“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы Петропавл қаласындағы №23 орта мектепте болған жөндеу жұмысының және “Қарасай” хоккей корты құрылысының сапасымен танысты.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Гүлнәр Таласбаеваның айтуынша, өткен жылы облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде №23 орта мектеп оқушыларының ата-аналары білім ордасының жұмсақ төбе жабындысын шатырға ауыстыруды сұраған екен. Осы мақсатқа облыс бюджетінен 45 млн. теңгедей қаржы бөлініп, құрылыс жұмысы жаз айында толық орындалыпты. Аталмыш мектептің директоры Айнагүл Сұрағанова комиссия мүшелеріне құрылыс жұмысының сапалы жүргізілгенін, бұрынғы келеңсіздіктердің артта қалғанын жеткізді.
Ал “Қарасай” хоккей корты “Жол жөндеуші” компаниясы” ЖШС-нің демеушілігімен салынған. Қ. Байболов атындағы облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Владимир Щербаковтың айтуынша, хоккей кортының арқасында жаттығу үдерісі кеңейген. Өткен жылдың желтоқсан айында ашылған нысанда тәулігіне 200-ге жуық адам жаттығады екен. Жабық хоккей корты жастың да, жасамыстың да көңілінен шыққан. Себебі, жаттығуға жауған қар да, соққан жел де кедергі емес.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.