«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАЛЫ БИДАЙ ӨТІМДІ ӨНІМ КЕПІЛІ

Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша алға қойылып отырған міндеттерді сенімді қолға алғандардың бірі – “Petromali company” кәсіпорны. Заманауи техникамен жабдықталған диірмен мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар қырық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Арутюняндар отбасының Қазақстанда өмір сүріп жатқанына жиырма жылдан асқан. Әкесінің қазақ жеріне табыс көзін іздеп келгенін сөз еткен Рудик Николаевич бүгінде бұл елді екінші Отанындай қастерлейтінін айтады. Тіпті, осыдан екі-үш жыл бұрын атажұртқа оралу туралы сөз қозғалғанда қимастық сезім аяқтарын тұсаған. Отбасылық ортақ шешіммен тапқан-таянғандарын кәсіпке бағыттап, Петропавл қаласының сыртына элеватор тұрғызған. Үлкен аумақты алып жатқан диірменнің құрылысы, құрал-жабдықтары, өндіріс шикізаты барлығы отбасылық бюджет есебінен өтелуде.

– Әкем, немере ағам және мен кәсіпорын құрылтайшысымыз. Аграрлы өңірде өмір сүріп, одан түсетін ырысты бағаламау мүмкін емес еді. Өндірісті қалыптастыру үлкен қаражатты талап етсе де, ортақ шешімге оңай келдік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев соңғы Жолдауында Қазақстанның көптеген позициялар бойынша әлемдегі ірі аграрлық өнім өндірушілердің бірі бола алатындығын айтқанын білеміз. Президенттің бұл сөзі осы бағытқа жоспар құрған бізге де үлкен міндет жүктейді, – дейді “Petromali company” ЖШС-нің директоры Рудик Арутюнян.

Заманауи элеватордың құрылысы бір жылдың ішінде аяқталып, 2015 жылдың мамыр айында іске қосылған. Элеватордағы сыйымдылық, астықты кептіру, сұрыптау мен арту желілері техникалық үдерістің озық үлгілерімен салынған. Қамбада жатқан бидай жабық желі арқылы жылжып, аз уақыттың ішінде ұнға айналдырып жатқан техниканың мүмкіншілігіне тәнті боласың. Өндірістің іші тап-таза, ұн үгіліп жатқан жер деп айтудың өзі қиын. Автоматтандырылған жүйе іркіліссіз жұмыс істеуде. Адам еңбегі жеңілдетілген.

Компанияның өнімдері “Petro-mali company” тауарлық белгісімен тарауда. Кәсіпорын елу, жиырма бес килограмм қаптарға салынған өнімдерінің 90 пайызын экспортқа шығаруда. Былтырдан бері Ауғанстан елімен қоян-қолтық жұмыс жүргізіп келеді. Биыл да тауардың бір бөлігі сол жаққа жөнелтілген. Сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерімен байланысты нығайта түсуде. Еуропаға да көз тіге бастаған. Сонымен қатар ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселесі де компанияның басты мақсаттарының бірі. Осы бағытты жүзеге асыру үшін екі килограмдық өлшеммен тауар қаптайтын желіні іске қосу жоспарланып отыр. Оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алыныпты.

Элеватор тәулігіне 75 тонна ұн үгеді. Өткен жылы серіктестік 25 мың тонна өнім өндіріп, сатқан. Элеватордың қуатты кептіргіш құралдары мен кең қоймасы қор жинауға зор мүмкіндік береді. Ылғалдылығы аса жоғары бидай да кептіріліп, қамбаға салынуда. Былтырғы астықтан 17 мың тонна шикізат жинап алған.

Шетел нарығын бағындырып жүрген кәсіпорынның сапа көрсеткіші туралы сөз қозғау артық болар. Бидайдың жақсысын таңдап, халықаралық стандарттарға сай өңдеу технологиясын қолданып, жұмыстарын ұтымды үйлестіруде. “Солтүстік Қазақстан өңірінде өсірілген бидайдан сапасыз ұн үгу мүмкін емес”, – дейді кәсіпкер.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp