
Мектеп оқушыларынан құрылған “Серілер” өнер ұжымы облысымыздың өзге өнерпаздары сияқты әлі байқауға қатысып, жүлделі орындардан көріне қойған жоқ. Топ болып құрылғанына небәрі 4 жыл өтті. Десе де, аз уақыт ішінде өнерпаздар көрермен сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді десек, қателеспейміз.
Соңғы уақытта өңірімізде қазақ мектептері арасынан шыққан ансамбльдердің қатары сирек. Өкініштісі де сол. Баланың бойына ұлттық өнер мен мәдениетке деген сүйіспеншілікті жасынан дарытпасаң, оның болашақта елінің нағыз патриот азаматы болып ержетуі екіталай.
Облыс орталығында жаңадан бой көтерген қазақ мектеп-гимназиясында “Өнер орталығы” ашылып, мектеп оқушылары онда би, бейнелеу, ән, сахна өнеріне бейімделуде. Бұл орталыққа өңірімізге белгілі әнші Дәмеш Құрманкина жетекшілік етеді. Орталықтың музыка бөлімінде “Серілер” тобы құрылған. Оның құрамында төрт ұл өнер көрсетеді.
– Мектепте ән айтып, өнер көрсететін оқушылардың ішінде ер балалар аз. Әсіресе, ұлдар өнер үйірмелеріне қатыса қоймайды. Сондықтан 2011 жылы бастауыш сынып балалары арасынан өнерлі ұлдарды іздестірдім. Ән айтуға қабілеті бар балалар табылды, топ аштым, – дейді Дәмеш Құрманкина.
Топ жетекшісі ұл балалардың өнерге де, спортқа да, білімге де бейім болып ержетуі үшін квартетті “Серілер” деп атаған. Өнер ұжымының тыңдармандар ортасында жатталуына атаудың да маңызы зор екендігі белгілі. Ұлдардан құралған топты “Серілер” деп атап, топ жетекшісі сол арқылы жеткіншектердің тез танылуына жол ашқан сыңайлы. Әнші ұлдар да бұл атауға әбден риза. Тіпті, өзара орталарында қазақ халқында қандай серілер болғанын, олар жайында жазылған әдеби шығармаларды іздестіріп, оқып, біз де солардай болсақ екен деп армандайтын көрінеді.
Балалар облыс және қала деңгейінде өтіп жатқан түрлі концерттік бағдарламаларға қатысып келеді. “Туған жер”, “Елге сәлем”, “Алтын ана”, “Шақырады көктем”, “Атамекен”, “Ауылым”, “Аға жігіт” әндерімен таныс ұлдарды әңгімеге тартып, болашаққа құрған мақсаттарын білген едік.
Төрт баланың арасында көзі жалт-жұлт етіп, үнсіз отырған Алтынбек Әбілев 7-сыныпта оқиды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенінде Дәмеш Сапарқызы әнге икемі барын байқап, топқа шақырған екен.
– Маған, әсіресе, туған жер, Отан жайында ән айтқан ұнайды. Сахнаға алғаш шыққанымызда Сүгірдің термесін айтқан болатынбыз. Сондағы алған әсеріміз ерекше болды. Көрерменнің алдына шығып, өнер көрсетудің үлкен жауапкершілік екендігін сезіндік, – дейді ол.
Алтынбек бұл өнерін әрі қарай дамытқысы келеді. Бірақ роботтар жасау оның жанына жақын. Сондықтан да Данияр Уәлиев жетекшілік ететін робот техникасы үйірмесіне қатысып келеді. Тіпті, бұл салада алғашқы жетістіктері де бар екен. Байқоңыр қаласында өткен ғарыштық зерттеулер бойынша “Ғылым әлемін ашамыз” атты X халықаралық ғылыми сайысқа қатысып, жүлделі орын алған солтүстікқазақстандық оқушылардың бірі ол.
Топтың екінші әншісі – Айбол Сапуанов. Ол қазақ әншілерінен Мейрамбек Бесбаевты, ал шетел музыкасынан рок жанрындағы әндерді тыңдайды екен. Айбол балалардың компьютер ойнағанына қарсы емес. Ғаламтордағы ойындар да адамның өздігінен дамуына септесетіндігін айтады. Әсіресе, ойын арқылы ағылшын тілін игеруге болатындығын, сол арқылы өзінің тілді меңгеріп жүргенін айтты.
Топтағы келесі әншінің аты-жөні – Жарасхан Жаманшалов. Ол болашақта әнші болғысы келеді. Тек әскердегі оркестрдің әншісі болсам деп армандайды. Жарасхан сонымен қатар, дзюдодан жасыл белдіктің иегері екен. Мағжан оқуларының қалалық кезеңінде бірінші орын алып, ақынға арнап “Мағжан ата” атты өлең шығарыпты. Топтың төртінші мүшесі – Дәулет Нағметов те ән айтуды 4-сыныптан бастаған.
Бірге оқитын ұлдардың барлығы бір-бірімен дос екендіктерін аңғару қиын емес. Сахнада да, сахна сыртында да бірге жүретін балалар бір-бірін іздеп тұратын көрінеді. О “Қатарластарыңа қандай кеңес айтар едіңдер?” деген сұрағыма төртеуі де бірден: “Өз ана тілін білсе екен” деп жауап берді. Және балалар бос уақыттарын пайдалы өткізе алса екен деген тілектерін білдірді. Сөздерінің жаны бар. Оларға қарап, “Жасы кіші демеңдер, ақылы асса, аға ғой” дегің-ақ келеді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.