
Петропавл қаласындағы Мәдениет және демалыс саябағының аумағында орналасқан аттракциондар паркі заманауи жүйені енгізіп, сервистік қызметті жақсартты.
Жүйені автоматтандыруға арналған “R-Keeper” атты бағдарламаны орнату нәтижесінде аттракциондарды бір орталықтан басқару мүмкіндігі толды. Түрлі функционалдық міндеті бар учаскелер өзара байланысқан. Бұл тұрғындар үшін де ыңғайлы болмақ. Демалушылар әртүрлі аттракциондарға бару үшін енді кассаға қайта-қайта жүгірмейді.
– Жүйені автоматтандыру нәтижесінде бірыңғай төлем картасын енгіздік. Карточканың тағы бір артықшылығы, салынған ақшаға бонустар береміз. Мәселен, карточкаға 3000 теңге салсаңыз, 10 пайыз мөлшерінде бонус аласыз. Ақша неғұрлым көбірек болса, соғұрлым жеңілдіктер де арта береді. Қазір көңіл-көтеру кешенінде әр жерде касса жоқ, бұл біздің де шығынымызды азайтты, – дейді “Мир аттракционов” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Козлов.
Жаңа жүйеге 10 млн. теңге қаржы жұмсалған. Бұдан басқа облыс орталығындағы Мәдениет және демалыс, Жеңіс саябақтарын көгалдандыруға 12 млн. теңге бөлінген. Петропавлдағы Мәдениет және демалыс саябағы еліміздегі үздік демалыс орындарының қатарында. Бұл саябақ 2006 және 2013 жылдары Сочи қаласында өткен халықаралық “Хрустальное колесо” байқауында және “Золотой Пони Москва – 2015” халықаралық байқауында үздік атанды. Қазір бұл саябақта 32 аттракцион бар, оның дені көп жылдардан бері қалалықтарға қызмет істеп келеді. “Жаңасын сатып алуға қаржы болғанымен, мүмкіндік жоқ. Өйткені, 2018 жылы аттракциондық қондырғыларды міндетті сертификаттау енгізілді. Елімізде аттракциондық техника шығаратын мамандандырылған кәсіпорын жоқ. Ал шетелдің стандарттары бізге жарамсыз”, – дейді Александр Козлов. Айта кетерлігі, аттракциондар саябағына бір маусымда 75 мыңға жуық адам демалуға келеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.