“Қазақстан – Ұлы Дала Елі” сандық технологиялар саласындағы жаңа қосымша әзірленді. Аталған қосымша заманауи және интерактивті үлгіде еліміз туралы жан-жақты ақпаратпен танысу үшін әзірленген. Ол – Қазақстан туралы бірегей кешенді ақпарат жиналған сандық технологиялар саласындағы алғашқы өнімдердің бірі. Қосымшада қолданылған көптеген фотосуреттер мен бейнематериалдар эксклюзивті болып табылады және де бұған дейін жарияланбаған. Әзірлеуші әр материалдың техникалық және көркемдік сапасына жоғары талаптар қойған.
Қосымша Windows, Apple, Android жүйелеріне негізделген құрылғылардың барлық түрлері (ұялы телефондар, планшеттер, ноутбуктер, компьютерлер) үшін жасалған. Веб-сайт үлгісіндегі нұсқасы да бар.
Өнімді жасауға бір топ жергілікті және шетелдік мамандар жұмылдырылған, олардың ішінде журналистер, фотографтар, видеооператорлар, дизайнерлер, программистер бар.
Қазақстандықтар үшін бұл қосымша Отанымыз туралы кешенді тақырыптардың кең ауқымын қамтитын нағыз сандық энциклопедия болып саналады. Тұтастай алғанда, қосымша география, тарих, қоғам, мәдениет, мемлекет, халықаралық қатынастар, экономика, туризм, Астана және “ЭКСПО – 2017” сынды он бөлімнен тұрады.
Отандық дипломаттар үшін қосымшаның пайдасы зор. Әсіресе, шетелдік әріптестерге елімізді таныстыруда бірден-бір заманауи құрал болмақ. Сондай-ақ, өзге елдердегі қазақ диаспорасының арасында таратқан да тиімді. Шетелдіктерді, әсіресе, Қазақстандағы туризм мен инвестициялар және “ЭКСПО – 2017” көрмесі туралы материалдар қызықтырары сөзсіз.
Қосымша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Қосымшаны AppStore және Play Market арқылы жүктеуге болады. Ол үшін іздеу жолағына – “Kazakhstan Land of the Great Steppe” сөзін енгізу қажет.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.