өзара байланыстыратын қазіргі заманғы технологиямен жабдықталды. Сонымен қатар аудандық әкімдіктермен бірлесіп, шеткері орналасқан 35 елді мекендегі мекемелер бейнекамера құрылғысымен қамтамысыз етілді.
Облыс орталығындағы полиция органдарының екі ғимараты да бейнеконференция байланысына қосылған. Аталған құрылғылар Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотта істерді қарау барысында жиі пайдаланылады. Жақын арада облыстағы бес ауылдық округті осындай құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сот жүйесін жаңғырту мақсатында жүзеге асырылып жатқан “Сот төрелігінің 7 түйіні” бағдарламасының аясында қолға алынған “Smart Sot” қанатқақты жобасы да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Сот төрелігін жүзеге асыруды цифрландыруға бағытталған жоба азаматтарға сот отырыстарына қашықтықтан қатысуға мүмкіндік береді. Бірақ олар мұны смартфонның, планшеттің немесе интернетке қосылатын басқа да құрылғылардың көмегімен жүзеге асыра алады. Бұл қызметті қазіргі таңда қандай да бір себептермен сот отырыстарына қатыса алмайтын азаматтар тиімді пайдалануда. Биылғы жылдың өткен үш тоқсанында облыс соттары “Smart сот” жобасының аясында 1804 істі қарады.
Аталған жобаны енгізу тұрғындардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыруға, заңсыздықтар мен кедергілерді жоюға және судьялардың жұмысын жеңілдетуге айтарлықтай септігін тигізді. Өйткені, қатысушылар орналасқан жеріне, қаржылық жағдайына қарамастан, сот отырысының барысын бақылап, сұрақ қойып, жауап алып, процессуалдық құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыра алады.
Сот жүйесіндегі жаңашылдықтардың бірі – облыстық ауданаралық экономикалық соттың бастамасымен өткен жылдың қазан айында қолға алынған “Виртуалды ақпараттық орталық” қызметі. Бүгіндері облыстық, Петропавл қалалық №2, мамандандырылған ауданаралық экономикалық, мамандандырылған әкімшілік соттарда қолданылатын қызметтің мақсаты тұрғындарға стационарлық телефон, электронды пошта немесе “Whatsapp” желісі арқылы жедел әрі білікті көмек көрсету болып табылады. Бұл үшін арнайы мамандар жұмыс істейді. Азаматтар немесе олардың заңды тұлғалары жұмыс күндері “Whatsapp” желісіне хабарласа алады. Толыққанды жауап алу үшін орталықтың операторы оны аталмыш мәселемен айналысатын маманмен байланыстырады. Бұл қызмет сот отырыстарының хатшылары мен кеңсе мамандарының жұмысын айтарлықтай жеңілдететініне сенім мол. Алайда, бұл форматта сот актілерімен келіспеушілікке қатысты өтініштер қаралмайды.
Облыстық соттың ресми сайтында отырысқа қашықтықтан қатысуға қажетті мобильді қосымшаны құрылғыға орнату тәсілі жайлы толық ақпарат көрсетілген. Қазіргі таңда бұл жобаны облыс тұрғындарына түсіндіру жұмыстары қолға алынды.
Озық технологиялардың қолданылуы судьялар мен сот отырысындағы хатшылардың жұмысын оңтайландыруға, сот отырысының хаттамасындағы ескертулерді азайтуға, сот ісін жүргізу тәртібін жеңілдетуге ықпалын тигізеді. Заманауи электронды қызмет сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталып, қағазбастылықтан арылуға, қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Гүлнәр БЕКЕНОВА,
облыстық соттың судьясы.