
Бейсенбі күні өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын алмастыру және жаңарту мәселесіне арналған кеңес өтті. Оған А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Жексенбай Қасқырбаев, Ресей ауыл шаруашылығы академиясы Сібір ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Павел Поползухин, Түмен облысындағы “Агро Альянс” ғылыми-зерттеу компаниясы” ЖШҚ-ның директоры Юрий Щетин, Қорған облысындағы “Қорған тұқым” агрохолдингі” ғылыми орталығы директорының орынбасары Артем Моргунов, облыстың элиталық-тұқым шаруашылықтарының, “Қазагрэкс” АҚ филиалының басшылары, облыстық және аудандық мемлекеттік құрылымдар мен шаруашылық субъектілерінің жетекшілері қатысты.
Аталмыш шараға қатысушылар кеңес басталғанға дейін мәжіліс залының кіреберісіне қойылған отандық және Ресей Федерациясының көрші облыстарының элиталық тұқымдар көрмесімен танысты.
– Тұқым шаруашылығын жақсы ұйымдастырудың және сұрыптарды дұрыс таңдай білудің арқасында ғана ала жаздай өңдеген дақылдардың өнімі үштен бір есе өсетіндігін ғылым мен тәжірибе іс жүзінде дәлелдеп отыр. Өсімдік шаруашылығында жоғары түпкі нәтиже алуға бағытталған жиынтық шаралар қарастырылған. Олардың негізгісі – сұрып алмастыру мен жаңарту. Дер кезінде жүргізілген және ойластырылған осы үдеріс астықтың шығымдылығын арттыруға арналған тәсілдердің бірі болып саналады, – деді кеңесті ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров “Тұқым шаруашылығы мәселесі, алдағы кезеңнің проблемалары мен міндеттері және өңірдегі ағымдағы жағдай туралы” баяндама жасады. Айдарбек Сейпілұлының айтуына қарағанда, жыл сайын өңірімізде республика бойынша жалпы жиналатын сапалы астықтың 30 пайыздайы өндіріліп, шамамен ол 5,5 млн. тоннаны құрайды. Облыстың ауыл шаруашылығы өндірісінде 3800 агроқұрылым жұмыс істейді. Алайда, облыста ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің әрі қарай дамуын қамтамасыз етуде пайдаланылмай жатқан әлеует жетерлік, соның бір бағыты – тұқым шаруашылығы.
Өңірде 6689,1 мың гектар ауыл шаруашылығына жарамды жер бар, оның 4866,6 мыңы – егістік алқаптар. Олардың орташа құнарлылығы 54,8 балды құрайды. Үстіміздегі жылы 4,4 млн. гектар егістік алқаптың 3,2 млн. гектарына – дәнді және дәндібұршақты, 470 мыңына – майлы, 654 мыңына жемазықтық дақылдар себілді.
Соңғы екі жылғы орақ науқанының қорытындысы да біздің өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру ауа райы жағдайына тәуелді екендігін көрсетті. Десек те, дәнді және майлы дақылдардың кеш пісуіне облыстың тауар өндірушілерінің тиімді себу мерзімін сақтамауы, техникалармен нашар жарақтануы, білікті кадрлардың жетімсіздігі және жұмысты ұйымдастырудағы шалағайлықтар да ықпал етіп отырғаны анық.
Облыс бойынша 2016 жылға 465,0 мың тонна дәнді және дәндібұршақты дақылдар тұқымы дайындалды. Үстіміздегі жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша “Қазагрэкс” АҚ-ның аудандық филиалдарына 398 мың тонна дәнді және дәндібұршақты дақылдар толық сараптамаға түсті, бұл – барлық тұқымның 86 пайызы, оның 48 пайызы тексерілді. Тексерілген тұқым көлемі негізінен стандартқа сәйкес келеді, тек Тимирязев ауданында ғана кондицияға сәйкес келмейтін 298 тонна тұқым құйылған. Қолда бар тұқым қорына жүргізілген сараптама орташа кеш пісетін сұрыптардың көлемін азайту жөнінде жұмыс жүргізу қажеттігіне көз жеткізіп отыр. Өйткені, орташа ерте пісетін тұқымдар тобы – 36, орташа пісетін – 33 және орташа кеш пісетін топ 31 пайызды құрайды, соңғысы ғылымның ұсынысынан 16 пайызға артық болып отыр. Себебі, көп жылғы тәжірибе топырақ құнарлылығына байланысты облыстағы орташа ерте пісетін тұқым топтары – 10-35, орташа пісетін – 65-75, ал орташа кеш пісетін тұқым топтары 10-15 пайызға дейін болу керектігін анықтаған. Сондықтан аудан әкімдері орташа кеш пісетін тұқымды азайту және ұсынылған көрсеткішке дейін жеткізу үшін шаруашылықтармен жүргізілетін жұмысты жалғастырулары керек.
Астықтың сапасы мен шығымдылығын арттыруда сұрып жаңарту маңызды рөл атқарады. 2015 жылы сұрып жаңартудың пайыздық көрсеткіші (бірінші репродукциялы тұқымды қоса есептегенде) 23% болып, өткен жылдың сәйкес мерзімінен 6%-ға артты.
Аталмыш жұмыстың жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында өңірдің барлық агроқұрылымдары жоғары репродукциялы тұқым сатып алу жөніндегі мәселені жүйелі негізде шешулері керек. Дәнді дақылдардың репродукциялық құрамы туралы сөз қозғағанда 2015 жылы 4-5-репродукциялы тұқым 15 пайызға себілгенін, ол өткен жылдан 10 пайызға төмен болғанын атап айтқан жөн. 2016 жылдың егістігі үшін толық сараптамаға түскен 4-5-репродукциялы тұқым 61 мың тоннаны немесе 15 пайызды құрайды, бұл көрсеткіш Мағжан Жұмабаев ауданында – 48, Есілде – 36, Ақжарда – 22, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 20 пайыз.
Ғылымның ұсынысы бойынша жалпы репродукциялы тұқымдарды себуге жол берілмеуі керек. Аудандардың әкімдері тұқымның аталмыш партиясын ауыстыру бойынша жұмыс жүргізулері қажет.
Бұл проблемаларды шешу үшін Ресей Федерациясының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен жұмыс жүргізілуде. Мысалы, Түмен облысының “Агро Альянс” ғылыми-өндірістік кешені, Омбы облысының “Боевое” кәсіпорны, Қорған облысының “Қорған тұқым” ғылыми-өндірістік кешені орташа ерте пісетін тұқым топтарын сатып алуды ұсынады. Олар ұсынып отырған бидайдың “Омбы-35”, “Памяти Азиева”, “Омбы-28,36,38” сұрыптары біздің облыстың аумағында аудандастырылған. Сонымен бірге астықтың сапасы мен шығымдылығы жөнінен вегетациялық кезеңі 72 күннен басталатын және жоғары әлеуетке ие тұқым әлі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тізіліміне енгізілмеген. Бұл сұрып облыстың мемлекеттік сұрып сынау учаскелерінде сынақтан өткізілуі қажет.
Аграрлық сектордағы қол жеткізілген табыс облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекет тарапынан демеуқаржы түрінде жыл сайын көрсетілетін қолдауға байланысты болып отырғанын атап айту керек. Бүгінгі күні бөлінетін демеуқаржының сомасы 17,2 млрд. теңгені құрайды, бұл 2006 жылғы көрсеткіштен 11 есе көп.
2014 жылға дейін демеуқаржы түпкі және элиталық тұқымдарға ғана төленсе, 2015 жылдан бастап Қазақстан түгіл, шетелдерден сатып алынған екінші, үшінші репродукциялы тұқымдарға, будандарға да беріле бастады. 2006 жылы осы мақсатқа берілген демеуқаржының сомасы 169,0 млн. теңге болса, үстіміздегі жылы 614,0 млн. теңге болып, салыстырмалы түрде 3,6 есеге өсті.
Ресей ауыл шаруашылығы академиясы Сібір ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Павел Поползухин “Тұқым шаруашылығы – астық өндірісін тұрақтандырудың кепілі”, Қорған облысындағы “Қорған тұқым” агрохолдингі” ғылыми орталығы директорының орынбасары Артем Моргунов “Агрохолдингтегі селекциялық-тұқымдық жұмыс”, Түмен облысындағы “Агро Альянс” ғылыми-зерттеу компаниясы” ЖШҚ-ның директоры Юрий Щетин “Дәнді-бұршақты дақылдардың сұрыбы мен сұрыптық агротехникасы”, А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Жексенбай Қасқырбаев “Астық сапасын арттырудағы сұрыптардың рөлі”, “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-нің ғылыми қызметкері Ольга Гаас “Сұрып алмастыруға және жаңартуға арналған бидайдың жаңа сұрыптары”, Тайынша ауданындағы “Вишневское” ЖШС-нің директоры Павел Рафальский “Сұрып және астық өңдеу технологиясының бидай сапасына әсері” тақырыптарында өз ойларымен бөлісті.
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов кеңеске қатысушылар назарына ұсынылған озық идеяларды облыстың агроқұрылымдарына қолжетімді етуді бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа тапсырды.
Түстен кейін кеңеске қатысушылар төрт топқа бөлініп, Аграршылар үйінде “Ауыл шаруашылығы дақылдарын сұрыптық сынақтан өткізудің міндеттері мен ерекшеліктері”, “Бидай сұрыптары мен агротехника”, “Жем-шөптік дақылдардың сұрыптары”, “Майлы дақылдардың жаңа жоғары өнімді сұрыптары мен будандары” тақырыптарын панельдік сессияда талқылады.
Сессия соңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен ресейлік әріптестер арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға, агроқұрылым басшыларымен келісімдерге қол қойылды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.