Ақын, әнші, сазгер Бүркіт Бекмағанбетовтың есімі қазақстандықтарға жақсы мәлім. Ол – Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы. Қазір Алматы қаласында тұрады. Жиырма жылға жуық Солтүстік Қазақстан облыстық телерадио компаниясында дикторлық қызмет атқарған ол 1988 жылы Қазақ радиосына ауысты, содан бері осы жүйеде диктор, “Қазақстан Ұлттық телеарнасының диктор-аудармашысы болып еңбек етіп келеді. Бүркіт Мәжитұлының дауысы футбол жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Ол көп жылдан бері Алматы Орталық стадионының дикторы қызметін де қоса атқарып жүр.
Сан қырлы дарын иесі Бүркіт Мәжитұлы жан тербетер әндерімен көпшіліктің көңілінен шыққан әуесқой композитор ретінде де танымал. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздығының арқасында жерлесіміз сан мәрте республикалық айтыстарда топ жарып, Қазақ радиосы тағайындаған Қайрат Рысқұлбеков атындағы жүлдені иеленді, республикалық Әнуар Байжанбаев атындағы сыйлықтың лауреаты және Мәдениет қайраткері атанды.
“Балалар әні” (”Балауса” баспасы, 2002 жыл), “Жыр шашу” (”Жазушы” баспасы, 1982 жыл) және “Махаббат назы” (”Балауса” баспасы, 2002 жыл) жинақтарына әндері басылған, ол 2006 жылы “Дала дауысы” деп аталатын өлеңдер мен мысалдар жинағын оқырманға ұсынып, ақындық қырынан да таныла білді. Десе де, жүрегінен ән әуелеткен дарынның саз өнері басым түсіп жатады. Бүркіт өткен жылы Алматының “Алтын кітап” баспа үйінен өзінің кезекті туындысы “Ән – мекенім” әндер мен термелер жинағын шығарды. Оған ақын-сазгер бауырымыздың республикалық баспасөз беттерінде жарияланған және Мәскеудің “Мелодия” фирмасы шығарған жеке күйтабағының, сондай-ақ, “Өрнек әуендері” атты (Қазақтелефильм) түсірген деректі фильмінде өзі орындаған әндер, Қазақ радиотеледидарында айтылып жүрген шығармалары мен С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры қойған “Ұрпаққа аманат” спектакліне жазған әндері, “Балалар бұрышы” саз-жырлары және термелері енген.
Жинаққа жазған алғысөзінде автор өзінің алғашқы ұстаздары әкесі Мәжит пен анасы Әзікен екенін айтып, оларға домбырасы мен қаламын қолынан түсірмегені үшін алғыс арнайды. Жерлесіміз ата-ана аманатына адалдық танытып, өнер жолынан таймай келеді.
Төменде оқырмандарымызға жерлес сазгер-ақынның бір топ жаңа өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Тоқтар ЗІКІРИН,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.